Көктемгі су тасқынына жол берілмеуі керек

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен ағымдағы мәселелер қаралған жұмыс кеңесі өткізілді.

Онда өңір басшысы өткен сенбі күні барлық аймақты тікұшақпен шолып, су тасқыны орын алуы мүмкін жерлерді аралап өткендігін айтып өтті. Ол жол қызметінің көпірлер мен жол бойындағы жұмысына көңілі толмайтындығын баса айтты. Әкімнің айтуынша Атбасар, Бұланды және Сандықтау аудандарында су тасқынына байланысты ауқымды мәселелер туындап отыр.
– Қауіпті учаскелердегі дамбаларды бекіту жұмысын күшейтіп, Атбасардағы бөгеттің ұзындығын кем дегенде 3-4 шақырымға жеткізу керек. Сондай-ақ, су тасқыны қаупі төніп тұрған аудандардағы барлық әлеуметтік нысандар құм салынған қаптармен қоршалсын. Қардың күрт еруі таяу арада орын алуы мүмкін. Уақыт аз қалды. Сондықтан да, барлық күш-жігерді апаттың алдын алуға жұмылдырып, бірде-бір тұрғын үй, әлеуметтік нысандар су астында қалмауы керек, қазіргі қалыптасып отырған жағдай өте күрделі, – деді облыс әкімі.   
Кеңес барысында өңір басшысы аудандарды қажетті техникамен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Облыс әкімі техниканы облыс орталығынан бөлу туралы тапсырма берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың айтуына қарағанда, Атбасар ауданында қазір 200 бірлік техника жұмыс істеуде, қажет бола қалған жағдайда адамдарды көшіретін орын да дайын.   
Мұнан соң С.Кулагин 2016-2017 жылдары жылу беру маусымына дайындық мәселесін пысықтады. Сондай-ақ, алдағы аптада өткізілетін өңір басшысының баспасөз мәслихатына дайындық мәселесі де қарастырылды.  
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *