Жаңа заңдар жұмысты ширатты

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева бастаған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру барысы жөнінде брифинг өткізді.

Шараға Үкімет басшысының орынбасарымен бірге, Ұлттық экономика министрi Ерболат Досаев, Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов, Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігі басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев және Қазақстан xалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты.
Брифингте бірінші болып сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева биылғы жылдан бастап Қазақстан жаңа құқықтық және институттық орта жағдайында өмір сүріп жатқандығын атап өтті.
– 2016 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан 59 заң мен 400-ден астам заңнамалық актінің қабылдануымен қалыптасқан жаңа құқықтық және институттық орта жағдайында өмір сүруде. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке іріктеудің үш сатылы жүйесіне көшу жүзеге асырылды, командалық ауыс-түйіс доғарылды, нәтижеге сәйкес жалақымен қамтамасыз ететін әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді бағалау әдісі енгізілді, – деді Д.Назарбаева.
Сонымен қатар, Үкімет басшысының орынбасары еліміздің сот жүйесі 5 буынды жүйеден 3 буынды жүйеге көшкенін атап өтті. Жоғарғы сот кеңесі дербес аппаратымен автономды мемлекеттік мекеме ретінде жұмыс істей бастағандығын, құрылыс саласында рұқсат беру құжаттарын ұсыну мерзімі түбегейлі қысқарғанын еске салды.
Ал, Мемлекеттік қызмет істері  министрі Талғат Донақов жұмыс орнында смартфон пайдаланған өзге мемлекеттік қызметкерлер тиісті заңнама бойынша тəртіптік жазаға тартылатынын тілге тиек етсе, Ұлттық экономика министрі 1 шілдеге дейін жер қойнауын пайдаланушылар аукцион арқылы 100 участок сатып ала алатынына тоқталды. Сонымен қатар, ол елімізде қолға алынған үштілді білім беруді жүзеге асыру барысы жайында айтып берді.
Оның айтуына қарағанда алдағы оқу жылына, яғни 1 қыркүйектен 12 жылдық білім беруге көшу мақсатында елдің барлық мектептерінде 1-ші сыныптар үшін бастауыш мектептің 24 оқу бағдарламасы, негізгі мектеп және жоғары сыныптар мектебінің 84 оқу бағдарламасы әзірленді. 22 әдістемелік құрал мен жалпы білім беру мектептерінің мұғалімдері үшін 31 ұсыным дайындалды. Бүгінгі таңда елдің 117 білім беру ұйымы үштілді білім беруді іске асырған.
Сонымен қатар, ол индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы кадрларын даярлау үшін 11 базалық жоғары оқу орыны 78 шетел университетімен ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасасқанын атап өтті.  Ал, Сенат төрағасының орынбасары осы жылдың ІІ тоқсанында министрлер,
ІІІ тоқсанында ұлттық университеттердің ректорлары халық алдында есеп беретінін ескертті. Қазақстан xалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының төртінші бағыты аясында қазіргі таңда 5 пункт жүзеге асырылып жатқандығын түсіндіріп өтті.
Брифинг барысында жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері Елбасының жоғарыдағы мақаласында айтылған өзге де міндеттерге кеңінен тоқталып,  республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының қойған сауалдарына да жауап берді.  
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *