I. Алимент әке бола ма?!.

сонда да оған көп аналар мұқтаж

 

Төрткүл дүниені тегіс теңселткен дағдарыстың дауылы қараша үйлердің түндігін желпілдетіп тұр. Әсіресе, кейбір жалғызбасты аналардың жағдайы тым ауыр. Облыстық «Арқа ажары» газеті осы бір ұлт үшін маңызды, күрделі тақырыпта сот орындаушыларының, іскер әйелдер қауымдастығы басшыларының, жалғызбасты және көпбалалы аналардың қатысуымен конференция өткізді.

 

Әсемгүл Сайлыбаева, көпбалалы ана:
– Шиеттей алты баланы жалғыз өзім асырап-сақтап, бағып жатырмын. Тағдыр басқа салған соң не шара?!. Тұрып жатқан үйіміз де сыз. Оның өзі айналымға келмейтін тар, қаланың қиян шетінде. Автобус қатынасы жоқ. Ай сайын жиырма мың теңге пәтерақы төлеймін. Оған да көніп күн кешіп жатыр едік, мамыр айында қожайын үйді босатасың деп жан алқымымнан алып жатыр. Үлкен қызым 17-де, қалғандары мектеп оқушылары. Өзім қазір кенжемнің күтімімен жұмыс та істей алмай отырмын. Біз қанша қиналсақ та, әкесі бауыр еті балаларына қарайласпайды. Қазіргі күні қоғамда қыз-келіншектерді кінәлау басым. Ал, сонда көкек әкелердің еш кінәсі жоқ періште ме? Мен осы алты баланы ет жүрегім елжірей сүйгендіктен, олардың табанына кірген шөгір менің маңдайыма кірсін деп қолымнан келгенінше бағып отырмын. Ал, әке неге ойламайды? Біз азаматтық некеде болғанбыз. Алимент алу үшін осы жағы қиындық туғызып отыр. Дәл қазір қайда жүргенінен де бейхабармын. Өзі іздеп келген емес. Біз іздедік, бірақ, таптырмады. Көші-қон полициясына да шағымдандық. Із-түзі жоқ.
Досбол Қабжанов, Көкшетау қаласының сот орындаушысы:
– Алғашқы жолдасыңызды тауып алып, алимент төлету керек. Екінші күйеуіңіз де төлемей ме?
Әсемгүл Сайлыбаева:
– Ол да төлемейді. Қазір ұстатпай қашып жүр. Құтты бір ұзақ жылға сотталған қылмыскер тәрізді. Ал, шын мәнінде өз балаларын бағудан қашқан адам менің ойымша қылмыскер саналса керек. Өйткені, әкенің жауапкершілігі, міндеті деген болмаушы ма еді. Кезінде оның бойында ешбір адамгершілігі жоқ екендігін білмей келіппін ғой. Әйтпесе, балалары аш-жалаңаш жүргенде, ішер асқа, киер киімге жарымай жүргенде, көкірегінде бір кішкентай сәулесі, жүрегінде титтей мейірімі болса іздеп келмес пе еді. Танитын адамдардан сұрастырсам, қазір жұмыс істемейді екен. Зейнеткер анасының зейнетақысына күн көретін көрінеді. Міне, қазақ азаматы, қазақтың еркектері қаншалықты азып кеткендігін осыдан көруге болады. Қайта оларға қарағанда болар-болмас тиынмен алты бірдей баланы бағып отырған біз мықты емеспіз бе? Сонда деймін-ау, өзі де қалжырап, қаусап отырған зейнеткер анасының мойнына масыл болуға арланбаған, бауыр еті балаларына қол ұшын беруге жарамаған еркекті еркек деуге бола ма? Атамыз қазақ «жетім қозы тасбауыр, жетілер де отығар» демей ме, енді аз ғана жылдан соң балаларының алды легіп кетер. Сосын бір-біріне көмектесіп, бірін-бірі аяқтандырып, біз де ілігерміз. Бірақ, ұйқысыз өткізген түндерде мейірімсіз жолдасыма, біз тәрізді жылап-еңіреп жүрген аналарға қайырымы жоқ қоғамға ренжитініміз де рас. Кейде ішкі жан дүнием екіге жарылады. Кісілігіне көзім жетпей тұрып дүниеге сәби әкелгеніме налимын. Бірақ, мынау жарық дүниеде болашағын тап басып, болжай білген
кім бар?!.
Досбол Қабжанов:
– Сіздің кірісіңіз мүлде аз ғой. Енді тиісті құжаттарды жинап, мемлекет тарапынан тиесілі көмегіңізді алуыңыз керек. Шынын айтқанда ішіп кеткен, қазір нақты жұмыс істемейтін жолдасыңыздан алимент өндіріп бере алмаймыз. Бұл арада мынадай бір мәселе бар, алдымен, оны ата-ана құқығынан айыру керек. Бәлкім, осы шешім оң нәтиже беретін шығар. Өйткені, қазір жалғызбасты аналарға мемлекет тарапынан көбірек көмек көрсетіледі. Әкесі ішкілікке салынғаны балалардың болашағына да кері әсерін тигізбей қоймайды. Мүмкін, ол наркология диспансерінде есепте тұрған шығар. Ішіп жүріп бірдеңе бүлдіріп қойса, сотқа тартылса, бас бостандығынан айырылып жатса, балалардың болашағына да кері әсерін тигізеді ғой.
Мен бір жарым жыл алимент төлеу саласында жұмыс істеймін. Қазір Көкшетау қаласында үш мыңға жуық алимент істері жинақталып қалды. Олардың 1858-і борышкерлер, яғни, өз еріктерімен, жүрек қалауымен төлегілері келмей қашып жүргендер. Біз олардың жұмыс орындарын анықтап, талапхат жіберіп, еңбекақысынан ұстап қаламыз. Әйтпесе, шынын айту керек, өздерінің төлеймін деген ойлары жоқ. Мұндай мейірімсіз адамдар да болады екен-ау. Жан жүрегі селт етпейтін қатыгез адамдардың іс-қимылын, пейіл-ниетін күнде көріп жүрсем де бір үйрене алмай қойдым. Әрбір істі қараған сайын жаным жабырқап, жүйкем жұқарады. Бір өкініштісі, бауыр еті баласына қарамай кететін көкек әкелердің көбі өзіміздің ұлттан. Негізі, мұндай сорақылық қайдан шығып отыр? Біз осындай ұлт, біз осындай жұрт па едік? Бірді-екілі орын алып жатқан өрескелдіктің жайын табармыз-ау, тұтас ұлттың бойына сіңіп бара жатқан қылықтан қайтып құтылармыз? Менің ойымша, осының көбі тәрбиесіздіктің салдары. Отбасындағы, білім ошақтарындағы тәрбиенің жетімсіздігі. Ұлттық ұлағаттың қайнар көзінің суалуынан…
Дәмелі Қойшина, Ақмола облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:
– Дұрыс айтасыз. Мысалы, мен өз қамқорлығыма алып жүрген Зеренді ауданының Еленовка селосында тұратын бір отбасы бар. Жалғызбасты әйел. Бірақ, өкінішке орай, ішімдікке салынып кеткен. Мен қолымнан келгенінше көмектескеніммен, әр күн сайын оның аузын аңдып отыра алмаймын ғой. Сондықтан, жергілікті әкімдікке, имамға тапсырып кеттім. Жалпы, іскер әйелдер қауымдастығы қазір үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Жекелеген, алимент ала алмай жүрген әйелдермен бірге Сандықтаудағы жетім балалар үйіне, Щучинскідегі сәбилер үйіне көмектесудеміз. Облыстың әрбір ауданында филиалдарымыз құрылды. Енді облыс, аудан орталығымен қоса, шалғайдағы шағын ауылдардағы мұқтаж адамдарға көмектесіп жатырмыз. Бірақ, бұл орайда, осы қасіреттің түп-төркінін егжей-тегжейлі зерттеу қажет тәрізді. Жалпақ жұрттың болашағы, тұтас ұлттың келешегі үшін. Олқылықты қай жерден жіберіп алдық? Міне, сол жерді қарауымыз қажет, алдымен, соны емдеуіміз керек. Сонда барып әке баласын тастап кетпейді, ана баласына қамқор болады. Біз бұл бағытта да жұмыс істеудеміз. Таяуда Целиноград ауданында болып, жүздесу өткіздік. Адамдар қамқорлықты қолында қаражаты бар іскер әйелдер ғана жасайды деп ойлайды екен. Кездесуге келген қырық шақты қыз-келіншектердің бәрі бірдей іскер әйелдер емес, арасында жалғыз жалақымен жан бағып жүргендер де бар. Олар да орындарынан тұрып, өздерінің мұқтаж жандарға көмектескісі келгендіктерін айтқанда жүрегім елжіреп кетті. Бұл нені көрсетеді? Бұл ең алдымен біздің арамызда мейірбан жандардың аз еместігін аңғартса керек.
Біз мұқтаж аналарға киім-кешек, азық-түлік, қаражат беріп жатырмыз. Бірақ, өне бойы біреуді біреу асырап жүрмейді ғой. Олай ететін болсақ, масылдыққа үйретіп алуымыз мүмкін. Сондықтан, ең алдымен, жаңағы қамқорлыққа зәру аналарды мүмкіндігінше жұмысқа орналастыруға тырысып жатырмыз. Бұл мәселеге жалғыз әйелдер ғана емес, отбасының, Отанның тірегі ер-азаматтар да атсалысса екен деймін.      
Досбол Қабжанов:
– Айтуыңыз әбден орынды. Бүкіл қоғам сіз айтқандай жолға түсіп кеткенше әлі талай тер төгу керек. Қазіргі мәселе алимент төлеуден қашатын көкек әкелер төңірегінде ғой. Олардың әбден еттері өліп кеткен. Ондай адамдар жұмыс орнын жиі ауыстырады. Сондағы мақсаттары алимент төлемеу. Қазір 815 адам өз аяқтарымен келіп төлеп жатыр, кейбір жігіттер анда-санда бір-ақ төлейді, себебі, тұрақты жұмыстары жоқ. Жұмыс істеген уақыттарында төлеп тұрады. Мұндайда екі жақ, яғни, әйелі мен күйеуі өзара келісімге келеді. Ал, 15 пайыздан астам ер-азаматтар мүлде төлемейді. Бізде алимент өндіруде екі қиындық бар. Біріншісі, заңның жетімсіздігі, себебі, деректер базасы бойынша 30-40 пайыз адам жұмыс істемейді деп есептеледі. Оның зейнетақы қоры есепшотына да қаржы түсіп жатқан жоқ. Шынтуайтында бәрі бірдей қол қусырып қарап отырған жоқ қой. Табыстары бар. Біреу ағасының фирмасында, екіншісі көкесінің қол астында өз күндерін өздері көріп жүр ғой. Қалай болғанда да біз ондай адамдардың кірісі қаншалықты екендігін нақты біле алмаймыз. Егер шетелдердегідей, бүкіл қаржылық операциялар электрондық түрде болса, бізге әлдеқайда жеңіл болар еді. Ол адам лотореядан ұтты ма, салық төлеуі керек, көлік сатты ма салық төлеуі қажет. Қысқаша айтқанда, егер біз олардың кірісін көріп отырсақ, алимент өндіру әлдеқайда оңай болар еді. Мұның бәрі қазір Үкімет тарапынан қаралып жатыр. 2017 жылы сақтандыру қоры ашылады. Сол кезде біраз мәселе шешімін табады деп отырмыз. Ал, егер екінші мәселе туралы айтатын  болсам, сот орындаушыларға толық деректер базасы керек. Дәл бүгінгідей деректер базасымен біз алысқа бара алмаймыз. Қолда бар ақпарат мүлдем аз. Мысалы, менің қарауымда бірнеше борышкер адам бар. Олардың аты-жөні белгілі болғанымен, жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ. Ал, онсыз ақпарат алу өте қиын. Мен қолымда бар құжаттарды прокуратураға жолдап, іздеу салдым. Олар маған оп-оңай тауып берді. Тіпті, кейбіреулерінің жұмыс орнына дейін, мал-мүлкіне дейін, банктегі есепшотына дейін белгілі болды. Бұл не деген сөз? Яғни, біз білмейтін деректерді прокуратура біледі. Мемлекет бізге жұмыс істеуге қолайлы жағдай тудырып отырған жоқ. Егер бізде дәл прокуратурадағыдай жан-жақты деректер базасы болса, жұмысымыз уақытылы аяқталып, тиынға зар болып отырған аналарға септігіміз тиіп, жұмысымыз жеңілдер еді. Бір адамды іздеп табуға айлап уақыт шығындамас едік. Әрине, борышкерлер туралы хат жазып, зейнетақы қорларына жіберуге болады. Бірақ, мына бір жайға қараңыз, бізде үш мың адамның ісін екі сот орындаушысы қарап жатыр. Әр сот орындаушысында
мың жарым адамнан бар. Міне, сондықтан бере алмаймыз.
Нұрлан Аябек, жеке сот орындаушысы:
– Әсемгүл, сіз үйді жалдап тұрасыз ғой. Үй иелерімен келісім-шарт жасадыңыз ба?       
Әсемгүл Сайлыбаева:
– Жоқ, жасаған жоқпын.
Нұрлан Аябек:
– Міндетті түрде келісім-шарт жасаңыз. Себебі, ертең сіздің кірісіңізді санайды. Мысалы, бір жасқа толмаған балаңыз үшін 17 мың теңге төленеді, көпбалалы ана ретінде 8 мың теңге жәрдемақы беріледі. Осы кірісіңіз жеті адамға бөлінеді.
 Әсемгүл Сайлыбаева:
– Маған күміс алқа алу қиын болып тұр. Себебі бес балам бір жерде тіркеуде болса, кішкентай балам екеуіміз басқа жерде тіркеудеміз. Ереже бойынша күміс алқа алу үшін бәріміз бір жерде тіркелуіміз керек екен, қиындық осы жерде. Мен бес баланы өзім тұрған үйге тіркей алмай отырмын. Тіркеу үшін 70 мың теңге ақша сұрайды. Дәл қазір менің жағдайымда  жетпіс мың теңгеден аспандағы ай жақын. Шіркін-ай, деймін егер күміс алқаға қолым жетсе, ай сайын 12 мың теңге қосымша төленер еді. Он екі мың теңгемен тақа байып кетпесем де, балаларыма азық-түлік алуға көпкөрім көмек қой. Айтыңызшы, 17 жастағы қызыма алимент төлеттіру үшін арыз беруіме бола ма?
Нұрлан Аябек:
– Беріңіз, әрине. Әкесі жұмысқа орналасқаннан кейін 18 жасқа дейін ғана емес, бұрын төлемей келген жылдары үшін де төлететін заң бар. Одан кейін қызыңыз күндізгі бөлімге оқуға түссе, арыз жазуы керек. Сот қызыңыз қашан оқу бітіргенше, әкесінен алимент өндіріп тұратындай шешім шығарады.
Газет тілшісі:
– Негізінде алимент төлемеді деп әйелдер арыз беріп жатады. Ал, ер адамдар әйелдердің үстінен арыз жазған жағдайлар болды ма?
Досбол Қабжанов:
– Ондай жағдайлар да бар. Таяуда ғана 7 сыныпта оқитын қызын Қостанай қаласында тұратын әкесі оқуға алып кеткен. Арада үш-төрт ай өткен соң әйелім алимент төлемей жүр деп арыз берді. Біз бірден әйелінің жұмыс орнына шағым түсіріп, еңбекақысынан ұстап қалатын болып келістік. Сол-ақ екен, әйелі бізге келіп шу шығарды. Ақыр аяғында ортақ келісімге келді-ау. Мәселе шешілгенше әйелі екі ай алимент төледі. Жалпы, қазіргі күні ажырасқан отбасылардың көбейіп бара жатқандығы алаңдатады. Тағы бір айтарым, 2017 жылы бүкіл алимент істері жеке сот орындаушыларына көшеді. Бұл бір жағынан жақсы.
Нұрлан Аябек:
–Адамдардың ажырасқаннан соң құжаттары жұмыспен қамту орталығына жіберілсе екен деймін. Олардың қай жерде жұмыс істеп жатқаны немесе қандай жұмыс керек екені белгілі болса, сол тәрізді жұмысқа орналасқаны туралы ақпараттар алып отырсақ, жақсы болар еді.
Досбол Қабжанов:
– Бүгін жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізіп жатыр. Мен осы уақытқа дейін жұмыс таба алмай жүрген 15 борышкерімді жәрмеңкеге жібердім. Ертеңгі күні осы адамдар жұмысқа орналасса, табыс тапса, сөйтіп, жабырқап жүрген балаларына көмектессе, нұр үстіне нұр болар еді.
Газет тілшісі:
– Құрметті конференцияға қатысушылар, уақыт бөліп редакциямызға келгендеріңізге көптен-көп рахмет. Қоғамда тасбауыр ата-аналар азайып, сәбилер жыламасыншы!..

Түйін:
Қаны шығып тұрған тақырып төңірегінде толайым қопарып айтпасақ та, бірер мәселенің шырғасын иірдік. Соның өзінде көкіректе көптеген сауал қалды. Ел болып ойлансақ, ептеп шешуі де табылатын сыңайлы.     

Конференцияны ұйымдастырғандар Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

 

 

 

II. Аналар үйі

 

Балалар үйі, қарттар үйі деген сөз тіркестеріне  етіміз үйренгелі қашан. Енді аналар үйі пайда болды. Мұны естіген жандар бірлі-жарым. Түсіндіре кетсек, бұл балалар үйінің азаюына септігін тигізетін орталық. Жомарт азаматтар бірігіп панасыз, қамқорлықсыз қалған аналарға көмек көрсету мақсатында осындай шешімге келген екен. Әрине, жесірін жатқа бермеген, жетімін жылатпаған қазақы қасиеттен аулақ, бүгінгідей қатыгездігі басымдау қоғамға мұндай игі іс керек-ақ. Десек те, бөркімізді аспанға атып қуанатындай дүние емес.

 

Көкшетауда аналар үйінің ашылғанына екі жылдың жүзі болды. Бұл әлеуметтік жоба алдымен, Астана қаласында белгілі кәсіпкер  Айдын Рахымбаевтың бастамасымен жүзеге асқан екен. Осылайша еліміздің әр түкпірінде тағдыр ауыртпалығын арқалаған аналарға арнайы орталықтар ашыла бастаған. Республикамызда 26 аналар үйі жұмыс істеп, бүгінгі күнге дейін 1200 ана мен балаға көмек
көрсетілген.
Облыс орталығында алдын ала лайықты орыннан коттедж жалға алынып, барлық жағдай жасалған. Меценаттардың қол ұшын беруімен қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіліпті. Мұндағы 16 әйел тамақты өздері әзірлеп, киімдерін жуып, күнделікті тіршілік қамын жасайды. Уақытша болса да, өз үйлеріндей көреді. Оларға тек тегін баспана мен тамақ қана беріліп қоймай, психологиялық көмек те көрсетіледі. Күн сайын мейірбике келіп,  он сегіз бала мен ананың денсаулықтарын қадағалап отырады.
Әр ана орталықта бір немесе бір жарым жыл ғана тұра алады.  Кейін  бірін отбасылары алып кетсе, енді біреулері жұмысқа орналасады. Тұрмыс құрып кеткендер де болыпты. Жалғызбасты аналарды қинайтыны жұмыс табу. Сол себепті, жұмысқа орналасуға кішкене сеп болсын деген ниетпен әйелдер кешкі мектепте оқытылып, орта білім жөніндегі аттестат алуға мүмкіндік тудырылған. Сондай-ақ, орталықта іске қосылған тігін цехында арнайы жұмыс киімдерін тігеді. Жобаның үйлестірушісі Мұрат Қабылбаевтың айтуынша, алдағы уақытта компьютер сыныбы ашылып,  компьютерлік сауаттылық дағдыларын оқыту курстары өткізілмекші.
– Біз перзентханалармен  тығыз байланыс жасап отырамыз. Егер қажеттілік туып жатса перинаталдық орталыққа барып, жас аналарды сәбилерін тастап кетпеуге үгіттейміз. Біздің мақсатымыз  жетім балалардың санын азайту, сондай-ақ, жас аналарға жан-жақты көмек көрсету, – дейді үйлестіруші.
– Өмірде не болмайды дейсіз? Небір жағдайлар орын алуы мүмкін. Тығырыққа тіреліп, тағдырдың кермек дәмін ерте тартқан мұндайлар қаншама? Сол сәтте шарананы балалар үйіне тапсырып, кейін опық жейтіндер де баршылық. Бірақ, сәбидің кінәсі қандай?
Аналар үйіне барғанда сағат он бірлер шамасы еді. Жап-жас келіншектер балаларын көтеріп, үй жинастырып жүрді. Тағдырлары сан қилы болса да, мұңдары бір. Жастайынан сүрінген Мәдина Беркенова небары  он сегіз жаста. Жәния есімді қызымен аналар үйінде  тұрып жатыр. Жамбыл облысының тумасы жүкті болған кезде анасынан айырылып, кейін әжесі де көз жұмыпты. Содан барар жері, басар тауы жоқ ол аналар үйін паналауға мәжбүр болыпты. Осы Көкшетаудағы аналар үйіне жіберілген. Әңгімеге тартқанымызда, Мәдинаның сәбиі Жәния  былдырлап, еркелеп қолдан-қолға тұрмады.
– Аналар үйі әлеуметтік жобасының негізін қалаған жандарға алғысым шексіз. Жалғызбасты аналарға қашанда көмек қажет. Өмірден түңіліп, қиындық көргенде қолдау көрсетті. Қазір қызымның тәтті қылықтарын көріп, күш жинағандаймын. Оны бағып, білімімді жалғастырып жатырмын. Cегізінші сыныпта оқимын. Бұйырса келер жылы аттестат алармын. Әрине, бұл уақытша мекен. Әрі қарай көре жатармыз, – деді жас ана.
Осындай жайға келгенде түрлі пікір айтамыз. Иә, қызды ғайбаттай жөнелетін адамдар бірден табыла кетеді. Сонда бұл жағдайда ер адамдардың кінәсі жоқ па?! Олардың жауапкершілігі қайда? Отау иелері, әйелдердің қорғанышы, ақылшысы болып жаратылған жандар емес пе? Заман азды ма, адам азды ма. Білмеймін.Туған баласынан безінген жандарды  кім деп айта аламыз.
Әлбетте, тәрбие болмаған соң адами қасиеттер де құрдымға кетеді. Әдептен алыс, жағымсыз қылықтарды бойына сіңірген адам адамгершілік қасиеттен де жұрдай. Оның қоғамға, өмір сүріп жатқан ортасына әкелер қаупі де зор болмақшы.Сондықтан,  ибалы ұл, инабатты қыз тәрбиелеп, қоғамның құлдырауына жол бермегеніміз абзал. Біздің тілегіміз, аналар үйі құндақтаулы нәрестесін құшақтаған жалғызбасты аналармен толықпасыншы.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар