Күмістің жігері

Облысымызда ауыл әкімі қызметіне сайланып, елдің сенімін арқалаған әйел басшылардың қатарында Сочинский селосының әкімі  Күміс Семізбаева да бар.

  1954 жылы Краснодар өлкесінен келген тың және тыңайған жерді игерушілер Краснодарск селосының іргетасын қалайды. Кейін Сочиден келгендердің саны көп болып, село Сочинск аталған. Күміс 1962 жылы осы селодағы малшы Сәду Семізбаевтың көп- балалы отбасында дүниеге келген. Сол кезде бір шаңырақтың астында екі ананың жиырма шақты ұл-қызы тәрбиеленіпті. Кейіпкеріміз Сочинск орта мектебінің табалдырығын аттап, сапалы білім, саналы тәрбие алып шығады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ мұғалім болуды армандайтын. Оның үстіне әкесі қызының қазақы тәлім-тәрбие алғанын қалады. Сөйтіп, мектеп түлегі Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсті. Жоғары оқу орнынан химия және биология пәнінің оқытушысы мен Азаматтық қорғаныстың запастағы медбикесі мамандықтарын алып шықты.
Жас маман жолдамамен кір жуып, кіндік кескен туған селосына оралады. Осындағы орта мектепте химия, биология және қазақ тілі пәнінен дәріс бере жүріп, «Көкше» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде сырттай оқиды.
Күміс Семізбаева селода мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан жан. Білікті мұғалімнің еңбегі еленіп, 1987 жылы мектеп директорының орынбасарлығына тағайындалған. Бүгінгі күні  шәкірттері әр салада түрлі қызметтер атқарып жүр. Көбі отыз жыл еңбек еткен ұстаздарына еліктеп, мұғалім мамандығын таңдаған.
Күміс Сәдуқызы 2013 жылдан бері Сочинск селосының әкімі болып жемісті еңбек етуде. Бүгінгі таңда селодағы 252 отбасында бірнеше ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Мұнда тұрғындарға бір дәрігерлік амбулатория, орта мектеп, мектепке дейінгі балалардың шағын орталығы, екі жүз орындық мәдениет үйі және бірқатар мәдениет ошақтары қызмет көрсетеді. Сочинск селосының тұрғыны Сапура Құсайынова бізбен  әңгімесінде село әкімі жөнінде жылы лебіздерін жайып салды.
– Біз үшін ең қажеттісі ауыз су, жол, аурухана, мектеп және пошта бөлімшесі болып табылады. Өткен жылы су тазалағыш нысан салынып, ауыз суды алыстан тасымалдамайтын болдық. Судың сапасы да көңілімізден шығады. Селоның наубайханасында пісірілген нан үйді-үйге таратылады. Қыс айларында аудан орталығына баратын жол бойында бөгесін болған жоқ. Сондай-ақ, басы ауырып, балтыры сыздаған адамдарды орталық аудандық ауруханаға жеткізу үшін жергілікті дәрігерлік амбулаторияға жедел жәрдем автокөлігі бөлінген. Зейнетақымызды пошта арқылы үзбей алып тұрамыз. Осы орайда, жергілікті әкімге айтар алғысым шексіз,– дейді зейнеткер.
Осы селода Байғазы Қасымов деген азамат тұрады. Кеңес заманында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлесін қосқан кісі. Ардагер өз сөзінде кейбір мәселелер туындай қалған жағдайда көмек сұрап, село әкіміне баратынын айтады.
–  Әкім алдына барған тұрғындарды жылы қабылдап, бұйымтайын мұқият тыңдап, қолұшын созуға тырысады. Өзі тәрбиелі жан. Үй-үйді аралап, егде адамдардың хал-жағдайын да сұрастырып тұрады. Қыс пен көктем айларында ауылымыз қардан аршылғанда, күл-қоқыстан тазартылғанда, шамалары келмейтіндерге арнайы техника бөлінеді,– дейді ақсақал. Жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Виктор Дубовской мен алғашқы тың және тыңайған жерді игеруші Рифкат Ғабдулкахов та осы пікірде.
Әкімнің айтуынша, село әкімдігі мен Абылай Қамбатыров басқаратын «Сочинский» серіктестігі елді мекендердің дамуына әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойып келеді. Село аумағында бір серіктестік пен төрт шаруа қожалығы жұмыс істеп, 32 мың гектарға жуық алқапқа дәнді және майлы дақылдар өсіреді. Өткен жылы кәсіпорында өндірілген 240 тонна өсімдік майы сатылыпты. Серіктестікте 586 бас ірі қара, 155 жылқы және мың жарымнан аса қой бағылуда. Жыл сайын машина-трактор паркі жаңартылады. «Ақ жол» шаруа қожалығының басшысы Қанат Әміров те етті мал басын дамытуға ден қойған. «Еркежан» селолық тұтынушылар кооперативінің төрағасы Ж.Таласбаев жергілікті тұрғындар малын асылдандыруды қолға алды.
Шаруашылықтар әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға және тұрмыстық қиыншылыққа тап болған адамдарға көмек береді. Өткен жылы олар Оразақ пен Калачи селосының тұрғындарына демеушілік көмек көрсетіпті. Серіктестік мектеп, мәдениет үйі, аурухана, «Есіл» лагерінің қажеттілігі мен абаттандыру жұмыстарына қомақты қаржы бөлген. Жаңа астық сақтау қоймасын салды. Малшылардың үйін күрделі жөндеуден өткізді.
– Село мен аудан орталығы арасындағы жолаушылар тасымалымен жеке кәсіпкерлер Қайрат Әбілқасымов, Дәурен Жәнібеков пен Нұрлан Әміров айналысады. Аптасына үш рет пошта тасымалданады. Әлеуметтік саланың барлық ғимаратын серіктестіктің бу қазандығы жылытуда. Ауыз су селоға су тазартқыш арқылы беріледі. Сенбіліктер мен бейсенбіліктер жиі өткізіліп, елу шақты шырша отырғызылды. Селоның бас көшелеріне, өндірістік учаскелері мен әлеуметтік сала нысандарының маңына жарық орнатылған. Біз елді мекенімізді абаттандыруда жақсы нәтижелерге шаруашылық пен тұрғындардың арқасында қол жеткіздік, – дейді ауыл әкімі.
Иә, әйел болса да, қайраткерлік танытып, туған елінің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге белсене ат салысып жүрген Күміс Семізбаеваның жұмысына біз сәттілік тіледік.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар