43 жыл – сахнада

 Осы наурыз айында Целиноград ауданының «Малиновка» орыс халық әндері хорының құрылғанына 43 жыл толды.

  Социалистік Еңбек Ері, «Ақмола-Феникс» құс фабрикасының бас директоры болған марқұм Иван Иванович Шарф бұл өнер ұжымының биік тұғырға көтерілуіне көп еңбек сіңірген еді.
Елімізге аты танымал өнер ұжымы 40 жылдығын атап өткенде алыс-жақын шетелдерден көптеген құттықтаулар келіп түскенін біз жақсы білеміз. Хордың байырғы әншілерінің бәрі дерлік бүгінде атажұрттарына  көшіп кеткен. Соған қарамастан, биылғы есептік концерт өз деңгейінде өтті. Ұжымның құрамы жастармен толығып, бағдарламасы да көп өзгеріске түскен екен. Ертеден келе жатқан ұжымды облысқа белгілі хормейстер, республикамызға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Владимир Трофимович Гроза басқарады. Ал,  шебер кәсіпқой баяншылар Алексей Ткачев пен Петр Иванов та көп жылдар осы өнер ұжымының атағын асқақтатуға үлестерін қосып жүр.
Есепті концерт бағдарламасын көркемдеуге Ақмол мәдениет үйінің «Ассоль» жастар би тобының жетекшісі Валентина Шмидт көп еңбек сіңіріпті. Осындай дайындықпен келген хор орындаған орыс халқының өміріне, дәстүріне сай қарастырылған билер мен әндер көрермен көңілінен шықты. Қос дауыста қазақ, орыс, украин халықтарының әндерін асқан шеберлікпен орындаған Айнұр Жұмабаева мен Наталья Филипповаға көрерменнің ықыласы зор болды. Ерлер тобы да Алтай өлкесінен шыққан көңілді де әуезді  әуендерді жеріне жеткізе шырқады.
Өнер ұжымының  концертіне Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің өкілі Елена Лысенко қатысып, өнерпаздар тобына алғысымен бірге, сый-сыяпатын жасады. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Айгүл Сүйінжанова қазақ халқының дәстүрі бойынша облысқа танымал халықтық өнер ұжымының ақсақалы Владимир Трофимовичтің (суретте) иығына шапан жауып, аудан басшылары атынан Алғыс хатын табыс етті.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар