Атқаратын істер мен шешетін мәселелер көп

Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 8 Наурыз мерекесі қарсаңында  Іскер әйелдердің облыстық конференциясы өткізілген болатын. Бүгін осы конференцияның қысқаша есебін жариялап отырмыз.

  Жыл өткен сайын еліміздің қоғамдық саяси өмірінде әйелдердің белсенділігі артып келеді. Тіпті, нәзікжандылар мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді қабылдауға қатысады. Біздің өңірімізде де азаматтық ұстанымы айқын азаматшалар баршылық. Жиында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Той дастархан» серіктестігінің басшысы Елена Мащинская, «Сбербанк» акционерлік қоғамы филиалының директоры Әсел Махмұтова, «Көкшетау автобус паркі» серіктестігінің директоры  Әсия Шәрімова, Бурабай ауданындағы «Мерей»  серіктестігінің басшысы Гаухар Хамзина жетістікке жетудегі тәжірибелері жөнінде ой бөлісті. Іскер әйелдердің  өмірінде қиындықтар мен кедергілер көп болса да,  соның бәрін  жеңіп, кәсіптерін өрге бастырып отырған іскерліктері көңіл сүйсінтеді.  
Іскер әйелдердің облыстық конференциясы Ақмола облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысымен жалғасты. Мұнда кәмелеттік жасқа толмай жүкті болу, азаматтардың нашақорлыққа салынуы, жетім балаларды тәрбиелеу және оқыту сияқты өзекті мәселелер қаралды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышева баяндама жасады. Оның айтуынша,  өткен жылы жасөспірім қыздар арасындағы ерте жүктілік бойынша  84 оқиға тіркеліпті.  Ал, ағымдағы жылдың басынан 22  оқиға белгілі болып отыр. Бұл алаңдатарлық жай. Осы ретте, сала басшысы ата-аналар мен балалардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырып, жастар тәрбиесі жұмыстарын ширату қажеттігіне назар аударды. Себебі,  қыздарға тиісті тәрбие берілсе, мұндай оқиғалар орын алмайтыны белгілі. Адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне  үлкен қатер төндіретін есірткіні қолданған 810 азамат есепте тұр. Оның 56-сы әйел екен.
Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова  жетім балаларды тәрбиелеу және оқытудың түйткілді мәселелері жөнінде әңгімеледі. Бүгінде өңірімізде 2155  ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың болашақта жоғары оқу орындарында оқып, білімін жалғастыруы үшін арнайы 627 шот ашылған. Айта кетерлігі, өткен жылы «Мейірім», «Өзіңнен баста» акциялары аясында  аз қамтылған, жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмектер көрсетіліпті. Сонымен бірге, жеке кәсіпкерлер  жетімдерге жұмысқа орналасуға қол ұштарын береді.  Отырыс соңында комиссия хатшысы Жәнібек Қалиев ағымдағы жылдың жоспарларымен таныстырып, әйелдер қауымын ұйымдастырылатын түрлі шараларда белсенді болуға шақырды.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өңіріміздің қоғамдық өмірінде белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар  табыс етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар