Балаларымызбен басқа тілде сөйлесуімізді қашан қоямыз?!.

Жолдасым екеуіміз де жұмыс істейтіндіктен, кішкентай қызымызға үйдегі қарт апайымыз қарайды. Шынын айтсам, балапанымның көпті көрген, мінезі де салмақты, оның үстіне сөйлегенде бір ауыз орысшаны қоспай, таза қазақ тілінде сөйлейтін әжесінің тәрбиесінде болғанына қуанамын. Себебі, айналасындағы  жандардың жүріс-тұрысы, істеген әрекеті, жалпы, ауыздан шыққан әрбір сөз баланың өсіп-жетілуіне қатты әсер ететіні белгілі. 

Сол сияқты, ата-анасы, отбасындағы басқа да жандар қай тілде сөйлесе, балаларының да тілі сол тілде шығады. Өкінішке орай, өзім секілді жас ата-аналардың ұл-қыздарымен қазақ тілінде емес, орысша шүлдірлейтініне қатты қамығамын. Мұны ойдан құрастырып отырғаным жоқ. Демалыс күндері қызыммен бірге ойын алаңдарына, басқа да демалыс орындарына барған сайын ұлты қазақ бола тұра, балаларымен ресми тілде сөйлесетін  замандастарымды жиі кездестіремін. Кейбірінің менің қызымның өз ана тілінде, яғни, қазақша сөйлегеніне қарап: «Балаңыз әжесімен тұра ма? Солай екені бірден көрініп тұр» деп, аспаннан салбырап түскендей аң-таң күйге енетіні тағы бар. Сонда не, тек әжесі бар балалар ғана қазақша сөйлеуі керек пе екен? Ана бола тұра, өз сәбиімізге ана тілінде бесік жырын айтып, онымен күнделікті өмірде де қазақша сөйлесе алмағанымыз қалай?!.
Қазіргі адамдардың түсінігінде «қазақ тілі ауылда тұратын немесе әжесінің тәрбиесін көріп өскен балалардың тілі» ретінде қалыптасып отырғаны қорқынышты жағдай. Бүгінгі таңда қоғамда көптеген отбасыларда  кездесетін бұл мәселе тілге титтей де болса, жаны ашитын азаматтарды  ойландыруға тиіс. Өйткені, бұлай жалғаса беретін болса, тілімізден біржола айырылып қалмасымызға кім кепіл?!..
Қазақ тілі Абай мен Шәкәрімнің, Біржан сал мен Ақан сері, кешегі күні өмірде болған өзге де ақын-жыраулардың тілі болса, соны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін жандар ең әуелі – аналар. Орысша сөйлеп, орысша ойлайтын ананың баласы да тап сондай болады.
Жуырда басымнан өткен мына бір жайтты да айтпасқа амалым жоқ. Бір танысым қоңырау соғып, менен ұлына қазақ тілін үйрететін репетитордың телефон нөмірін тауып беруімді өтінді. Айтуынша, алты жасар баласы бір ауыз қазақша түсінбесе де, елімізде мемлекеттік тілге басымдық беріліп отырғандықтан, бұлар да көштен қалмайық деп, ұлдарын қазақ сыныбына бергілері келеді екен. Ойлары дұрыс-ақ. Тек, баланы қинап,  тілді жөпелдемеде үйреткенше, дүниеге келген сәтінен-ақ бойына ана тілін сіңірсе болар еді ғой. Оның үстіне бұл істе тек репетитордың көмегі аздық етеді. Бала тілді жетік меңгеріп кетуі үшін отбасы мүшелері де қазақша сөйлеуге тиіс.
Дана халқымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп текке айтпаған. Бұл ұлағатты ойдың бір ұшы біз әңгіме етіп отырған осы тіл мәселесіне де келіп тіреледі. Осыны санамызда сүзгіден өткізіп көрсек қой, шіркін!..  
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар