Өзімізде болса, ұтылмаймыз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XXVII съезінде сөйлеген сөзінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының алыпсатарлық арқылы өсуіне жол бермеудің маңыздылығына ерекше назар аударған болатын. Әсіресе, өзімізде шығарылған тауарларды қымбаттатудың ақылға сыймайтыны баса айтылған еді.

Бүгінгі күні елімізде қымбатшылық дендеп тұрғаны жасырын емес. Күнделікті пайдаланылатын азық-түлік бағасының өсуі әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар үшін ауыр соғатыны анық. Бұған жол бермеудің бір-ақ жолы бар. Ол үшін алдымен отандық өндірісті дамытып, өнім көлемін арттыру қажет.
Осы бағытта 2015 жылы облысымызда нарықтық баға белгіленіміне көшуге байланысты біршама жұмыстар атқарылды. Облыс орталығында, қалаларда жәрмеңке өткізу дәстүрге айналған. Осы мақсатта өткен жылы 8 жәрмеңке өткізіліп, 769,7 миллион теңгенің азық-түлік тауарлары сатылды. Ондағы тауар бағасы қала базарларындағыдан 15-20 пайызға төмен болды. Сол себепті, жәрмеңкелер жұрт көңілінен шықты. Бұл игі шара биыл да жалғасын табады.
Өзімізде өндірілетін өнімді қайта өңдеп, жұртшылыққа ұсынғанда оның бағасы сырттан келетін тауарлардан арзан болады. Облысымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың он бесі 19 мың тонна ет өңдеуге бағытталған. Сондай-ақ, он төрт кәсіпорын 132,6 мың тонна сүт өңдейді. Оған қоса жылдық қуатынан өнімдерін шығаратын жылдық өндіріс күші 89 мың тонна 220 кәсіпорын бар.
Өткен жылы 12518 тонна ет пен 1117 тонна шұжық өнімдері өндірілді, бұл көрсеткіш 2014 жылмен біршама артқаны байқалады. Сүт өндіру 100,7 пайыз болды. Сары май өндірісі 651 тоннаға жетті.    Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі оң нәтижелер қайта өңдеуді дамытуға мультипликативті (табыстың өзгеруінің инвестициялардың өзгерісіне тәуелділігі) әсер етті. 2015 жылы қайта өңдеуші кәсіпорындармен 52,2 миллиард теңгенің өнімдері өндірілді, ол өткен жылдағыдан 4,4 пайызға артық.
Тағы бір айта кететін жай, Астананың азық-түлік белдеуін жасаудағы облысқа жүктелген міндеттің абыройлы атқарылуында. 2015 жылы Астанаға 86,8 мың тонна сүт өнімдері, 20,9 мың тонна қайта өңделген ет тағамдары жеткізіліп, сұраныстың 45-50 пайызы қамтамасыз етілді. Ал жұмыртқа 217,5 миллион дана, картоп 82,7 мың тонна, ұн 11,3 мың тонна жеткізіліп, қала сұранысы 100 пайызға орындалды. 2016 жылы да азық-түлік белдеуінің берекесі арта түспекші. Астана тұрғындарының сұранысының ет өнімдерінен 52 пайызы, сүт өнімдерінің 48 пайызы, ұн, жұмыртқа, картоптың 100 пайызы өтелмекші. Оған облыстың мүмкіндігі зор.
Өткен жылы аграрлық сектордағы шаралардың барлық кешенін орындауға мемлекеттік қолдау аясында 16,2 миллиард теңге инвестиция жіберілді, бұл 2014 жылғы деңгейден 2 миллиард теңгеге артық. Нақтырақ айтсақ, оның ішінде егін шаруашылығына 9,2 миллиард теңге, мал шаруашылығына 6,1 миллиард теңге, қайта өңдеу кәсіпорындарына 0,2 миллиард теңге бөлінді. Одан басқа «Есіл» акционерлік қоғамының кепілдігімен көктемгі дала және күзгі орақ жұмыстарын ойдағыдай өткізуге 5,2 миллиард теңге несиелік қаржы бөлінді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына 142 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны берілді. Бұл шаралардың барлығы тұтастай алғанда тиісті агротехникалық шараларды өз деңгейінде өткізіп, әр гектардан 11,6 центнерден өнім жинап, қамбаға 4,7 миллион тонна астық құйылды. Сондай-ақ, жиналған мол өнім бағаны тұрақтандыруға да оң әсерін тигізді.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында облыстың аудандары мен қалаларында жедел штабтар құрылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізіліп отырады. Егер де бағаның алыпсатарлық арқылы өсу фактісі байқалса дереу шара қолданады.    
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өз құзыреті шегінде бағаны бірқалыпты ұстауға, сөйтіп,  қолдан келген барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылатын болады.                            
Қасым ИТҚҰСОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасы басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар