Елдік істерге сергек қарайды

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында аға ұрпақ өкілдерінің қатысуымен «Ұрпақтар сабақтастығы – дәстүр жалғасы» деген тақырыпта арнайы іс-шара өткізілді.

Бұл тағылымды шараға өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өркендеуіне үлес қосқан Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Кияткин, облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, Көкшетау қаласының құрметті азаматтары Болат Жанәділов, Тельман Мұқышев, білім саласының ардагерлері Зоя Колембах, Сара Керейбаева, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелері Мейрамбек  және Зере Қиықовтар, Қымбат Мұстафина және тағы басқалары қатысты. Бұл ардагерлердің бәрі елдік істерге сергек қарайтын жандар.

Аға ұрпақ өкілдерімен болған бұл кездесуді ашқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов өзінің сөзінде ел мүддесі жолында адал қызмет еткен ардагерлерге құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың басты парызы екенін атап көрсетті. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан асыл салтымыз. Сондықтан, осындай жандардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерін алу аса маңызды болып табылады.
Кең дастархан басындағы емен-жарқын әңгімеде әркім өз өмір өткелдерін еске алып, елге істеген азды-көпті еңбектерін тілге тиек етті. Сонымен бірге, өздерінің ой-пікірлерін айтып, жас ұрпақты тәрбиелеудің жолын нұсқады. Әсіресе, қазіргі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу  аса  маңызды екенін өз сөздеріне арқау етті.
Осы шара аясында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі журналист, сатирик Сайлау Көшкенұлының «Тілім менің –  тірегім» атты  кітабының тұсаукесері өтті. Бұл жинақ «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен жарыққа шыққан еді. Кездесу соңында шараға қатысқан аға ұрпақ өкілдеріне арнайы естелік сыйлықтар табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар