Жақсылық жасасаң, балаға жаса!..

Алғыс айту күніне орай, «Асыл Мирас» қоры мен «Rixos Borovoe»  қонақ үйі бірлесіп, Щучинск қаласындағы «Сәби үйі»  және Көкшетау қаласындағы тірек-қимыл жүйесі бұзылған мүгедек балаларға арналған әлеуметтік-медициналық мекемеге тегін құрал-жабдықтар мен көлік алып берді.

  Бұл жабдықтар  өткен жылы «Асыл Мирас» қоры мен «Rixos Borovoe»  қонақ үйінің бірлесіп өткізген «Rixos Borovoe-2015» қайырымдылық велошеруі барысында жиналған қаржыға сатып алынған болатын. Қайырымдылық шарасы алдымен Щучинск қаласындағы «Сәби үйінен» бастау алды.  Мұнда салтанатты жиын аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Болат Өтемұратовтың басшылығымен құрылған «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының  директоры Марат Айтмағамбетов сөз алып, қайырымдылық шарасының мән-маңызына кеңінен тоқталып өтті.
Ал, Rixos Borovoe қонақ үйінің бас менеджері Февзи Опсар балаларды «менікі, «сенікі» деп бөлуге болмайды, сол себепті олардың дамуына өз үлесімізді қосу маңызды іс екенін жеткізді. Бұдан соң бас дәрігер Нұргүл Қаражанова мекеменің ішін аралатып,  ұзақ жылдар бойы қолжетпей келген жабдықтар бүгінде балаларды сауықтыруда үлкен рөл атқарып келе жатқанын білдірді.
Балалар енді ойын алаңдарында бос уақытын өткізіп, лайықты деңгейде ем қабылдауға мүмкіндік алып отыр. Бала дәрігері Светлана Мухорямованы сөзге тартқанымызда, ол мекемеде  массаж және физио емдеу жүргізілетінін хабардар етті. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі балалар да өзге денсаулық сақтау нысандарына бармай-ақ, оңалту ем шараларын ала алады екен. Айта кетерлігі, түрлі диагноздармен қабылданған балалар өткен жылдары өз аяғына тұрып, жүре алатын болған. Оларды ата-аналары алып кетіп, тәрбиелеп жатқан көрінеді.
Одан әрі қайырымдылық шарасы облыс орталығындағы тірек-қимыл жүйесі бұзылған мүгедек балаларға арналған әлеуметтік-медициналық мекемеде жалғасын тауып, мұнда облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, сөз сөйледі.
– Бұл қайырымдылық шарасы биыл тұңғыш рет аталып өтіп жатқан Алғыс айту күніне орайластырылғаны өте орынды. Мұндай игі істер осы мерекенің мақсат-мүддесі, мән-маңызына да толық  сай келеді. Бұл күні ересек адамдар мен кішкентай балаларға жасалған жақсылық олардың тарапынан тағы да бір алғыс сезімімен, риясыз ризашылықпен қайтып жатса, ол қоғамымыздың, сіздер мен біздердің айналамызға осы тұрғыдағы кезекті бір жан жылуымыз бен көңіл шуағымыз. Сондықтан,  мұндай көмекке, бір ауыз жылы сөзге мұқтаж жандарға әрдайым қол ұшын соза білуіміз қажет. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларды жан-жақты қамқорлыққа алу бірінші кезекте тұруы тиіс. Ендігі жерде осы заманауи  жабдықтар арқылы көптеген балалардың денсаулығы жақсара түсері анық, – дей келе, ол өзгенің өміріне бейжай қарай алмайтын жанашыр жандарға ризашылығын білдірді.
Бұдан соң мекеме басшысы Алтын Мұстафинова  интернат тәрбиеленушілері еш қиындықсыз Астанаға тексерілуге бара алатынын, сондай-ақ, ойын алаңы мен арнайы жабдықтар арқылы сауықтыру бағдарламаларының түрлері кеңейе түскенін сөз етті. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі таңда мекемеде 107 бала тәрбиеленеді екен. Шара соңында жиналғандар жаңадан сатылып алынған медициналық жабдықтармен танысып, балалардың шағын концертін тамашалады. «Асыл Мирас» қоры қалған қаржыны Қызылорда қаласындағы облыстық жұқпалы аурухана мен №2 облыстық балаларды оңалту орталығына бағыттауды ұйғарып отыр. Аталған мекемелерге қажетті жабдықтар сатылып алынатын болады.
Суретте: сыйға тартылған шағын автобус.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар