Білім мен руханияттың қайнар көзі

«Кітап – білім бұлағы» деп текке айтылмаған. Барлық білімді, рухани азықты кітаптан алуға болады. Оқырмандарға осындай игілік сыйлайтын облысымыздың бас кітапханасы – Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының негізі 1946 жылы қаланған. 1992 жылы кітапханаға қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімі берілген болатын. 

Демек, биыл біздің кітапханамызға 70 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда білім ошағының негізгі міндеті оқырмандарымыздың ақпараттық сұранысын жан-жақты қанағаттандыру болып табылады. Бұл үшін кітапханада барлық жағдай бар. Арнайы бөлімдеріміз, оқу залдары, абонемент бөлімі, интернет орталығы, бәрі халыққа қызмет етеді. Алғаш негізі қаланған кезінен бастап кітапхана ағартушылық бағыт, мәдени мұраны сақтап, насихаттау, туған өңірімізді тереңірек таныту орайында өзіне жүктелген парызын ойдағыдай атқарып келеді.
Бүгінгі таңда М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасын 300 мыңнан астам кітаптар мен құжаттар қоры бар  облысымыздың  ең ірі ақпараттық-мәдени көп бейімді орталығы деп  айтуымызға
болады.
Кітапхананың басты бір жұмыс бағыты – жергілікті және республикалық мерзімдік  басылымдарды жинақтап, сақтау. Жыл сайын біздің қызметімізді орта есеппен 19 мыңнан астам адам пайдаланады,  олардың 170 мың рет кітапханаға келуі тіркеледі, оқырмандар қолына шамамен 500 мың дана әртүрлі баспа өнімдері, электрондық ресурс-тар, аудио құжаттардың көшірмелері  беріледі.
Кітапхана ғылым мен техниканың қарыштаған заманында ұдайы даму үстінде. Жыл сайын қорлар толығып, жаңа бөлімдер мен секторлар ашылуда, интерьерлер жаңартылып, жаңа қызмет түрлері игерілуде. Электрондық каталогтар мен картотекалар, автоматтандырылған жұмыс орны осы күні біз үшін жаңалық емес. Республикалық және әлемдік ақпараттық ресурстарға да қолымыз жетіп отыр. Кітапхананың өз сайты құрылып, жұмыс істеуде.
Біздің кітапхана облыстық маңыздағы бірнеше бағдарламаларды жасаушы және оған қатысушы болып табылады. Мәселен, 2005-2007 жылдарға арналған «Мәдени мұра», «2006-2008 жылдарға арналған Ақмола облысының мәдениет саласын дамыту» аймақтық бағдарламалары, «2007-2009 жылдарға арналған Ақмола облысы кітапханаларын модернизациялау бағдарламасы», «2011-2013 жылдарға арналған Ақмола облысының мемлекеттік жүйесіндегі кітапханаларды модернизациялау бағдарламасы» осы біз айтып отырған жұмысымыздың  жемісі.
2005 жылдан бері облысымызда 31 жаңа кітапхана ашылды. Модельдік селолық кітапханалардың саны онға жетті. Облыстық кітапхана мен 9 аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Рабис» бағдарламасы іске қосылған.
Пайдаланушылар үшін жаңа ақпараттық қызмет түрлерін кеңейту мақсатында 2005 жылы кітапханамызда автоматтандыру және жаңа технологиялар бөлімі құрылған болатын. 2006 жылы бұған қосымша  негізгі қорларды сақтау бөлімі жанынан сирек және бағалы басылымдар секторы, ал,  2010 жылы өткізілетін іс-шаралардың  сапасын жетілдіру мақсатында бұқаралық жұмыс және қоғамдық жұртшылықпен байланыс бөлімі ашылды.
Кітапханамыздың 70 жылдығына байланысты жыл бойы мерекелік іс-шараларды үзбей, жалғастыра түсу  жағы қарастырылуда.
Осылай дегенде, бар саналы ғұмырларын кітапхана ісіне арнап, әр жылдары осы биік белесті жақындатуға  зор үлестерін қосқан ардагерлерімізді де ұмытуға болмайды. Олар: Сейітжан Елеусізов, Александра Белан, Вера Красноусова, Қастай Хабибуллина, Зинаида Кострицина, Қалижа Әбутәліпова, Валентина Теплякова, Надежда Ларионова, Татьяна Мушинская, Идия Рубцова, Маржан Бекеева, Валентина Пивень, Тазагүл Жарболова,  Майра Жахина, Сәлима Жұмабаева, Майра Тсенова, Фаина Есенбекова, Мәншүк Сайдалина, Әсия Жұманова, Ольга Костива, Қазима Мүрсәлім, Валентина Филатова, Алма Оспанова, Вера Александрова, Фагима Баширова, Кәбира Дәрібаева, Нина Диканова, Наталья Тсенова, Татьяна Хабибуллина, Раушан Шәймерденова және тағы басқалары.
Біздің мүмкіндіктеріміз, көрсететін қызметтеріміз бен жаңалықтарымыз туралы  www.akmolabib.aounb.kz  сайтынан кез-келген ақпаратты алуларыңызға болады. Сондай-ақ, өзіңізді толғандыратын мәселеңізді  мына электрондық мекен-жайға хатпен жолдай аласыз: akmol_ounb@mail.ru.

Зухра МҰСТАФИНА,
М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми  кітапханасының ақпараттық-библиографиялық
бөлімінің сектор меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар