Сыйластықтан айырмасын

Демалыс күндерінің бірінде отбасымызбен ауылға қыдырып барған едік. Көзі көрмейтін әжеміздің, осындағы туған-туысқандардың хал-жағдайларын білейік деп келген бетіміз ғой.

Олар да бізді көргендеріне, әсіресе, Бәтима әжей кішкентай шөбересінің сықылықтап күлгенін естігеніне қатты қуанды. Шәй-пәй ішіп, ұзақ әңгімелестік, өткен-кеткенді еске алдық. Жеңгеміз ас үйде ыдыс-аяқ жуып, үйдің шаруасымен айналысып жүрген болатын. Сонда әлгі апайымыз терең күрсініп алып, төбеден жай түскендей келінін бізге жамандай бастады. Нақты не болғанын айтпаса да, оның «қазір келінге қараған заман ғой» деуінің астарында ыза мен реніш жатқанын түсіну қиын емес еді. – Шіркін, көзім көретін болса, сендерді өзім-ақ дұрыстап қонақ қылып, бар жылы-жұмсақты алдарыңа қояр ем, қарақтарым, – деді апай тағы бір сөзінде.
Келінге қараған заман. Осы сөз жол бойы санама түрлі ойларды жетелеп әкеле берді. Әдетте, аналар келін түсіргенде «қолым ұзарды» деп қуанушы еді. Алайда, ауылдағы апайымыздың сөзіне сенсек, қазір жағдай басқашалау болып тұрғанға ұқсайды. Енесі мен келіні егіз қозыдай жақсы араласып, сырласып өмір сүретін отбасылар жоқ емес, бар. Бірақ, соңғы жылдары ерлі-зайыптылардың  ажырасуының белең алып бара жатқанына жаңағы біз айтып отырған ене мен келін арасындағы түсінбеушілік те себеп екені жасырын емес.
Өзім де бір үйдің келінімін. Отбасылы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Алайда, отбасымыздың мүшелері арасында орнаған сыйластық, кішіпейілділік бәрін де жеңіп шығады екен. Бар айтпағым, қазақтың ибалы, өнегелі, қонақ келсе шәйнегін ала жүгіретін, біреудің ала жібін аттап көрмеген келіндерінің атына «келінге қараған заман» деген намысқа тиетін сөздер ермесе екен деймін. Атам заманнан қанымызға сіңген тәрбие ата-анамызды, бауырларымызды қалай құрметтесек, қайын жұртпен де сондай жылы қарым-қатынаста болуға үндейді. Сол сияқты, қайын енелердің де жаңа түскен келіннің жаманын жасырып,  жақсысын асырып отыратыны  тегіннен-тегін ел аузында қалмаған шығар. Келінін, не енесін біреуге жамандағаннан түк шықпайды, керісінше, жұрттың алдында өзіміздің беделіміз төмендей түседі. Сіз де бір осы мәселені зердеңізден өткізіп көріңізші.  
Жанерке БЕКБАЕВА.
Талапкер ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар