Көрсеткіштер жақсартылуы керек

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы өткен жылдың жұмыс  қорытындыларын шығарып, алдағы уақытта атқарылар міндет бағдарын айқындаған алқа мәжілісін өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік қызмет комитетінің төрағасы Әмір Ахметов, Ұлттық денсаулық сақтау палатасының төрағасы Қадыр Омаров қатысты.

 

Денсаулық сақтау саласының өткен жылғы жұмыс қорытындылары туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышева баяндады. 2015 жылы «Саламатты Қазақстан» бесжылдық бағдарламасы аяқталды. Осы бағдарлама шеңберінде облысымызда көптеген игі істер жүзеге асырылды. Игі істердің қатарында күрделі жөндеуден өткізілген ауруханалар мен шетелдік қазіргі заманғы құрылғылар, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты денсаулық сақтау саласына үлкен ықпалын тигізетін өзгерістер бар. Өткен жылы 10 денсаулық сақтау нысаны салынады деп жоспарланса, 6-уының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Ал, биылғы жылы 8 денсаулық сақтау нысаны салынбақшы. Оның 2-еуі емхана және Жарқайың ауданынан  70 орындық аурухана пайдалануға берілмекші. 2015 жылы 11 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл жұмыстарға бюджеттен 558,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Салаға бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де артып, өткен жылы  29,4 миллиард теңгені құраған.
Қандай істі де ең алдымен маман шешетіні белгілі. Осы орайда, білікті мамандармен қамтамасыз ету жайы әрдайым ерекше назарда ұсталады. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында шалғай ауылдарға жас мамандарды тарту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен жылы облыстың медициналық мекемелеріне 338 жас маман келсе, олардың 102-сі жоғары білімді дәрігерлер,  236-сы орта деңгейлі медицина қызметкерлері. 48 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген, 82 маманға көтерме сыйақы төленген, 34 маман тұрғын үй үшін несие алған. Осы мақсатқа бюджеттен 99,8 миллион теңге қаржы бөлінген.
Мамандардың біліктілігін арттыруға да жеткілікті көңіл бөлінеді. Бүгінгі таңда дәрігерлердің 50,6 пайызы, орта буынды мамандардың 45,7 пайызы жоғары санатты мамандар. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақылары да жылдан жылға өсіп келеді. Сондай-ақ, қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері де толық шешімін тауып отыр.
Ауруды емдеу мен анықтаудың жаңа технологиясын пайдалану жергілікті тұрғындарды жоғары деңгейлі медицина қызметімен қамтуға мүмкіндік беруде. Өткен жылы шалғай ауылдарда тұратын 600-ден астам науқас жоғары деңгейлі медицина қызметін пайдалануға мүмкіндік алды. Аурудың алдын алу, дер кезінде анықтау шараларына жете назар аударылады.
Алқа мәжілісінде қол жеткен жетістіктермен бірге, орын алып отырған өзекті мәселелер мен жол берілген олқылықтар да ашық айтылды. Кісі өлімінің саны 2,5 пайызға артып, республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болған. Әсіресе, ана мен бала денсаулығына қатысты күрделі мәселелер бар.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік қызмет комитетінің төрағасы Әмір Ахметов келесі жылдан бастап енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсетілетін қызмет жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов денсаулық сақтау саласындағы бірқатар көрсеткіштер бойынша республикада төменгі орындарда тұрғандығымызды, осыған орай бұл олқылықтарды жою шараларын жедел жасау қажеттігіне назар аударды. Мәселен, ана өлімі бойынша республикада тоғызыншы сатыда, ал жалпы адам өлімі бойынша оныншы сатыда тұр екенбіз. Туберкулез сияқты әлеуметтік дерттің таралуы жағынан да облыс республикада төменгі орындардың қатарында. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары ерекше назар аударатын жайларды нақтылап, сала қызметкерлерінің алдағы міндеттерін белгіледі.
Алқа мәжілісінің соңында денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп келе жатқан бір топ мамандар марапатталды.

Қалкөз Жүсіп

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар