Бәріне де үлгеретін Диас

Бүгінгі таңда Ортақ орта мектебінде сексенге жуық оқушы білім алуда. Олардың әрқайсысы өзінше ерекше. Бірі спорттық додаларда ауылымыздың намысын қорғап жүрсе, енді бірі өнердің басқа түрлеріне жақын. Осы орайда, мектебіміздің озат оқушыларының бірі Диас Вставаев жайында кеңірек тоқталып өткім келеді.

 

Оның отбасы – Ортақ ауылындағы жалғыз татар әулеті. Олар 1950 жылдары тың игеру кезінде Татарстаннан Қазақстанға көшіп келген. Содан бері қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында береке-бірлікте, молшылықта ғұмыр кешуде. Наурыз күні, басқа да мерекелерде ұлттық тағамдарын әзірлеп, ауыл тұрғындарына дәм татқызады. Өнерлі, берекелі отбасы жайында ауылдастарының пікірі жақсы.
Диастың атасы Рәшит аккордеонда ойнап, қазақ, татар, орыс халық әндерін айтады. Әкесі Рүстем де өнерден құралақан емес. Әнді нақышына келтіріп орындағанда құлақтың құрышын қандырады. Біздің шәкіртіміздің де ән орындауға икемі бар. Сабақтан қолы босағанда Диас мектеп қабырғасында ашылған үйірмелерге қатысады. Сыныптастарының арасында өте белсенді, ойы ұшқыр, ізденімпаз, білімге құштар, ұқыпты. Ұстаздарын әркез құрметтеп тұрады, достарымен де жақсы қарым-қатынаста.
Мектепішілік және аудандық, облыстық  іс-шаралардан бір қалып көрген емес. Атап айтсақ, биылғы оқу жылында аймақтық пәндер олимпиадасына орыс тілі пәні бойынша 2-ші орынды иеленді. Облыстық дарынды балаларға арналған оқу-әдістемелік орталығы өткізген  «Қазақстан – бақытымның ордасы» атты өзге ұлт өкілдері арасындағы байқауда 3-ші орыннан көрінді. «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты  сайыстан мақтау қағазымен оралды.
Шәкірттеріміз осылай биіктен көрініп жатса, ол, әрине, мектебіміз үшін мерей. Жастарымыз, ең бастысы, тәрбиелі, еліміздің нағыз ұландары болып өссе екен дейміз.  
Бибігүл ТЫШХАН,
Ортақ орта мектебінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар