Атадан қалған жақсы ырым

 Әз – халық аңызында күн мен түннің дәлме-дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуге тиіс. «Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін» деген сөз бар. Осы гуілді наурыздың 22-сіне дейін үш күннің ішінде өтеді деп есептеген халқымыз: «Әз болмай, мәз болмайды», деген тәмсіл қалдырған. Сол үш күннің ішінде тырнақ пен шаш алуға болмайды. Әз өткенде өсімдік әлемінен бастап, күллі тіршіліктің тұла бойына, бір тал түгіне дейін жан жүгіреді. Сол жан байқаусызда тырнақ, шашпен бірге қиылып кетсе, адамның қолы мен басы селкілдейтін болады-мыс.
Наурыз – парсы тілінде бір ғана күн аты, жаңа жылдың бірінші күні – жаңа күн. Қазақ халқында қалыптасқан түсінік бойынша, осы мағыналармен қоса, жаңа жылдың алғашқы айының атын да толық қамтиды.
Наурыз бата – наурызға арналып сойылған малдың басы мен жамбасына, ескі жылдың дәмі – сүрленген
қазы-қарта, жал-жаяға берілетін арнаулы бата.
Наурыз жыры – қазақ халқының жаңа жыл, Наурызға арнап айтатын тұрмыс-салт жырының бір түрі.
Наурыз көже – келер жылы молшылықтың жоралғысы ретінде әр шаңырақ міндетті түрде жасайтын арнаулы тағам. Оған кем дегенде, жеті түрлі (бидай, тары, қонақ, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты) азықтық заттар қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, тағам түрін көбейте беруге болады. Құрт пен қатықтың қай қайсысы да сүттің орнын толықтырады.
Наурыз мейрамы (наурыз тойы) – күн мен түннің теңелетін күні 22 наурызды атап өтетін ұлы мереке. Ұлттық дәстүр-салтымыз бен ойын-сауығымыздың бәрі де тегіс қамтылатын жыр-думан.
Наурыз жұмбақ – наурыз айындағы жұлдыздардың қозғалысы мен орнына, күн мен түннің теңелуіне, табиғат құбылысына, бұл айдағы амалдар мен ауа райының
өзгерісіне байланысты айтылатын жұмбақ өлең.
Наурыз тілек – наурыз күнгі бет көрісіп, амандасу рәсімімен құттықтау негізінде тақпақпен айтылатын қуанышты тілек.
Наурыз төл – наурыз айында туған бота, құлын, бұзау болса, наурыз төл деп аталады. Осы түліктер – төл басы.
Наурызша – наурыз қырбақ, қарайған жерді жасыра алмай, қылаулап жауған жұқа қар.
Наурыз шешек – наурыз айында гүлдейтін көп жылдық өсімдік.
Отамалы – 15 наурызда кіріп, 17 наурызда шығатын амал. Бұл амалдың жақсылық пен жамандыққа бағынуына қарай халқымыздың: «Отамалы, от алғанша, керегенің басын шот алғанша», «отамалы, отамалыдан қалған ата малы», – деп берген мінездеме мәтелі бар.
Үт – саңылау, одан үйге түскен күн сәулесінің тозаңдануын – қазақ үт кірді деп есептейді. «Үт кірді, үйге құт кірді» деген қазақ мәтелінде күн нұрының жердегі тіршілікке жасар игі әсерін бейнелейтін үлкен мәні бар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар