«Өнердің қара шаңырағына айналдық»

Театр директоры Марал Жақыпова:

– «Ертең оқу бітірген соң жұптарың жазылмай, Көкшетау қаласында ашылатын қазақ музыкалық-драма театрына барасыңдар. Сол театрды көркейтетін сендерсіңдер. Сол елге қызмет етесіңдер. Алдарыңда қиын да, қызық кезеңдер тұр. Өнер жолының бүкіл қиындығына төзіп, театрға адал болсаңдар, өнер сүйер қауымның алғысын аласыңдар!»
Кезінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының жанынан ашылған көркемсурет институтының (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы) бірінші курс студенттеріне көрнекті режиссер, жерлесіміз  Жақып Омаров осылай дейді екен. Ал,  театр төрт жылдың ішінде ашыла ма, жоқ па, ол әлі беймәлім еді.  Бұл – шамамен 1990 жылдардың кезі болатын. Ал, 1995 жылы асыл азамат сол институтты бітірген екі топтың студенттерін түгел Көкшетау қаласында жаңадан ашылатын қазақ музыкалық-драма театрына алып келді. Араға бір жыл салып, 1996 жылдың 6 наурызында өзі сахналаған Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» тарихи драмасымен Көкшетау театрын ашты.   
Мен өзім Жақып Омаров ағаны көрген жоқпын, бірақ, ол кісі туралы білетін адамдардан, шәкірттерінен талай мәрте естідім. Міне, біздің театрдың іргетасын аяулы Жақып аға мен тағы бір белгілі өнер қайраткері Мұратбек Оспанов ағамыз осылай қалаған еді.
– Марал Қажыкенқызы, жоғарыдағы ағалар осы театрдың ашылуына мұрындық болғандығы белгілі. Ал, сол кезде Көкшетауды көркейтеміз деп келген жастардың қаншасы тұрақтап қалды? Жалпы, ағалар үміті ақталды ма?
– Сол кезде алып келген екі топтан орын теуіп қалғаны – сегіз актер. Ең бастысы, Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысова апамыздың елге оралуы. Ол кісі Бурабайдың қызы ғой. 17 жасында Алматыға оқуға кетіп, содан Талдықорған театрында еңбек жолын бастап, Қызылорда театрына ауысып, онда  40 жыл қызмет еткен. Біздің театр ашылған кезде Жақып ағамыз: «– Еліңе жүр. Алматыдан өрімдей жас балалар бара жатыр, соларға бас-көз бол», – деп ертіп әкелген екен. Ол кісінің келгені өте жақсы болды. 1990 жылдардың ортасы өте қиын жылдар болғаны аян. Қалада жарық жоқ, жылу жоқ, жалақы жоқ, үй жоқ. Оның үстіне келген балалардың көбі оңтүстіктен. Арқаның аязы бар, бораны бар. Осының бәріне шыдау оңай болған жоқ. Жібек апамыз осы қиын кезде балаларға ана ретінде көп қамқорлық жасады. Сол үшін де оны театрымыздың анасы дейміз. Қиындыққа шыдамаған актерлердің кетіп қалғандары болды, әрине. Бірақ, оларды кінәламаймын. Оған құқығым да жоқ. Ал, қалған актерлерге үлкен құрметпен қараймын. Олар: Жарас Қалдаров, Қайрат Мырзаболатов пен Жанар Құсайынова, Төлеубек Көңбай, Құмарбек Қалқатай, Бағлан Иманғазинов, Ербай Дүнгененов пен Айна Жүнісова, Гүлмира Жакилина, Елтай Мұстанов, Сафуан Шаймерденов, Зафура Арзымбетовалар. Олар өнер үшін бәріне шыдаған. Бәрі де бүгінгі күні мәдениет қайраткерлері.
– Ол кезде театр актерлерінің жалақысы да мардымсыз болған шығар.
– Жалақылары аз болғаны рас. Биыл ғана актерлердің жалақысы 60-70 мың теңгеге жетті. Ал, оған дейін жоғары санаттағылары 35-40 мың теңге алса, төменгі санаттағылары 25 мың теңге жалақымен жан бақты.  Жылдар бойы осының бәріне төзіп, көніп, Көкшетаудың театры үшін өмір сүрген адамдарға қалай бас имейсің?! Тіпті, актер болып әбден қалыптасқан жылдары оларды көрші облыстар, үлкен қалалардағы үлкен театр-лар үй береміз, жағдайыңды жасаймыз деп шақырғанда да Көкшетауын қиып кетпегеніне ризамыз.
– Театр актерлерінің өмірін сырттан да бақылап, сахнадан да қалт жібермей жүреміз. Ал, олардың театр ішіндегі өмірі, тыныс-тіршілігі, жұмыс тәртібі қалай?
–  Жоғарыдағы айтқан 35 мың теңгеге бүгінгі нарық заманында жұмыс істеу – жанкештілік деп ойлаймын. Ел қатарлы таңғы тоғызда келіп, онға дейін дене қыздырады. Түрлі жаттығулар жасайды. Одан түске дейін әркім өз рөлін оқиды. Зерттейді. Кейіпкердің мінезіне, болмыс-бітіміне сай талдайды. Мысалы, бір Ақан серіні сомдау үшін олар Ілияс Жансүгіровті де, Ғабит Мүсіреповті де, Сәкен сері Жүнісовті де, Ақан сері туралы жазған басқа да авторларды түгел оқып, салыстырып шығады. Түстен кейін мизансценалық нұсқау бойынша жұмыс жасайды. Бұл – актердің сахнада қалай тұруы, қалай сөйлеуі, қалай келіп, қалай кетуін ойлас-тыру. Сахнаға бір шығудың өзін қаншама мәрте қайталайды. Жаттығады. Содан кейін сахнадағы жұбымен жеке-жеке жұмыс жасайды. Жарықпен, музыкамен де жұмыс істей білу керек. Образға кіре алмай жатса, гримдеп, сахналық киімін киіндіріп, айна алдында жұмыс істетеді. Содан кейін кіші қойылым болады. Содан кейін ең соңғы рет бастан аяқ қайта қойылады. Актерлер көрермен алдына жеткенше осылай көп тер төгеді.
– Биыл Қазақстандағы кешегі ең жас театрлардың біріне де 20 жыл толғалы отыр. Осы айтулы күнді қалай атап өтпексіздер?
– Театр тойы ол ең алдымен, көрермен қуанышы. Өз қабырғамызда ғана тойлап қоймайық деп, біз солтүстік аймақтағы бүкіл театрларды қонаққа шақырдық. Көкшетауда бес театр бес күн қатарынан спектакльдерін қояды. Атап айтқанда, Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды драма театры, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театры, Астана қаласынан «Жастар театры», Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық- драма театры келеді. Наурыз айының 2-сінен басталған бұл театрлар форумын «Тәуелсіздік – тұғырым» деп атадық. Себебі, осы аталған театрлардың бәрі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің төл перзенттері. Ал, біздің театр жиырма жылдық мерейтойына жаңа қойылымның тұсауын кеспекші. Ол – Мұратбек Оспанов сахналаған белгілі драматург-жазушы Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» драмасы. Естеріңізде болса, былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығында республикамыздың бүкіл драматургтерінен үздік шығып, Жамбыл облысындағы дүбірлі тойда осы «Қилы жол» драмасы көрермен қуанышына айналған еді.
– Жоғарыдағы театрлардың Көкшетауға келуінде қандай да бір қиындықтар болды ма?
– Жоқ, әріптестеріміз бұл ретте ерлік танытты. Жол қаражатын өздері көтеретін болды. Біз тек күтіп аламыз. Тағы бір айта кетерім, қойылымдарын қойғаны үшін біз оларға ештеңе төлемейміз. Ал, билеттен түскен қаражатты өзіміздің театр актерлеріне сыйақы ретінде беретін болып шештік.  
– Енді жиырма жылда қол жеткен жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз.
– Жетістіктеріміз ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Бүгінгі күнге дейін 111 пьесаны сахналадық. Солтүстік аймақтағы әріптестерімізбен салыстырсақ 30-40 спектакльге ілгері тұрмыз. Бұл – бір жетістік. Екіншісі – театрымыздың тоғыз рет республикалық фестивальге қатысқаны. Ұдайы жоғары деңгейден көрініп, жүлделі оралып отырдық. Төрт рет халықаралық фестивальдерге бардық. Солардың ішінде «Ең үздік классикалық қойылым», «Ең үздік актерлік ансамбль», «Тарихи тұлғаны ұлағаттағаны үшін», «Ең үздік ер адам рөлі» сияқты оншақты аталымдарға ие болдық.
– Мерекелі жылы көрермендеріңізді тағы қандай жағымды жаңалықпен қуанта аласыздар?
– Жиырма жыл ішінде біздің сахнада қойылған қойылымдар туралы баспасөз беттерінде жазылған мақалалар баршылық. Фото-бейне мұрағаттарымыз бар. Соның бәрін құрастырып, кітап қылып шығармақшымыз. Бейнебаяндарды  пайдаланып, деректі фильм дайындап жатырмыз. Бұл да ауыз толтырып, мақтануға тұрарлық жай. Театрымыздың алда да тынысы кең, болашағы жарқын болады деп үміттенеміз.
1996 жылы Уфа қаласында өткен театр фестивалінде сахнада сөйлеп тұрған Жақып Омарұлының жүрегі кенеттен тоқтап қалып, бақилық болған еді. Өз жүрегі тоқтаса да, ашқан театрының жүрегі соғып тұр.
Сұхбаттасқан
Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар