Заңдылықты қадағалау мен сақтау – басты мәселе

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың практикалық кезеңі облысымыздың  құқық қорғау органдарына да үлкен міндет жүктейді.

 

Адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуде заңдардың орындалуын бақылап, қадағалайтын прокуратураға жүктелер міндет ауыр да жауапты. Прокуратура қызметкерлері өздеріне жүктелген осындай аса жауапты міндетті орындауда биік меже үдесінен шығуға әрдайым күш салады.
Қадағалаушы орган қызметінің басты бағыттарының бірі – мемлекет мүддесін қорғап, қаржының орынсыз жұмсалуына, талан-таражға салынуына жол бермеу. Өткен жылы прокуратураның тікелей араласуымен мемлекет бюджетіне 1,2 миллиард теңге өндіріп алынды. Бүгінде белең алып кеткен жемқорлықтың ең көп орын алатын жері – мемлекеттік сатып алу конкурстары екендігі белгілі. Болары болып, бояуы сіңіп қойған соң жазықтыларды жазаға тарту оншалықты тиімді бола бермейді. Ең дұрысы, заңсыздықтың алдын алу шарасын жасау. Осы орайда, прокуратураның тікелей ат салысуымен өткен жылы мемлекеттік сатып алу бойынша жеті конкурстың күші жойылып, жалпы көлемі 7,4 миллиард теңге бюджет қаржысын заңсыз пайдалануға жол берілмеді. Заңды бұзған 81 лауазым иесі түрлі жауапкершіліктерге тартылды.
Елбасымыз үлкенді-кішілі басқосулардың бәрінде еліміздің ең басты байлығы – бірлігіміз бен сүттей ұйыған тыныштығымыз екендігін үнемі айтып жүреді. Ұлтаралық, дінаралық қақтығыстардың алдын алу, әлеуметтік шиеленістерге жол бермеу – қадағалаушы орган қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Соңғы жылдары әлемді шарпыған дағдарысты желеу етіп жұмысшыларына жалақы бермейтін ұйымдар мен кәсіпорындар қатары көбейді. Өткен жылы прокуратура тарапынан қолданылған пәрменді шаралардың нәтижесінде 6954 қызметкердің 399 миллион теңге жалақысы қайтарылды.
Бүгінде әлемнің әр түкпірінде орын алып жатқан қарулы қақтығыстар, лаңкестік әрекеттердің негізі дінаралық дүрдараздықтан туындап жатқаны белгілі. Өкінішке орай, өзге діни ағымдардың ұстанымдарына төзімсіздікпен қарауға шақыратын елімізде жұмысына тиым салынған діни ағымдардың өкілдері әр өңірде кездесіп қалады. Өткен жылы прокуратураның араласуымен дінаралық дүрдараздыққа шақырып жүрген екі азамат: Закиров пен Шәймерденов дегендердің ісі сотқа жеткізіліп, олар заң алдында жауап берді. Жат діндердің қармағына түсіп, зардап шегіп жататындар, әсіресе жастар арасында көп кездеседі. Әдетте сондай қатерлі дінге шақырушылар интернеттегі әлеуметтік желілерді пайдаланып жатады. Осыған орай, прокуратура тарапынан әлеуметтік желілер де бақылауға алынып, еліміздің заңдарына қайшы әрекетке шақырған ақпарат таратушылардың парақшаларын жабу шаралары қолданылады. Өткен жылы қадағалаушы органның араласуымен «Вконтакте» желісіндегі он заң бұзған ақпарат таратушы топтың жұмысы тоқтатылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар мәселе болып отыр. Өкініштісі сол, тамырын тереңге жайған бұл қоғамдық кеселді жою әзірге мүмкін болмай тұр. Дегенмен, елімізде уақыт өткен сайын жемқорлықпен күрес пәрменді бола түсуде. Мәселен, өткен жылы прокуратураның араласуымен жемқорлыққа қатысты заң бұзған 46 адам жауапкершілікке тартылды. Олардың 29-ы басшы буын өкілдері. Солардың ішінде облыстық құрылыс, дене шынықтыру және спорт басқармаларының, Көкшетау және Степногорск қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, бес ауыл әкімі, екі медициналық-әлеуметтік мекеменің директоры, төрт аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары бар.
Астана маңайындағы аумақ та прокуратура тарапынан ерекше бақылауда ұсталады. Өйткені, осы өңірде жерге қатысты заң бұзушылықтар мен дау-дамайлар жиі орын алып жатады. Целиноград ауданының Қоянды ауылында тұрғындармен жерді заңсыз басып алуға байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Прокуратура қызметкерлерінің атсалысуымен облыстың әр өңірлерінен құны 596 миллион теңге болатын  140 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен бірге, жалпы құны 509 миллион теңгені құрайтын 25 мың гектар ауыл шаруашылығына арналған жер телімдері де мемлекет иелігіне алынды.
2015 жылдың қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық процесуалдық кодекс қолданысқа енгізілгендігі белгілі. Бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтар теріс қылықтар санатына ауыс-тырылып, соған орай жауапкершілік белгіленді. Заңдағы бұл  өзгерістер құқық бұзушылықтар санының өсуіне себеп болған еді. Осыған байланысты прокуратура жұмыс тиімділігін арттыру бағытында мақсатты жұмыстарды қолға алды. Құқық органдарымен бірлесе жүргізген алдын алу шараларының нәтижесі бірқатар қылмыстар санының күрт азаюына жағдай жасады. Мәселен, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 186-дан 101-ге, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид 40-тан 28-ге дейін кеміген.
Түзеу мекемелеріндегі заңдылықтардың сақталуы, сотталғандар арасындағы қылмыс пен заңсыздықтардың алдын алу бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылып, оң нәтижеге қол жеткізілді. Қылмыстық атқару жүйесі органымен бірлесе жүргізген жұмыстардың нәтижесінде сотталғандар арасындағы заң бұзушылық 33 пайызға, соның ішінде қасақана заң бұзушылықтар 49,2 пайызға азайып, суицид саны 3-тен 1-ге кеміді.  Үлгілі тәртібі үшін мерзімінен бұрын босату және өтемақыға негізделген қолдаухаттар арқылы сотталушылар санын 531-ге немесе  5 пайызға дейін азайтуға қол жеткізілді. Өтелмеген жазаны 13 миллион теңгеден астам сомада айыппұл төлеумен ауыстыру туралы 26 қолдаухат қанағаттандырылды.
Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мемлекеттік маңызы бар мәселе болып саналады және солай болып қала бермек. Осыған орай, заңдардың орындалуын қадағалайтын прокуратура азаматтардың құқықтарының бұзылмауы, қолданыстағы заңдардың сақталуы бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да белсенді жалғастыра беретін болады.

Мұратбек ИСАДИЛОВ,
Ақмола облысының прокуроры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар