Жақсылықтың жайсаңы

Ел азаматы Өтелбай Елбергенұлына!

Жыр арнап шын жүректен жетпісіңде,
Ұйытқам ұлағаты мол көпті ісіңе.
Тоқсанға сырық сілтем сексенді аттап,
Тарттың ба тағы ұқсамай еш кісіге.

Өткен соң бір-ақ қарғып жетпістен де,
Кеткенсің құлаш ұрып текті істерге.
Жанардан бұлбұл ұшқан бал дәуренді,
Сағынбай тұрмас сірә ешбір пенде.

Бірақ та бос ыржақпен өткен жоқ күн,
Ақтадың дәмін үміт еткен көптің.
Ішінен Есен, Еспен  оза шығып,
Атағын Жақсылықтың көкке өрлеттің.
Дес бермей дөкейлердің талайына,
Жинадың кілең жақсы маңайыңа.
Қиындық көрмесін деп тар заманда,
Қол ұшын бердің дәйім ағайынға.

Ел тозып кетпес үшін бас-басына,
Хақың жоқ бұлай қадам баспасыңа.
Өмірі өңіріңнің сайрап жатыр,
Сен жазған телебейне таспасында.

Жеріңе жетем деген бұрын жетіп,
Келесің еңбекті әлі дүрілдетіп.
Жол бермей жемқорларға Аудит ашып,
Қойыпсың фирмаларды дірілдетіп.

Жайнаған жігіт едің жетпісіңде,
Еңсеңді сексенде де еш түсірме.
Қызылсая нуындай қалың қасың,
Табиғат сыйы шығар тектісіне.
Жанарың жалт-жұлт етіп күлкі үйірген,
Алаудай қыз-қырқынды шырқ иірген.
Көрмейік нұр жүзіңнің реніштен,
Тұмантқан тұнжыр шағын мұң шүйілген.

Бақытқа шүйгіп тірлік арқасында,
Шалқи бер балалардың ортасында.
Тұра бер ықпай өмір дауылынан,
Қасқайған ұқсап Көкше жартасына.

Бурабай толқынындай бұйра басың,
Әлі де талай қызды бұйдаласын.
Өтеке, қосағыңмен қоса ағарып,
Жаса әлі бір жігіттің жиырма жасын.
Жасай бер, бойда бұла қайрат бардай,
Шалқытып шарапатың әулетті айдай,
Алты отау тігіп беріп Абылайды
Хан көтерген арғы атаң Дәулетбайдай.

Сарбас АҚТАЕВ,
Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі,
Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Алматы қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар