Салынып жатқан құрылыстар аяқталады

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен ағымдағы мәселелер бойынша өткізілген кеңесте мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, әлеуметтік нысандардың құрылысын аяқтау міндеттері пысықталып, көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қарастырылды.

  Кеңесте күн тәртібі бойынша алдымен, облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев өңірде қолға алынған әлеуметтік нысандардың құрылысы жөнінде баяндап берді. Оның айтуына қарағанда, қазіргі кезде Ақкөл қаласы мен Зеренді селосында емханалардың құрылысы жүргізілуде.  
– Салынып жатқан медициналық нысандардың екеуі де 250 келушіге арналған. Ағымдағы жылдың наурыз және сәуір айларында тапсыру жоспарланып отыр, – дей-
ді Владимир Балахонцев. Сонымен қатар,  баяндамашы Державинск қаласында салынып жатқан емханасы бар 70 орындық аурухананың құрылысы аяқталатынын да атап өтті.  Оған қоса, Ақкөл қаласында қалпына келтіріліп жатқан балалар үйі де ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек.
– Қазіргі кезде Бурабай ауданының Веденовка және Атамекен ауылдарында, Зеренді ауданының Троицк ауылында және Есіл ауданының Интернациональный ауылында 25 келушіні қабылдайтын 4 дәрігерлік амбулаторияның және Астрахан ауданының Петровка ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы жүргізілуде.  
Маусым айында Целиноград ауданының Қабанбай ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға беру көзделген. Сондай-ақ,  Еңбекшілдер ауданының Мақпал ауылында,  Целиноград ауданының Тайтөбе ауылында және Ерейментау ауданында бір-бір мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған, – дейді Владимир Балахонцев.
Осы орайда, облыс әкімі қолға алынған барлық әлеуметтік нысандардың құрылысын қайткен күнде де аяқтап,  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін өзге де әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасын тез арада жасауды тапсырды. Сонымен қатар, мәжілісте екінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту аясында қолға алынған шаралар туралы айтып берді.
Оның сөзіне қарағанда, облыс бойынша жалпы құны 24,5 миллиард теңгені құрайтын 52 жобаның тізімі жасалған. Оның ішіндегі 35-і инвестициялық шығын өтемақысын қажет етпейтін жобалар.
– Целиноград ауданының орталығы – Ақмол ауылында 1 жобаның тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі кезде аталған жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 20,8 миллион теңге қарастырылып отыр, –  дейді Дәурен Әділбеков.
Оған қоса, Еуропалық қайта құру және даму банкімен серіктестік шеңберінде Көкшетау қаласында коммуналдық сала бо-йынша 3 жоба ұсынылып отыр. Оның ішінде қаланы сумен жабдықтау пилоттық жоба ретінде қарастырылмақ. Осындай жобалар Степногорск, Атбасар қалалары мен Ерейментау, Аршалы кенттерінде де қолға алынуы мүмкін. Осы күні көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары да сөз болды. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров баяндап берді. Оның айтуынша, көктемгі су тасқынын болдырмау үшін облыстың әр өңірінде көшпелі мәжіліс өткізіліп, негізгі міндеттер белгіленген.
– Аймақта тасқын судың зардабын болдырмау жөніндегі облыстық шұғыл штаб құрылды. 2015 жылдың сәуір және қараша айларында өңірлердегі 87 гидротехникалық нысан тексеріліп, нығайту жұмыстары жүргізілді. Облыстың елді мекендерінен 680 мың текше метр қар шығарылып, 50 мың тонна инерттік материалдар, 76,5 мың дана қап, 400 тонна жанар-жағармай дайындалды. Жалпы облыс аудандары мен қалаларындағы тасқын су алу қаупі бар кезең аралығында көмек көрсету үшін облыстың азаматтық қорғаныс құрылымдарында 2 174 адам, 504 бірлік инженерлік техника, 188 бірлік су сорғыш техникасы және 42 бірлік жүзу құралы әзірленді, – деді Қадырхан Отаров сөзінде.
Кеңесте айтылғандай, облыс аумағындағы жағдайды тұрақты түрде бақылап, саралау жүргізіп отыру үшін гидрометеология бо-йынша облыстық орталықтың 29 метеобекеті, 19 гидробекеті, 10 агрометеобекеті тұрақты жұмыс істейді. Аудандық әкімдіктердің күшімен өзен суларының жағдайы мен деңгейін бақылайтын 80 қосымша бекет ұйымдастыру да қолға алынуда. Оған қоса, жуырда «Көктем-2016» республикалық командалық штабтың оқу-жаттығуы өтіп, көктемгі су тасқыны салдарынан туындайтын төтенше жағдайлардың зардабын жою кезінде іс-қимыл және азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындығы пысықталды.
Сонымен қатар,  облыс аумағында су тасқынын болдырмау мақсатында өзге де шаралар қолға алынуда. Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі қауіпті аймақтар Қорғалжын, Астрахан,  Целиноград, Аршалы және Атбасар аудандарында су тасқынына қарсы шараларды ерте бастау қажеттігін атап өтті.  Сондай-ақ,  Сілеті, Астана және Шағалалы су қоймаларындағы судың деңгейін бақылауға алып, қауіпті учаскелер мен бөгеттерді нығайтуды тапсырды.

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар