Қазақ халқына алғыстары шексіз

қиын-қыстау кезеңде елімізден пана тапқан өзге ұлт өкілдері Алғыс айту күні осылай деп ағынан жарылды

  Облыс әкімі, Қазақстан халқы Ассамблея-сы Ақмола филиалының төрағасы Сергей Кулагин Достық үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі аясында өткізілген салтанатты шараға қатысып, сөз сөйлеп, түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына ұйыстырып отырған келісім мен  ынтымақтың еліміз үшін аса маңыздылығы мен құндылығын жан-жақты айта келе, көктемнің алғашқы жарқын мерекесімен құттықтады.
Елімізде тұңғыш рет аталып өтіліп отырған шараға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Шара басталмас бұрын этномәдени бірлестіктердің мүшелері әзірлеген «Қазақ елiне тағзым» атты көрме мерекенің көркін аша түсті. Көрмеде сонау қиын-қыстау кезеңде елімізге қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің ортақ тағдырынан сыр шертетін көне суреттер мен салт-дәстүр,  әдет-ғұрыптарын қамтитын жәдігерлер ұсынылды. Одан әрі салтанатты шараның негізгі бөлігінде құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі тәуелсіз елде бейбіт өмір кешіп жатқан көпұлтты халықтың ауызбіршілігі мен түсіністігін нығайтуда Алғыс айту күнінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Дәл осы күні 1995 жылы қазақ-стандықтардың санасына бірлік пен тұрақтылық, татулық пен еңбексүйгіштік және отансүйгіштік сияқты ұлы мақсаттарды сіңірген институт – Қазақстан халқы
Ассамблеясы құрылған еді. Бұл мереке қазақ халқының ежелден келе жатқан кеңпейілділік пен қонақжайлылық сияқты қанына сіңген мәдени және тарихи дәстүрлерінен бастау алады. Қазіргі кезде дүниежүзі мойындап отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының ұлтаралық ауызбіршілік пен халықаралық түсіністікті нығайтудағы істерінде сенімді тірегі болып табылады.
Бұл мерекенің ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғандығында үлкен мән жатыр. Қазір тұрақтылығы сақталып, бірлігі бекем болған елімізде барлық ұлт өкілдері өз мәдениетін дамытып, тілін өркендетіп, салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндік алды. Осының арқасында достықтың шырайы келіп, ынтымақтың жарасым тапқаны елдің өсіп-өркендеуінің негізін қалайды. Бүгінде біздің облысымызда 105 ұлт мен ұлыстың өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл өңір қаншама дәстүрлер мен діндердің алтын арқау бесігіне айналған жер. Біздер өз ішіміздегі саяси тұрақтылықты сақтай отырып, экономикамызды да, әлеуметтік саланы да қарышты дамытуға ден қойдық. Бұл қарапайым адамдардың әл-ауқатын жақсартуға да септігін тигізіп, ертеңгі күнімізге деген сенімімізді де нықтай түседі, – деді Сергей Кулагин.
Сонымен қатар,  облыс әкімі Қазақстанда туып-өсіп,  тәлім-тәрбие алғаны үшін тағдыры мен ата-анасына алғысын білдірді.
«Мен өз Отанымның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын жақсы білемін және шексіз сүйемін. Өмірлік жолымда кездес-кен  жандарға алғысым шексіз…», – деп облыс әкімінің ағынан жарылуы залға жиналғандардың Отанға деген махаббаты мен сыйластығын еселей түскендей болды. Осы күні көкшетаулық көпбалалы аналар Әсем Қажыкеноваға алтын алқа, Жанар Қалиақпароваға күміс алқа төсбелгілері табыс етілді.
Сонымен қатар, Атбасар ауданы бойынша «Зама» шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекхан
Евлоев  сөз алып, өңірдегі шешен-ингуштардың мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсібін дөңгелетіп отырғанын мысалға келтіре отырып, Елбасына алғысы шексіз екенін атап өтсе, Көкшетаудағы кәрістердің «Чинсон» этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Лим мен «Видергебурт» немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Корнеева қиын-қыстау кезеңде бір үзім нанымен бөліскен бауырмал, дархан қазақ халқына алғысын айтып, ұрпақтары Қазақстанда тамыр жайғанына бақытты екенін жеткізді. Сондай-ақ,  «Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Артеменконың сөзінен де  қазақ пен орыс халқының тағдыры бір, достығы мәңгілік  екенін аңғаруға болады. Жалпы, бұл күні Достық үйіне жиналған халықтың мерекелік көңіл-күйінен-ақ, елімізді мекендеп отырған әртүрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына деген ризашылығы мен құрметінің ұшан-теңіз екені анық байқалып тұрды.
Мерекелік шара ел ақсақалы
Айдос Әбутәліповтың ақ батасымен қорытындыланды.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар