Мұражайдағы мереке

 

Облыстық тарихи өлкетану музейінде  көктемнің жарқын мейрамы Ұлыстың ұлы күніне орай «Жаңару мерекесі» атты шара ұйымдастырылды.

 

Ұлттық құндылықтарымызды әспеттеген шараға этномәдени орталықтардың мүшелері мен оқушылар қатысты. Жыл өткен сайын Наурыз мерекесі түрленіп, жаңа мазмұнмен толыға түсуде.
Екі бөлімнен тұратын мерекелік бағдарлама Наурыз мейрамын тойлаудағы ерекшеліктер  мен өзге ұлт өкілдерінің амандасу дәстүрлерінен басталды.  Әр халықтың амандасуы әртүрлі болса да,  мағынасы бір. Яғни, кездескенде барлығы бір-біріне денсаулық, бірлік, құт-береке тілейді. Сәлемдесу салты заң болып жазылмаса да, адамның ішкі мәдениетін білдіреді. Осы жөнінде жүргізушілер кеңінен әңгімелеп, оқушылар араб, татар, үнді, қытай халықтарының сәлемдесу кезіндегі қимылдарын көрсетіп
шықты.
Ал, «Бауырсақ пати» деп аталған екінші бөлімде шараның қонақтары еліміздің әр аймағында пісірілетін бауырсақтардың түрімен танысып, дәм татуға мүмкіндік алды. Облыс орталығындағы № 1 құрылыс-техникалық колледжінің оқушылары әзірлеген  дөңгелек, ши, ашытылған, бармақ, тұщы, төртбұрышты, үшбұрышты, жалпақ және өрілген бауырсақтардың дәмі тіл үйіреді. Музей қызметкерлері Наурыз көже дайындапты. Колледждің студенті Бекнұр Шермаханов қазақ, өзбек, қырғыз, татар ұлттарының ұлттық тағамы болып табылатын бауырсақты пісірудің тәсілдері мен тарихын әңгімеледі. Шара барысында татар этномәдени орталығының мүшелері де Ұлыстың ұлы күнін тойлаудағы  жөн-жоралғыларды тілге тиек етіп, ұлттық тағамдар жайында сөз қозғады. Жергілікті өнерпаздар Наурыз мейрамын тойлау шарасының мерекелік шырайын ашты.
Сондай-ақ, мереке аясында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып,  музейдің еріктілер тобы мүмкіндігі шектеулі Шынар Ғаббасоваға  колледж студенттері әзірлеген  бауырсақты апарып, дәм татырды.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар