Болашағы зор оқу орны

Елу жылдан аса тарихы бар Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мамандық таңдаған жастарға сапалы  білім беріп келе жатқан маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі. Осы уақыт аралығындағы жұмысына терең үңілсек, еліміздің дамуында алар орны зор екенін түсінеміз. Белгілі білім, ғылым, өнер қайраткерлері, ардақты азаматтар шыққан білім ордасы өзге елдердің жоғары оқу орындарымен иық тірестіру үшін жаңа технологияларды оқу үрдісіне  енгізіп, толайым табыстарға жетуде. Осы жөнінде университеттің ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Абай  Ысқақовпен әңгімелескен болатынбыз.

 

– Алдымен университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасаңыз?
– Жаһандану заманының талабына  орай,  университеттің   де оқу жүйесі  жаңашылдыққа  құрылып, қалыптасқан дәстүрді жалғастыратын, білім беруді одан әрі дамытатын оқу орны болып табылады.
Әлемдік білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілетті сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін университеттің оқу жүйесі бакалавриат, магистратура, PhD докторантура деңгейінде құрылған. Тарқатып айтар болсақ, келешек мамандар бакалавриаттың 54, магистратураның 27, PhD докторантураның 4  мамандығы бойынша оқытылады. Университеттің қазіргі кездегі ұстанымы – Елбасы Жолдауында айтылған мәселелермен үйлесім тауып, өңіріміздің мамандарға қажеттілігін қанағаттандыруға бағыт алып отыр. Соңғы жылдары университет жаңа оқу үрдісіне көшуде. Элективті курстар жұмыс берушілер сұранысына, студенттердің таңдауына қарай оңтайластырылып, болашақта жұмыспен қамтылу мәселесі де шешімін тапқан. Оқу үрдісі Болон үдерісінің кредиттік оқыту  жүйесіне  сәйкестендіріліп,  әр пән  қажетті, тиімді электронды құралдармен  қамтылған. Университет білім берумен қатар, ғылыми-зерттеу, шығармашылық, өнер, ізденімпаздық қабілеттерін дамытуға  да назар  
аударуда.  
Бұл жастарды бәсекеге қабілетті маман етіп даярлауға, өз ісін кәсіби тұрғыда меңгеруіне септігін тигізеді. Оқу орнымыз ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған тиісті құрал-жабдықтармен толыққанды жабдықталған. Мәселен, университетте 2014-2015 оқу жылы 36  ғылыми-оқу-тәжірибелік зертхана ашылып, бүгінгі күні нақты өз нәтижесін көрсетуде. Сонымен қатар, 5 іргелі ғылыми-зерттеу зертханасы  жұмыс істейді.
Аккредиттелген инженерлік бейіндегі ЯМР-спектроскопия зертханасында университетіміздің шәкірттері, Омбы, Ташкент, Алматы, Қарағанды, Астана және Шымкент қалаларының белді ғалымдары, кәсіпорындар, шаруашылық жүргізу құқығына ие болған мекемелер, жеке кәсіпкерлер тапсырыс бойынша өз зерттеулерін жүргізуде.
Университеттің қазіргі кездегі ұстанымы – өңірімізге тән аграрлық-техникалық бағыттағы мамандар тапшылығын қанағаттандыру. Себебі, Ақмола облысы және іргелес бірқатар аймақтар аграрлық шаруашылыққа негізделген. Осыған орай, 2011 жылы университет жанында ғылыми-оқу-өндірістік «Элит» кешені құрылған болатын. Ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері орталықта аграрлық өндірісті тәжірибе жүзінде терең меңгеріп, қазіргі заманауи техникамен жұмыс істеуге дағдыланып жатыр. Кешеннің 300 гектар тәжірибе алаңында 144 дәнді және майлы дақылдар сорттарын аймаққа бейімдеу бағытындағы ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жүзеге асуда. Өткен жылы 100 гектар жерге зығыр майы, 200 гектарға дәнді-дақылдар егілді.
Сонымен қатар, осы оқу жылында оқу-зерттеу-тәжірибе жасау мақсатында асыл тұқымды жылқы, ірі қара және ұсақ мал бастары сатып алынып, студенттердің, магистранттардың, PhD докторанттардың зерттеу нысанына айналып, оларды тәжірибе мен біліктіліктерін арттыруда үлкен көмегі тиюде.  
– Бүгінде әлемдік деңгейдегі оқыту мен маман дайындауды шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыссыз іске асыру мүмкін емес. Осы ретте, қандай шетелдік оқу орындарымен байланыс жасайтындарыңыз жайлы айта кетсеңіз?
– Шетелдік байланыс және академиялық ұтқырлыққа баса назар аударылған. Себебі, өзара әріптестік негізінде  студенттердің шетелде білім алуы, оқытушылық-профессорлық құрамының тағылымдамадан өтуі сынды өзекті мәселелер өз шешімін табуда.
Қазіргі кезде университетте Қазақстан, Ресей, Америка Құрама Штаттары, Хорватия, Латвия, Дания, Польша, Түркия, Тәжікстан, Қырғызстан, Дағыстан және Испания сияқты елдердің 105 жетекші жоғары оқу орындарымен нақты байланыс орнатылған. Осындай ынтымақтастықтың нәтижесінде біздің студенттер мен оқытушылар белгілі бір академиялық кезеңге өзге жоғары оқу орнына  білімін жетілдіру, болмаса ғылыми зерттеу  мақсатында бара алады. Мәселен, Латвия ауыл шаруашылығы университеті, Балтық Халықаралық Академиясы, Лиепая, Варшава және Пенза мемлекеттік университеттеріне білім алуға жыл сайын студенттер мен оқытушылар баратынын айтып өткен жөн. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында 37 маман ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтсе, 15 студентіміз әлемнің жетекші университеттерінің  магистратурасында оқиды.
Университет ректоры, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың шақыруымен Thomson Higher Education және QS рейтингтеріне кіретін   білім ошақтарының ғалымдары келіп, екі апта студенттерге,  оқытушылық-профессорлық құрамға
магистратура мен PhD докторантураға түсу мәселесі бойынша дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар, семинарлар, кеңестер өткізу сынды үдерістер дәстүрге айналды. Сонымен қатар, TEMPUS IV, Erasmus Mundus и Erasmus+ жобалары шеңберінде ілкімді шаралар жүзеге асып келеді. Жобалардың түпкі мақсаты – еуропалық білім берудің озық үлгілерімен таныстыру, байланыс орнату, бірлескен білім беру бағдарламаларын жасау және университетіміздің студенттері мен оқытушыларын академиялық ұтқырлық бағытында шет елдерде білім алу үшін қаржылай қолдау, қомақты шәкіртақы бөлумен қатар біздерді әлемдік деңгейдегі зертханалардың құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету болып табылады. Осы аталған дүниелердің нақты жемісін біздің университет ұжымы көріп жатқанын  мақтанышпен айта аламын.
Осы орайда, 2015 жылы Еуропалық университеттер қауымдастығы кеңесінің  шешімімен біздің оқу орнымыз толық мүшесі деп ресми түрде танылғанын атап өткім келеді. Сондай беделді ұйымдардың мүшесі болу жоғары білімнің интеграциялануына мүмкіндік беруде.
–Болашақтағы   жоспарларыңыздың бірімен бөліссеңіз?
– Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми әлеуетін арттыру мәселесі қатты ойландырады. Сондықтан, бүгінгі күні оқу орнына ғылыми дәрежесі мен  атақтары бар білікті ондаған ғалымдарды дәріс оқуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге шақырылды.
Кезек күттірмейтін мәселелердің бірі – оқытушылық құрамның ғылыми әлеуетін түбегейлі шешу бағытында жергілікті жас оқытушы-мамандарды Отанымыздың ЖОО-ның мақсатты PhD докторантурасы мен жақын шетел университеттерінің іштей аспирантурасына жіберу. Аталмыш бағытта 2015-2016 оқу жылы 16 адам түсіп, оқу-ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Сондай-ақ, үш мамандық бойынша PhD докторантура ашу мәселесі қолға алынып, жыл сайын отыздан астам жас оқытушыларды дайындау, сонымен қатар, барлық құрал-жабдығы сатып алынған «Су сапасы» халықаралық зертханасын наурыз айының соңында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Аталған мәселелерге білек сыбана кіріссек, сүбелі нәтижеге қол жеткізетінімізге сеніміміз мол.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ырысгүл АШУОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар