«Наурыз әр отбасы үшін үлкен мейрам саналуы керек»

 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы, профессор Әнес САРАЙ:

  Жылдар жылжып, айлар сырғып міне, тағы бір Жаңа жыл табалдырықтан аттағалы тұр. Бұл арада біз қаңтардың басында келетін күнтізбенің алғашқы күнін емес әрине, Шығыс халықтарының көпшілігіне ортақ – Әз Наурызды айтып отырмыз. Сонау ықылым замандарда жыл бастауы  ретінде кеңінен тойланып, кейіннен ұмытылып дегендей, өткен ғасырдың аяғына таман халықпен қайта қауышқан Наурыз мейрамы бүгінде төл мерекемізге айналды. Осыған орай, біз Наурыз мейрамының шығу тарихы, қайда, қашан бастау алған деген сияқты мәселелерге қатысты ойларын білмек болып, белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор
Әнес Сарайды әңгімеге тартқан едік.

 

– Әнес аға, оқырман қауымға танымал басқа шығармаларыңызды айтпағанның өзінде, 1994 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Еділ-Жайық» трилогиясы Сіздің қаншалықты қарымды қаламгер екендігіңізді айғақтап тұр. Сондай-ақ, тарихымыздың ақтаңдақ тұстарына да ден қойып, тарихи тақырыптарға қалам тербегеніңізді білеміз. Олай болса, бүгінгі әңгімеміз әдебиет емес, тарих, оның ішінде Наурыз мейрамының шығу тарихы, ерекшеліктері сынды мәселелер жайында өрбісе деген тілек бар.
– Бірден айта кетейін, бүгінде баршаға белгілі болып отырғанындай, Наурыз әу бастан-ақ Шығыс халықтарының мерекесі. Әрине, қай жылы, қай күні дегендей, алғашқы тойланған жылын, айын тап басып айту мүмкін емес. Дегенмен, тарихты зерделеп қарасақ, біраз жайға қанығуға болады. Жалпы, белгілі болып отырғандай, бұл мереке сонау біздің дәуірімізге дейінгі екі мыңыншы жылдардан бастау алады деуге негіз бар. Нақтырақ айтсам, Парсы елінің бірінші патшасы Таймураздың кезінде тойлана бастаған сыңайлы. Сол бір кезеңде Парсы елі өзінің экономикасы, мәдениеті, рухани мәселелері жағынан біршама дамып, жан-жағындағы елдерге ықпал ете бастаған. Кейіннен билікке Ахменит әулеті келгенде де сол замандағы озық дамыған елдердің алдыңғы сапында болып, Ескендір Зұлқарнайын заманына дейін сыртқа өз мәдениетін тарататындай мықты мемлекет болғандығы тарихтан мәлім.
Күн мен түннің теңелуіне дәл келетін күнді таңдап, Наурыздың аяғына таман Наурыз мейрамын тойлауы да сол кезде-ақ ғылымның, мәдениеттің дамығандығын айғақтаса керек. Сайып келгенде, Наурыз сөзі сол парсы тілінен бастау алып отыр. Мәселен, «Нау» парсы тілінде – жаңа, ал «Руз» – жыл дегенді білдіреді ғой.
– Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, Парсы елі жан-жағындағы елдерге ықпал етіп, оның  мәдениетіне өзгелер ден қоя бастаса, көршілес елдер де тойлай бастаған болар…
– Әрине. Мысалы, Индияда, Грецияда, ежелгі Арменияда да Наурызға ұқсас  мерекелер болған. Жалпы, Шығыс Азияда сол кезде Наурыз мерекесі тойлана бастады деген дерек бар.
– Сонда сол кездің өзінде-ақ, Наурыз мейрамы жайдан-жай шықпаған, белгілі бір деңгейде ғылыммен дәйектелген деуге бола ма?
– Біріншіден, адам баласы қай кезде де, оның ішінде әсіресе, ерте заманда табиғатпен тығыз байланыста, көп жағдайда оған тәуелді болғандығын ескеру керек. Жыл маусымдарының ауысуы, күн мен түннің алмасуы, жыл бойы табиғатта болатын өзгерістер ой-санасы дамыған адамды ойландырмай қоймайды ғой.
 Ал, Наурыз айына келетін болсақ, табиғаттың өзі барлық жан дүниенің жандануы, мал төлдеп, өсімдіктің гүл шаша бастауы, бір сөзбен айтқанда, жаңалық атаулының басталар шағын көрсетіп тұрған жоқ па? Наурызды жыл басы деуге осының өзі-ақ жеткілікті емес пе?! Жер бетіндегі пендеге ой-сана берілген соң айналаға ойлана қараумен қатар, «неге?», «қалай?» деген сынды сұрақтарға жауап іздеу заңдылық қой. Осы тұрғыдан алып қарағанда қай жағынан алсақ та, Наурыздың жыл бастауы екендігі ақиқат. Бұл арада табиғат заңдылықтарымен қайталанып келіп тұратын жыл мезгілдерінің ерекшеліктері де ескерілген, яғни, қазіргі тілмен ғылыми тұрғыда дәйектелген десек, артық айтқандық емес.
– Яғни, қазақ сахарасына да Наурыз мейрамы парсылардан келді деуге болады ғой?..
– Жалпы, сонау көне заманда біздің ата-бабаларымыздың Шығыстағы халықтармен, оның ішінде парсылармен қарым-қатынасы өте жақсы дамығандығы тарихтан белгілі. Көптеген қазақ ауыз әдебиетіндегі «қызылбастар» аталатын халық та сол парсылардың бір бөлігі. Тағы да тарихқа зер салсақ, парсылардың Фаридун дейтін ұлы патшасының Тұр, Сәлім және Ирадис атты үш ұлы болған деген дерек бар. Кейбір деректерге сүйенсек, Тұр дегеніміз Түрік. Оның тұрған жері Шаш қаласы екен. Ал, Шаш дегеніміз бүгінгі Тәшкен шаһарының орнында болған. Тағы да қатпар-қатпар тарих қойнауына зер салсақ, ол патшалық Әмудария өзенінен бастап жылан жейтін елге дейін тарап, яғни, Цин елін де билеген. Бұл қазіргі Қытайдың да бір кезде Парсыларға, кейіннен Түркілерге бағынышты болғандығын айқындайды.
 Енді бір ерекше назар аударатын мәселе, Ирандардың түсінігінде біз түркі халықтары оларға ағайын болып келеміз. Нақтырақ айтсам, жоғарыда айтып өткенімдей, Фаридун патшаның ең үлкен ұлы Тұр, яғни, түркіден тараймыз. Тұрдан көптеген ұрпақ тарап, ең соңында Афрасияп, түркі тілінде Ер Торған аталады. Осы Ер Торған туралы аңыздар түркілерге жеткен. Оның ұрпақтары Қашқарда, Турфанда, Қотанда отырып қалған дейді. Яғни, Шығыс Түркістанды мекен еткен.
– Тарихтағы басқа деректерге сүйенсек, біздің ата-бабаларымыздың парсылармен тығыз қарым-қатынас орнатқанымен туыстығымыз шамалы сияқты…
– Рас, біздің түсінігімізде, шежіреге сүйенсек (көп деректер ауыз әдебиетіне, шежіреге сүйеніп айтылады ғой) біздің ирандықтармен генетикалық байланысымыз жоқ дегенге саяды. Әрине, мұның бәрі ғылыми тұрғыдан дәлелдеуді қажет етеді. Дегенмен, халықтың жадында сақталып қалған деректерді де ескерусіз қалдыруға болмайды.
Мына бір дерекке назар аударалық. Мәселен, олар кезінде «Тұран елінің құдайы – Арғын паша» деп жазған екен. Одан әрі олар өздері көшпелі өмір сүреді, мал бағады дегенді келтіреді. Сондай-ақ, кейбір жазбаларында «Арғын пашаның ұрпақтары бізге жау» дегенді де келтіреді. Бір жорықтан соң бір жорық жалғасқан, жер үшін талас туындаған кезде талай жауласуға тура келетін аумалы-төкпелі заманда мұндай қайшы пікірлердің туындауы заңды құбылыс. Бірақ, бір нәрсе айқын. Ол біздің ата-бабаларымыздың Шығыс халықтарымен тығыз қарым-қатынаста болып, мәдени алмасулардың орын алуы.
– Сонда сонау Сақ, Ғұн замандарында қазіргі қазақ жерін мекендеген тайпалар тек Шығысқа назар аударып, теріскейге мойын бұрмаған ба?
– Әрине, қандай халық болса да, айналасындағы елдермен бірде тату, бірде жауласып дегендей, қарым-қатынас орнатады ғой. Дегенмен, ол заманда біздің теріскейімізде қызығатындай ештеңе болмаған сыңайлы. Қазіргі Ресейге, Ібір-Сібірге қарайтын жерлерде халықтың даму деңгейі назар аудартатындай дәрежеде бола қоймаған. Жалпы, әлем мәдениеті, өркениет Шығыстан басталғандығы баршаға аян ғой. Сондықтан, ауыз әдебиетінде болсын, тарихта болсын, біздің теріскейімізге байланысты деректердің мардымсыздау екендігіне таңдануға болмас.
– Қалай болған күнде де, түркілер мен парсылар тығыз байланыста болып, мәдениетте, өздерінің жалпы дамуында бірін-бірі толықтырып, аралас-құралас болған деген пікір туындайды ғой.
–Иә. Мәселен,Түркінің бір баласы Пшан болса, оның Ертонға атты баласы Парсыны 16 жыл билеп, патша болған. Кейіннен парсылар Тәшкенді шауып алған. Мұндай алма-кезек жауласулар, бірде жақсы қарым-қатынаста болу тарихта жиі кездеседі. Бұған байланысты деректер Фирдаусидің «Шахнамасында» айтылады ғой. Сондай-ақ, Бундахшин және тағы да басқа тас жазуларда бар. Енді осыған Дак, Данап сынды біздің Арал теңізінің айналасын мекендеген тайпалардың түркілерге жақын екендігін қоссақ, тағы біраз мәселенің беті ашылады. Міне, сол тайпалар кейіннен парсылардың негізін құрған деген де деректер кездеседі. Тарих қойнауынан сыр шертетін осындай деректерден соң біздің ата бабаларымыздың жалпы, осы өлкені мекендеген ұлыстардың Шығыс мәдениетіне етене жақын екендігін пайымдауға болады. Өзің айтып отырған Наурыз да осы мәдениеттің бір жұрнағы. Яғни, қазақтың төл мерекесі, Жаңа жылды қарсы алатын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мейрамы деуге негіз бар.
– Ал, сонда қаңтардың басында тойлау дәстүрге айналған қолданыстағы Жаңа жыл не болды?
– Бұл да бүгінде баршаға аян мәселе ғой. Х-ХІІ ғасырларда әлемде едәуір өзгерістер орын алды. Бәрін жіпке тізбей-ақ қоялық, алайда, Юлий Цезарь патша заманында күнтізбеге өзгеріс әкелінді. Сайып келгенде, Жаңа жылды Иса пайғамбардың туған күніне бейімдеуден туындаған мәселе ғой. Деректерге сүйенсек, Христос біздің дәуірімізден бұрынғы 93 жылдары дүниеге келген деген мәлімет бар. Бірақ, туылған айы, күні туралы ақпар жоқ. Бүкіл Еуропаның Христостың туған күнін желтоқсанның 20-сынан бастап, қаңтардың басына дейін тойлайтыны да осындай күмәннан туындаған болу керек. Бұл енді бөлек әңгіме. Логикаға сүйенсек те, табиғатпен санассақ та, жыл бастауы Наурызда келетіндігі дау тудырмайды. Ал, енді қолданыстағы күнтізбеге келетін болсақ, оған уақыт төреші. Сайып келгенде, онда тұрған ештеңе жоқ. Әрине, Жыл басы ретінде Наурызды дүние жүзі бірге тойласа, дұрыс болар еді. Оны уақыт көрсете жатар.
– Әнеке, Наурызды айтамыз деп тарихты біраз қаузаладық-ау. Енді бүгінгі күнге келелікші. Біз өзі осы мерекені дұрыс тойлап жүрміз бе?
– Бұл арада «мынауымыз дұрыс, мынау бұрыс» дегендей баға беруден аулақпын. Біраз жыл шалғай ауылдарда ептеп еске алынғанымен, елдің көпшілігінде ұмыт қалған Наурыз өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары қайта жаңғырды ғой. Өзіңе белгілі, бізде әдеттегідей Наурызды да зиялы қауым қолға алып, сонан соң барып жаппай атап өтіле бастады ғой. Бүгінде бұл мейрам жыл басы ретінде тек Қазақстан ғана емес, түркітілдес елдерде түгел кеңінен тойланады.
– Біз енді негізінен жаппай киіз үй тігіп, Нау-рыз көже пісірумен, ән мен күйге ерік берумен айналысамыз. Сондай-ақ, еліміздің батыс өңірінде наурыздың орта шенінен, нақтырақ айтсақ, 14-інен бастайды. «Көрісу» деген дәстүр де сол өңірде көп тараған. Бір жүйеге келе алмай жатырмыз ба, қалай?..
– Өзің айтып отырған «Көрісуге» келетін болсақ, бұл да Наурыз тойының ажырамас бір бөлігі деп түсінген абзал. Бұл әсіресе, көп уақыт көшпелі өмір сүріп, мал бағуды кәсіп қылған қазақ халқы үшін ерекше құбылыс. Ол уақытта әсіресе, еліміздің солтүстік өңіріндегі халық қыс айларында қыстауға көшеді ғой. Яғни, алты айға жуық уақыт ел мен ел арасында қарым-қатынас азаяды. Ал, жер жібіп, «жер аяғы кеңіген» шақта жайлауға үдере көшу басталмай ма? Сол көш наурыздың орта шеніне дәл келіп, ағайын-жұрт бір-бірімен жолығады, көріседі. Бір-бірін қонаққа шақырады дегендей, араласады. Міне, «көрісу» дегеніміздің осыдан туындағаны дау тудырмайды. Сайып келгенде, негізгі той күн мен түн теңелетін 21-інен 22-іне қараған күні ғой.
 Ал, енді Наурызды тойлауда салт-дәстүрді, жылдар бойы қалыптасқан тәртіпті ұстанған дұрыс қой. Өзің айтып отырған айнала киіз тігу сынды мәселелер де соған жатады. Алайда, салт-дәстүрлерді сақтай отырып, заман ағымын да бажайлап отыруды ұмытпаған абзал. Жалпы, кез-келген дәстүрді уақыт талаптарына сай өзгертпей, бұлжымас қағидаға айналдырсақ, оның тоқырауға алып баратындығын ескермеске болмайды. Киіз үйдің ғасырлар бойы қазақтарға баспана болғандығы белгілі. Өзінің құрылымы, қайталанбас ерекшелігі жағынан әлемді тамсандыратыны да рас. Дегенмен, бүгінгі сәулет өнерінің дамыған шағында ХІХ ғасырдағы баспананы дәріптеуден не ұтамыз? Бүгінде киіз үй үлгісімен жасалған неше түрлі архитектуралық құрылыстар бар. Сайып келгенде, кезінде барлық халықтар да лашықты, үңгірді, тағы да басқа баспаналарды пана қылды. Әрине, киіз үйдің кезінде архитектуралық ғажап шешім болғандығын әлем мойындады. Бірақ, киіз үйді еш өзгертпей, баяғы заманғы материалдарды қолдана отырып паш ете беруден не ұтамыз?
– Даму ерекшеліктерін ескеру керек дейсіз ғой. Рас, бүгінде Наурыз елімізде кеңінен тойланады. Дайындық та өз деңгейінде деуге болады. Солай бола тұра, Әз Наурыз бүкілхалықтық мерекеге айналды деу… Шындыққа жүгінсек, қаңтардағы Жаңа жылды күткендей аласапыран байқалмайды-ау…
– Олай болу үшін Наурыз әр отбасы үшін үлкен мейрам саналуы керек. Ол енді отбасындағы тәрбиеге, қоғамдағы Наурызға деген көзқарасқа байланысты ғой. Әрбір ұл мен қызды сол әулеттің жақсы қасиеттерін ұғындыра отырып тәрбиелеген сияқты жастарға ұлттық құндылықтарымызды сіңіре білуіміз керек. Патриоттық сезім отбасынан бастау алады. Жалпы, идеология жанұядан бастау алады. Осыны түсініп, түйсініп Наурызды қанға сіңіру қажет. Жаңа жыл бастауы – Әз Наурызды әр отбасы ерекше күтіп, арнайы дайындалатын болса, ол әр жанұя үшін ерекше күнге айналады. Ал, ол түсінік өз кезегінде Наурызды бүкілхалықтық үлкен мейрамға айналдырады. Өкінішке орай, әзірге Наурызға экзотикалық мейрам деп қарау байқалады. Дегенмен, «ауызды құр шөппен сүртуге» болмас. Бүгінде балабақшалар мен мектептерде, оқу орындарында аталып өтіледі ғой. Қалалар мен ауылдар көшелері безендіріледі, жоғарыда айтып өткеніміздей, киіз үйлер тігіліп, концерттер ұйымдастырылады. Қысқасы, Нау-рыз кеңінен аталып өтілуде. Ал, енді оның бүкілхалықтық сипат алуы, әр отбасының ерекше күтетін мерекеге айналуы уақыт еншісінде.
– Әнес аға, мазмұнды әңгімеңізге рахмет!
Наурыз мейрамы құтты болсын!
 
 Сұхбатты жүргізген
арнаулы тілшіміз Талғат ҚАСЕН.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар