Қар құрсауынан құтқарылды

Полтавка ауылының бірнеше тұрғыны түтеген боранға байланысты жол құрсауында қалған біраз жолаушыларды құтқарып, қиын сәтте көмек қолын созды.

16 наурыз күні таңертең терістіктен ақырын жел соғып тұрғаны болмаса, қатты боран болатыны білінбеген еді. Ұялы телефон арқылы төтенше жағдайлар қызметінен  16-18 наурыз күндері облыста  бұрқасын, күшті жел болады деген ескертулер келген. Дегенмен, таңертеңгі ауа райының жағдайынан секем алмаған біраз адамдар тәуекелге барып, жолға шығады.
Мен 17 наурыз күні таңертеңгісін Полтавка аулының әкімімен телефон арқылы сөйлескен едім. Ол кісі өткен түні ауылдың алты жігіті Көкшетау-Атбасар бағытындағы жол бойында қар құрсауында қалып қойған біраз жолаушыға көмек  бергенін айтты. Оқиға былай болыпты. Түн ортасында көліктер жолда қалып қойғаны жайлы телефон шалынады. Содан ауыл әкімі бірнеше жігітті жинап, көмекке аттандырады. Күрегі бар К-700 тракторының алдында  жолды көрсетіп отырған жігіттер ауылдан 6 шақырымдай жерде қарға батып қалған бірнеше шет елдік автокөлік пен «ГАЗЕЛЬ» шағын автобусындағы жолаушыларды автобусқа отырғызып, трактормен сүйреп алып шығады. Қар құрсауынан құтқарылған 28 адам Полтавка орта мектебіне орналастырылып, ыстық тамақ пен жылы  орын ұйымдастырылады.
Боранды түнде жолда қалған жолаушыларға көмекке барған Полтавка ауылының тұрғындары кәсіпкер  Алексей Доценко, мұғалім Ерден Ахметов, мектептің  шаруашылық басқарушысы Сергей Пац, «Полтавка-2» ЖШС-інің малшысы Сергей Макаревич, механизатор Виталий Пашков, бригадир Михаил Чернушенкоға құтқарылған адамдардың айтар алғысы шексіз.  Көп жылдардан бері бітік егін өсіріп, мал шаруашылығын дамытумен  көзге түсіп келе жатқан Полтавка ауылы енді қиындыққа ұшыраған адамдарға көмектерін аямайтын ер жігіттерімен де танымал болды.
              
Өмірсерік ШАЙХИН.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар