Қазақтың Мағирасы

Кейінгі кезде Мағира апам туралы жазғым келіп жүр. Білетін де сияқтымын, білмейтін де сияқтымын. Білетінім, осы өмірде жүзбе-жүз төрт-бес рет қана кездесіппін. Бәлкім, одан сәл көбірек шығар. Оның өзінде кездейсоқ, апамыз Көкшетаудан әрі-бері өткенінде, кейде көңілі осындағы редакцияға қарай тартып, жолай асығыс бізге де  кіріп-шыққан кездерінде. Онда да «о, Мағира апай келген екен ғой» дегенімізбен, жайлап сөйлескен емеспіз. Ол кісі де қолды-аяққа тұрмайды, біз де жұмысбасты. Амандық-саулық, сосын үйреншікті «қош, қош болыңыз».

 

Бірақ, сол күні, одан кейін де біразға дейін ойымызда осы апамыз жүреді. Жұдырықтай жүрек Мағира Қожахметованың үлкен жазушы, қазақтың қалам ұстаған аса талантты қызы екенін сезеді. Сезеді емес-ау,  біледі.
Сөйткен апамыз, Алматыда бір қауым ақын-жазушы деген ел баяғыда-ақ бұл жағынан қабілетін жоғары бағалап, шоқ жұлдыздай санаулы әдебиетші қыздарымыздың қатарына қосып қойған Көкшетаудың текті қызы ешкімнің алдында төменшіктемейді, ешкімнің алдында міндетсіремейді де зерлі Зерендісі, одан әрі қайырлы Қостомарына кездескен көлікпен бір-ақ тартады. Қолды-аяққа тұрмай, асығып жүретіні де сол. Әкімдік жаққа қарайлап, солай көз тастағанша, елге барғаны, құмарлана оның таза ауасын жұтқаны, жұтаң тартып, кешегі базары тарқап тұрса да, ауыл өміріне өзін бір бойлатып алғаны мың артық. Туған жерге асық Мағира-жүрек осылай. Әйтеуір, біз көре қалғанда, бар көңілімен ауылына қарай алып-ұшып тұрғаны.
Ол жолы да осы сапар, апамызды туған шаңырағына алып тартқан қара жолдың үсті еді. Аудандық газет редакциясына соққан бір іссапарымызда Алматыдан демалысқа келген жазушыны ауылына бірге ала шықтық. Ми қайнатқан жаздың іші. Ол кезде Мағира апай «Денсаулық» журналында бас редактордың орынбасары. Ана бір жылдардың бедеріндегі «Лениншіл жастағы» («Жас Алаш») қарымдылығындай, бұл жаңа басылымда да халық емі, адам өмірінің тылсым сыры, құпия ғаламаттары туралы мақалаларымен аты бәз-баяғынша шырқап тұрған кезі. Мағира сияқты мықтылардың ізденісі, тың соқпағы ә дегеннен қазақтың денінің саулығын ойлаған осы бір журналды талай шаңырақтың сүйіп оқитын басылымы деңгейіне бір-ақ көтерген.
Мінекей, сол сөз шебері жанымызда өзімізбен бірге келеді. Бірақ, көп сөйлесуге бір түрлі бата алмайсың. Өміріңде алғаш рет сапарлас болған, мінезі ауырлау көрінген жанға ол үшін жүрек керектей. Мағираның екінің біріне иіле қоймайтын бірбеткейлігі туралы ол кезде ештеңе білмейміз. Кейін ғой, өзімен бір ауылда өскен, қамқорлығын көрген Рымбала апайы бауырмалдылығын, адамгершілігін аузынан тастамай отыратын қаламгер апамыздың бұл жайында журналистерге берген сұхбаттарында өзі айта жүретіні. Соны сол бір сәт көңіл қалай аңғарған десейші. Өзі сөйлесе ғана құлағымызды тосып, кей сауалына «иә, жоқтан» әрі аса алмай отырған сыпайы қалпымызбен бір қарасақ, діттеген жерімізге де жетіп қалған екенбіз. Күре жолдың бойындағы кіндік қаны тамған Қошқарбай, мына ағараңдаған Қостомардың сонау кезде бір қызын ақ кептер арманымен Алматы асырып, енді осылай сағынтып, аңсатып қотанына қайта қондырып жатқаны елеусіз қала қоятындай оқиға емес-ау. «Алматыдан Мағира келіпті!». Осы бір ауыз сөз апамызды білетін, оның талантын сыйлайтын талайлар үшін әлі күнге көп жаңалықтан қуаттылау естіледі.
Ал, ана жүрегі!.. Үлкендерін өмірдің тарам-тарам жолдарымен қияға демеп, сүт кенжесі Талғатының қолында отырған, білгіңіз келсе, бір өзі қазақ руханиятының бағына үш бірдей журналисті жарық дүниеге әкелген Бәтима анамыздың осы Мағирасына деген жан толғанысын біз сол жолы көргенбіз. Анаға қай баласы да бірдей ғой. Дегенмен, көрген бойда көзінен тамшы жасы ыршып түскен шіркін, ана үшін көзі тірісінде сөз жоқ, қалған балапандары бір төбе де, осы апамыздың бір төбе екені де қазақта әлмисақтан басым іштартушылықтан ғой. Жол бойы Мағира апамыздың өзі де адамның ішкі жан қалтарысы, жұмбақ әлемі жайында өзі бойлаумен жүрген біраз тосын жайдың шетін шығарып, аузымызды аштырып тастаған. Кейін сол пайымдаулары «Адам-құпия» атты кітабына арқау болғанында,  тегеурінді таланты және бір таныла түскен-ді.
Жалпы, талант дегеннің өзі жеріңе, ортаңа қарай ма, жоқ па, кесіп бірнәрсе айту қиын. Бәрі бір Алланың қолында. Әлемдік ауқымды алсақ, небір дарындар шөл мен шөлейтте де дүниеге келіп жатыр. Ал, енді жердің көркі, оның сұлулығы сол ақын-жазушыларға не суретшілерге қиял қанатын бітіретіні, шабыт беретіні рас. Зерендіде аудандық газетте істеген жылдары осылай қарай демалысқа келіп-кетіп жүрген Ақселеу Сейдімбек, Еркеш Ибраһим, Рымғали Нұрғалиев сияқты марқасқалардың да шет-жағасын көріп, сәлем бердік, қастарына аялдадық. Солар Зерендіні батыр Мәлік, ақылгөй Баяндардың елімен бірге, Мағираның да елі деп білгеніне куәміз. Тап соны өз ауыздарынан естідік. Жарықтық, шашын ұстарамен тақырлап алып тастаған Ақселеу аға үй-ішімен «Зеренді» демалыс үйінде дем алып жатқанында, жеңгей екеуі самауырдың шайын ұнатып, сол самауырды редакторымыз Баймұрат ағамен іле алып барғанымызда, өзі «Лениншіл жаста» қатар қызмет істеген осы Мағираның алғырлығы мен өнер тақырыбына жүйріктігіне көңілі толып, сүйсіне айтып отырғаны есімде.       
Көкшеден көп болмағанымен, кестелі сөзден ой өрген  ақын қыздар қай кезде де шыққан, сол тұма бұлақтың көзі тартылмаса, әлі де шығар. Ал, Мағира Қожахметова осы өңірден журналистікті жазушылықпен шебер үйлестіріп әкеткен жалғыз әйел заты. Тіпті, бізде бұрын-соңды бұл апамыздай прозаға қоңсы қонған қызымыз болмапты. Қазір де жоқ, көрінбейді.
Бүгінде сол қаламгерлігі, жазу-сызуындағы өз ерекшелігі, өз бағыты, нарқы мен парқын қазақтың бүкіл әдеби ортасы мойындап үлгерген бұл апамыз да манадан бері біз аңғартып жатқан осы Зеренді топырағынан! Көңілде құдірет боп асқақтаған сұлу  Көкшенің көгілдір  сілемі, кең даласынан! Осы жақтан ел атын шығарып жүрген  жалғыз нәзік  жанды жазушымыз. Өз қатарластары арасында ә дегеннен суырылып көзге түскен апамыздың журналистік ерекше қарымын дөп басып, темірді қыздырып соққандай, шеберлігін шыңдаған сол кездегі әйгілі «Лениншіл жас», оның әр жылдардағы бас редакторлары Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов болса, сол жастар басылымына бар жан-тәні, маңдай терімен адал, беріле, тіпті одан да асырып қызмет сіңіргеннің бірі  осы Мағира апамыз еді.
«Ой, ол уақыттағы «Лениншіл жас» адалдықтың, дарындылықтың, таланттың символы еді ғой» деп сол ғажайып ортаны арада қанша су аққанда сағына, көтермелей еске алуы тегін дейсіз бе. Өзі парызым деп бәрін атап шығатын ұзақ-сонар қызметтестерінің көш басында – Оралхан Бөкей. Барлай түссең, шетінен осы күнгі қазақ баспасөзі мен әдебиетіндегі етене таныс есімдер, елге тұлға боларлық  бір-бір зәу  азаматтар. Солармен ой жарыстырып, сөз төгілткен апамыздың көркем очерктері, сырлы сұхбаттары көп  күттірмей біздерге де жетіп жататын. Жеткенде, ол уақытта жастар газетіне бәрі құштар. Мектеп қабырғасынан бастап біз де оқимыз. Солай бола тұра, жазу мәнері жас жанымызды талай қызықтырған осы апамызды Көкшетаудан деп ойлаппыз ба?! Кейін ғой, уақыттың, есейткен естіліктің өзі білгізгені. Әрі ешбір жасандылықсыз турасын айтар едік, мақтан тұтқызғаны да.
«Қазір ойласам, біз журналистикада құл сияқты еңбектенгеніміз соншалық, өзімізді аямаппыз». Бұл да Мағира апамның жуырда аман-есен аяқ басып жатқан жетпіс жасына орай, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатының біз астын сызып қойған тағы да бір жанды қайырмасынан. Осы күні газет жұмысы үшін ондай жанын жеген журналист бар ма? Әсіресе, кейде компьютерде тергенін оқып берудің өзіне ерінетін жастар жағынан. Демек, қаламгер кешегі өзі пір тұтқан рухани, адами құндылықтардың мына түлкібұлаң заманның жетегінде кетіп, сол алтын еңбектің еш болғанына күйінсе, оның да әбден жөні  бар.
Иә, Мағира сұхбаттарында осы жағы, яғни, ішкі жан дүниесінің шыншыл иірімдерінің де бой көрсетіп жатуының себеп-салдарын ішің бек сезеді. Халқымыз кезінде қоғамымыздың ар-ұяты деп білген жазушы қауымының аузынан шығар сөздің де бүгін арзандағаны, оны екпіндетіп ықтырып бара жатқан пысықайлық, жәдігөйлік туа біткен табиғи жаратылысы басқа Мағиралардың қолы да, жолы да емес екендігін қаламгер болмысы жақсы аңғартады. Мұндаймен ісі жоқ, оны айтасыз, іштей қарсылығы басым апамыздың көп жағдайда көзден таса қала беруі де, осы бір өзгелер алып-ұшқанымен, өзі баса қоймайтын құдай берген мінезінен болар.
Міне, баспадан жаңа  кітабының шықпағанына да аттай он жыл өтіпті. Ақшаң болса, тоқтау жоқ сол баспалар ананы-мынаны шығаруға бақұл да, Мағира Қожахметова сияқты жанкештілердің талғамды,  таза дүниелерінің оқырманға жетуіне енжар. Осы орайда, аузымызға жанкешті сөзінің түсіп жатуы да жайдан-жай емес. Журналистік қызметі кіл жазудан, шаршамай-шалдықпай ой кезу, ел кезуден, сол жазумен тыныстап, жазумен өмір сүруден өрбіген һәм өрістеген апамыздың осы ауыр кәсіпке ерен құштарлығы, оған басы бүтін беріліп, өз дара қолтаңбасын қалыптастыруы соны меңзейтіні анық.
1969 жылы ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірісімен жастар газеті – «Лениншіл жасқа» жұмысқа шақырылып, 11 жыл осы киелі шаңырақтың көшін көркейтіскені, кейін республикалық «Қазақстан әйелдері», «Денсаулық» журналдарында да жүрдек қаламы іркілмей, екеуінде бірдей бас редактордың орынбасары, ал, «Ақ желкен» журналында бас редактор қызметтерінен көрінуі де осы айтып жатқанымызға төрелікке қалай жүрмесін. Бұл екі ортада журналистігіне қоса, жазушылығы да пісіп-жетілген апамыздың «Күннің алтын сынығы» әңгімелер жинағы, «Әлем-әуен»,  «Жылы шырай», жоғарыда аталған «Адам-құпия» кітаптары, қос томды «Жантәсілім» романы да туған жеріне жыл құсындай жаңалық болып жетіп жатты. Бұл шығармалары, кейінгі «Жападан жалғыз» кітабы Мағира Қожахметованы енді еліне адам жан дүниесін, өзі ынтызар ауыл тақырыбын сергек сезімталдықпен діттей білетін қарымды талант иесі ретінде танытты.
«Күннің алтын сынығын» имандай шыным, сонау жас кезімде ауыл кітапханасына жаңа келіп түскен бойында бір оқып шығып едім.  Ол тұста көбінде кітапқа деген құмарлықтың өзі солай еді. Жалғыз мен емес, басқалары да шама келгенше, көркем әдебиетті қалт жібермейтін. Содан нәр алатын, ой толыстыратын. Осы мақалаға отырар алдында сол кітапты облыстық кітапханадан тағы бір жаздырып алып, жарты түнімді қиып және бір оқып шығайын. Кезек орта тұсындағы кітапқа аты қойылған әңгімеге келгенінде, есіме кенеттен сап ете түскені. Бұл «Күннің алтын сынығын»  қателеспесем, сол кездегі жас жазушылардың ұжымдық жинағынан да оқып едім ғой. Бала Ботабаланың риясыз қылықтары көңілімде түгелдей болмаса да, бір сыдырғы еміс-еміс жаңғырып жатыр.
Жазушының жол басы – осы шағын жинағы ескіріп, ұқыпты қолмен қайта түптелуіне қарағанда, кітапхана сөресінде құр жатпағанға ұқсайды. Оқушылары аз болмаған, әлі де бола бермек. Мазмұнынан өзімнің Көкшемді, оның кеңпейіл, аузын ашса көмейі көрінетін ақжарқын адамдарын танығандаймын. Табиғат көріністері де, кейіпкерлері де көбінесе солай. Әдеби псевдониміне дейін «Марал Зерендина» болып келетін Мағира Қожахметованың азаматтық ұстанымының өзі туған жер, туған ортасымен ажырамастай бірге. Әйтпесе, «Мынау әлем астында Зерендідей – ертегідегідей ғажап жер сірә де бар ма екен! Жылдың төрт маусымына тән бояулардың түрін, түсін Лағыл Зерендіден ғана анық ажыратады. Ауылынан ұзап шықпай тұрғанда оған жер атаулының бәрі өзінің өлкесіндей елестейтін. Зерендінің бояуын кейін өзі аралаған ешқандай өңірден, тіпті, ешбір суретшінің шығармасынан кездестірмей қатты таң қалған» деген, бұрын Зерендіде болғанды бұл сұлу өлкеге тағы бір табынтатын, ал, болмағанды солай қарай елітіп әкететін іңкәр сезім қаламынан тап бұлай төгілер ме еді.
Иә, жазушы болашақ кітаптарының сұлбасын көкірегіне ертеден-ақ туған жерінің адамдары мен табиғатының мінез-құлқынан құйып алғандай. Әрине, адам болған соң, жақсысы мен жаманы да бар. Өз шығармаларында апамыздың сол өмір шындығынан ауытқып көрген жері жоқ. Қай әңгімесін, қай тәмсілдік, болмыстық  дәйектерін  («Адам-құпия») діттесеңіз де, романына үңілсеңіз де қым-қуыт тірліктің нақ өзін, тап бүгін сіз бен біз кешіп жатқан алмағайып   күндердің тынысын сезінесіз.
«Жантәсіліміндегі» Бұғылы ауылы да біз білсек, бірде алып-ұштырып,  бірде өзегін өртеп, өмір бойы бір бүйірінде жүретін мына жақтағы біздердің ауылымыз. Сол ауылда өрбіп, Қалқан, Тоқсейіт шал, Көпжасар, Гүлсән, Сана, Итемген, Сапарлар арқылы адам баласының көпке тән қуанышы мен қайғы-мұңы, өксігі мен үміті, адамгершілігі мен ішкәпірлігі, бәрі алма-кезек ұштаса түсетін ірілі-ұсақты оқиғаларда қазақ үшін заманның жылуынан гөрі салқыны мен тақсіреті жиірек бой көрсетеді. Аудан орталығына елуінші жылдары соқаның астында қалған ата-баба қорымын жоқтап келіп, аупарткомның бірінші хатшысын сол зиратты қоршау үшін шөкімдей жерді егіс айналымынан алып тастауға көндіре алмай-ақ қойған Тоқсейіт қарт пен бұғылылық тұрғындар басындағы аянышты хал біле-білсек, бүкіл қазақтың трагедиясы. Соны жазушы елеп-екшеп, көркем тіл, шынайы қалыбымен оқырман зердесінен өткізсе, ол әрине, қаламгерлік кемелдігі мен
шеберлігі.
Жалпы, Мағира апамыз табиғатынан ер мінезді, айналамызда болып жататын көп жайды екінің бірі емес, өзінше қабылдауға бейім оқшау ой мен түйсіктің иесі. Жоғарыда  «білетін де сияқтымыз, білмейтін де  сияқтымыз» деп ақжарыла айтып қалғанымыз да бар. Білетінімізді әрине,  шама-шарқымызша дәлелдей түскен секілдіміз. Ал, білмейтініміз – апамыз сонау Алматыда, біз елде. Бір қалада, бір жерде тұрып, күнде, күнде болмаса да ара-тұра көріп жүрген адамымыз емес, мұндайда жақынырақ білу де қиын. Әйтеуір, сырттай иемденетініміз, апамыз бар қанымен, жанымен Арқаның, Көкшетаудың қызы! Бұл үшін әрине, қуансақ та, бүгінде әйел қаламгерлеріміздің алды болып отырған осы бір жанды Тәңірім біздің топырақтан жаратқанына мақтансақ та, еш көптігі жоқ.
Сірә, осы қадірін білетін орталық басылымдар 70 жылдығында Мағира Қожахметовадай қазақтың арда қызынан ештеңені аянар емес.  Қай газетті ашып қалсаң да, шежіре суреттермен бір бет мақала не бір бет сұхбат. Онда да тура сөйлейтін қаламгер кейбіреулерге мейлі жақсын-жақпасын, айтарынан іркілмейді. Онысымен жаңалық ашамын, өзімді көрсетемін, аларымды аламын демесі тағы айқын. Бірақ, мына қатыгез қоғамның жайыла түскен көп дерті, ашкөз сықпыты соның бәрін сыртқа шығартпай тағы қоймайды. Қашанда қарапайым халықтың жағдайын жарты сөзден ұғатын қаламгер сонау бір жылдары өз ауылының аянышты халі жөнінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде бір бет сын мақала жариялап, көп нәрсені орнына қойып бергенінде, дәлелінің дәлдігі, айтарының анығына сүйсініп едік. Сонда бұл шаруа жайынан да «Лениншіл жастың» өзі өткен мектебі бірден
байқалған.
Ал, өмір бойы сол «елім, Көкшетауым» деп келе жатқан осы Мағираға өзі сүйген сұлу Көкшесі «туған жерім менің басымнан сипап, елеп-ескерген емес. Туып-өскен ауылдарымның жағдайын көріп, өзім көмектескім келеді, ал, жиі ауысып жататын билік басындағылармен байланысым жоқ. Менің Көкшетауым, қанша кітап шығарып жүрсем де, жеке шығармашылығыма арнап бірде-бір кеш өткізіп көрмепті» дегенді неге айтқызады екен?!. Мына сөз өз туған жерінен көңілі қалған жанның сөзі ғой. Сонда да аңғарасыз ба, басшыларға базынасы болғанымен, елді, жерді жаманатқа қимайды. «Менің Көкшетауым» деп елжірей, өзімсіне, іштарта, асқақтата сөйлейді. Ал, сөйткен Көкшетауының… Әдебиет пен өнердің табалдырығын жаңа аттап жатқан отыздағылар да жан-жақтан мейман жинап, кең сарайда кешін өткізіп жатқанда, шеттегі еңбегі сіңіп, елі таныған азын-аулақ бағалыларын керек қылмайтын, елемейтін жатбауырлығына қайран қаласың.
Атырауы жыр падишасы Фаризасын қалай алақанына салып аялады. Жайықта ел еркесі Аққұштап Бақтыгерееваның мерейі үстем. Ханбибі Есенқараева да өз күнгейінің сыйлысы. Өйткені, оларды көре білетін елі, жері, азаматтары бар. Ал, сол талантты қыздарымыздың шоғырындағы Мағираның, өмір бойы Фариза апайымен сыйлас болған, ізіне еріп қатар жүрген, Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хәкімжановамен қызындай араласып, әлі күнге әдеби мұрасына бас-көз болып келе жатқан Мағираның да жоғарыдағы замандастарындай, туған жерінің бір жылуын сезініп, мерейленетін кезі ендігі келді ғой.
Әй, қайдам… Осыдан біраз жыл бұрын түс әлетінде редакцияда жұмыс істеп отырған бөлмеме қалың мұрты бар, етжеңді, мосқал бір кісі кіріп келді. Амандық-саулықтан соң өзін «Мүбәрәк Салықов деген композитор ағаң боламын. Мына Еңбекшілдер ауданына, елге барып, қайта Алматыға кетіп бара жатқан бетім. Біраз әндерімді белгілі әншілер орындап жүр. Бұрынғыдай емес, жасым да келіп қалды. Алматыда білгенімен, бұл жақта жөнді ешкім білмейді. Туған жерім ғой, бір ән кешімді өткізсем деген ойым бар еді. Кімге жолығамын, қайда барамын?» деген соң, облыстық әкімдікке ертіп апарып, өз ұлықсатымен жұмысыма қайттым.
Біраздан соң келіп тұр. Сұрасам, «кештің реті келмейтін болды, әйтеуір, теледидарға бір азырақ жазып алды» дейді. Іздегенім алдымнан шығып, сол бетпен сұхбат алғым келіп еді, тақа көңіл-күйі болмай тұрғасын ба, асығыс екенін айтып, Алматыға келе қалсаң әдейі соқ, сонда әңгімелесерміз деп  телефонын қалдырды. Көп ұзамай оның да сәті түсе кеткені. Елге қайтар күні вокзал басына бірер сағат ертерек келіп, өзі айтқан көк базардың жанындағы пәтеріне телефон соқтым. Тұтқаны ұлы алды. Өкінішке орай, өзі Семей жаққа бір шаруамен жол жүріп кеткен болып шықты. Кейін 1987 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Жастық шақ әуендері» атты әндер жинағын қолыма алып, қарап отырсам, шынында, сөзін ақын Аманжол Шәмкенов жазған «Сырлы Семей» деген әні бар екен. Жаңағы кітапқа бұдан басқа да қазақтың белгілі ақындарының сөздеріне жазылған  бір топ әндері еніпті. Мына күн сайын жүйкеге тиіп тұрған заманда сол ағамыз аман-есен жүріп жатыр ма, жоқ па, одан бері хабарсызбын.
Міне, біздің жақтың шеттегі жақсы-жайсаңдарымызға көрсетер «ілтипаты» көбіне осындай. Әлі де қолына қаламын нық ұстап, жазған, жазатын дүниелерін тиянақтаумен келе жатқан, оның бер жағында 15 жыл бойы «Балбұлақ» балалар журналын, 12 жыл қатарынан «Дертке дауа» газетін шығаратын Мағира апамыздың күні бүгінге дейін өзі қалап алған журналистік кәсібіне осыншама адалдығына тек қана бас игендейсің.
Бұған қоса, әдетте  кез-келген қаламгердің қолынан келе бермейтін драматургия жанрында да бірталай табыстарға жеткен жазушының «Көшім хан – Сүзбе» тарихи драмасы ә дегеннен республикалық байқауда екінші орын алып еді. Одан кейінгі осындай байқауларда да Бауыржан Момышұлы туралы драмасы екінші, ал, Мәншүк туралы драмасы үшінші жүлделі орындардан көрінуі тегін бе?!  Жоқ, әрине. Бұл – апамыздың осы салада да мықты қалам иесі екенінің  даусыз ақиқаты.
Соған қарамастан, «талай-талай драма жаздым. Оны да ешкім қоймайды» деген назының бір ұшы өзінің туған Көкшетауына, мұндағы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрына да тиіп тұрған жоқ па?!. Өткен жылы батыр Мәлікті сахналаған театрымызға «Баукең қанаттас ағасы еді», «авторы болса, жерлесіміз ғой» деп, тым болмаса, жазушының  Бауыржан Момышұлы туралы жазған пьесасын неге қолға алмасқа?! Екі драма театр репертуарында бірін-бірі толықтырып, қандай жарасып тұрар еді. Мұның өзі  апамыз 70 жасқа толып отырған биылғы жылы облыстық мәдениет басқармасына да ойланарлық мәселе болса керек.
Иә, он үш жасында оқумен туған үйінен ұзаған алғыр қыз содан бері үздіксіз өмір, өнер жолында. Халықаралық  «Алаш» әдеби  сыйлығының иегері атағын былтыр «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы толықтырды. Осы күні жалғыз Көкшетауының  қызы емес, талай ұлылардың алдын көріп, ақеділ сөздерін ақ қағазға қотарған, сөйтіп, жанкешті еңбегі, шырқау талантымен  бүкіл қазақтың Мағирасына айналған ардақты апамыз үшін көңілде әрдайым тек құрмет, мақтаныш сезімі тұратыны қандай ғанибет!

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар