Бақытын ауылдан тапты

Шалғай ауылдарды білікті мамандармен қамтамасыз етуде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының тигізіп жатқан ықпалы көп. Осы бағдарламаның арқасында оқу бітірген жастар өз бақыттарын ауылдан тауып жатыр.

Мен әңгіме еткелі отырған Қанат пен Мәдина да осы бағдарламаның арқасында үй алып, өз шаңырақтарын көтерді. Өткен жылы ғана отау құрған олар осылайша қызмет, үй мәселесін толық шешіп алды.
1990 жылдың 1 наурызы. Қыс көбесі әлі сөгілмеген. Қар сол жылы қалың болды. Жұмыстан келген Өмірбек ауланың қарын күреп жатқан. Түс ауа толғақ қысқан әйелі Гүлнәрді жедел жәрдеммен Көкшетауға алып кеткен еді. Онымен бірге қалаға кеткен туыстары сол сәт қуанышты хабар жеткізді. Жары босанып, дүниеге тұңғыштары келіпті. Тұңғыш немересін көрген Мәриаш апайдың қуанышында шек жоқ. Есімін де өзі Қанат деп қойды. Сөйтіп, ұлдары атасы мен әжесінің тәрбиесінде өсті. 2008 жылы мектеп бітірген Қанат Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсті. Алғыр жас үшін университетте оқу оншалықты қиынға түспеген. Сабақтан тыс уақытында түрлі қоғамдық жұмыстармен айналысады. Сөйтіп жүріп, филология факультетінде оқитын Мәдина есімді қызбен танысып, екеуі тез тіл табысып кетті.
Универститетті бітірген Қанат туған ауылына келіп, мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа кірісті. Бұл – 2014 жылдың күзі еді. Сол жылы Балкашин орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып барған Мәдинамен арасын жалғастырған хаттар үзілмейтін. Келесі жылы Мәдинаға жас маман ретінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына сай пәтер берілді. Тағы бір жағымды жаңалық, Мәдина қызмет ететін мектепте тарих пәні мұғалімінің орны босапты. Осындай хат алған Қанат сүйіктісіне жетуге асыққан. Оның жолы болды. Сол жылы Балкашин орта мектебіне жоғарыдағы пән бойынша қызметке кірісті. Және бір жаңалығы – сүйген қызы Мәдина екеуі дүрілдетіп той жасап, отау құрды. Үйлері де дайын еді. Осылайша екі жас бар мәселені шешіп алды. Бұның бәрі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының
әкелген игілігі.

Әлкен СӘДУАҚАСҰЛЫ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар