Көңілдерге шуақ сыйлады

Атбасарлықтар жыл басы саналатын Наурыз мейрамын салтанатты жағдайда, көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті.

 

22 наурыз күні заңғар жазушы Ілияс Есенберлиннің ескерткіші тұрған қаланың орталық алаңына жұртшылық көп жиналды. Ұлттық орталықтар мен мекемелер киіз үйлер тігіп, ыстық бауырсақ пен наурыз көже таратты. Әуелеген әсем ән мерекенің сәнін келтіріп, ұлттық киім киген қыз-жігіттер Ұлыстың ұлы күніне көрік бере түскендей.
Наурызға арналған салтанатты аудан әкімі Андрей Никишов құттықтау сөзбен ашты. Жиналған қауымды аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Кенжебаев, мешіттің наиб имамы Д.Ысқақ, Атбасар ауданының құрметті азаматы Б.Борамбаев Наурыз мейрамымен құттықтап, жақсылық тіледі.
Осыдан кейін жақсылықтың жаршысы Қызыр ата ақ батасын берді. Мерекеге жиналған көпшілік аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламаларын тамашалады. Әсем әндер айтылып, домбырадан күй төгілді, ұлттық киім киген қыздар талшыбықтай бұралып би биледі. Алаңның бір жақ шетінде балуан күресі, екінші жерде қол күрестіру жарыстары өтіп жатты. Кірдің тасын көтеру, асық ату жарыстарына қатысушылар да аз болмады. Жақсы өнер көрсеткендер сол арада бағалы сыйлықтармен марапатталып, қуанышқа кенеліп қалды. Осы күні қаладағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде мереке шеңберінде қазақша күрестен жарыс өткізілді.

Өмірсерік ШАЙХИН.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар