Ардагерлер – ардағымыз Өмір жолы – өнеге

Өскелең ұрпақ үшін алдыңғы буын ағалардың өмір жолы, еңбектегі өнегесі – тіршіліктегі бағыт нұсқар, сапарын аңдатар темірқазық нысана іспетті. Кешегі Көкшетау облысының бірнеше аудандарында басшылық қызмет атқарған Мақсат Кәрімов те өз бойындағы іскерлік, адамгершілік, шындық үшін шырылдайтын қасиеттерімен үлгі десек, артық айтқандық  емес. Мәкең туралы осындай ойдың түйінді тұсын заманында үзеңгі қағыстырып бірге жүрген, қатарлас қызмет атқарған азаматтар да жиі айтады.

 

– Мақсат Кәрімұлын 1975 жылдан білемін. Өйткені, осы жылы бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Ленинград ауданы Чис-тяков кеңшарына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жолдамасымен бас экономистің көмекшісі қызметін атқаруға келді. Ол кезде мен сол совхоздың директоры едім. Мәкең бірінші күннен бастап тапсырған жұмысты адал, үлкен жауапкершілікпен атқара білді. Оның халыққа етене жақын, ұйымдастыру қабілетін ескере отырып, 1980 жылы шаруашылықтың жұмысшы кәсіподақ комитетін басқаруға сайланды. Осы жылдары елдің экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге, жұмыс орындарында тәртіпті күшейтуге көп үлес қосты, елдің мәдениеті көтерілді, бригадалардың арасында социалистік жарыс қызықты ұйымдастырылды. Осының арқасында талай еңбек адамдары аудан, облыс көлемінде жеңімпаз атанып, аттары шықты.
Жолдасы Шәмшия Кәкімқызы көп жыл ұстаздық қызмет атқарды, жас ұрпаққа білім берді, өнерге баулыды. Сол тәрбиелеген шәкірттері қазіргі күні әр жерде егеменді еліміздің дамуына, экономикасын көтеруге, жастардың білімді, өнерлі болуына өз үлестерін қосып келеді. Мәкеңнің ұрпақ тәрбиелеудегі ұстанымы: бірінші – өнеге, тәрбие, екіншісі – білім, мәдениет. Ұлы ғалым, философ Әл-Фарабидің «Өнеге, тәрбие көрмей алған білім халыққа қуаныштың орнына реніш әкеледі» деген асыл сөзін өмірлік азық еткендей көрінеді. Балаларын жастайынан өнеге, тәрбиеге баулыды, білім берді, әкелік борышын абыроймен атқарды, ұлды ұяға, қызды қияға орнықтырды,–дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер ұйымының төрағасы Алтай Нұрғасымов.
Бүгінде Мәкеңнің өткен өмір соқпағы санасында сайрап тұр. Әркезде замана құбылысын, өмірдің өрісін санасымен салмақтап безбендейтіні бар. Кейіпкеріміздің бағамдауынша қарапайым еңбек қашанда  бағалануға тиісті. Еңбек адамын құрметтеу, олардың адал еңбегіне лайықты баға бере білу өте маңызды. Жас ұрпақ сонда ғана еңбекке жұмылатын болады.  
–Өтпелі кезеңде ауыл тұрғындарына жылдап жалақы төленбеді,–дейді Мақсат Кәрімұлы,–сол кезде еңбектің қадірі қашты. Қазір бұрынғы механизаторлар, даңғайыр диқандар қатары аза-йып қалды. Дала төсінде ақтылы мал бағып, ақық дән өсіретін өнегесі өзгеше еңбек мектебінің үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Өйткені, еліміздің игілігін арттыруға септесетін де анығын айтқанда солар ғой.
Ат жалын тартып мінгелі адал еңбектің туын көтерген осындай ардагерлердің арамызда жүргені қандай жақсы?!.

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар