Әр салада табыс бар

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Жарқайың ауданында болып,  өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты, аудан активін өткізіп, Елбасы Жолдауынан туындайтын жаңа  міндеттерді белгіледі.

 

Облыс әкімі Сергей Кулагин аудандағы жұмыс сапарын Өмірлік орта мектебінен бастады. Осынау білім ордасының іргесі 1979 жылы қаланыпты. 2008 жылы облыстық бюджеттен 9,2 миллион теңге қаражат бөлініп, ғимараттың шатыры мен жылу қазандығына  күрделі  жөндеу жүргізілген көрінеді. Мектеп директоры Ардақ Айтжанованың айтуынша, физика, химия кабинеттері мультимедиялық тақталармен толыққанды жабдықталыпты. Оқушылардың тәлім-тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Ол ағымдағы жылы «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы аясында төрт жас маманның осында жұмысқа келгенін қуана жеткізді. Соның бірі, Мөлдір Кеулімжай өңір басшысына мұражайды таныстырып, ауылдың тарихын баян етті. Сондай-ақ, ол мектепті бітіргелі отырған оқушылармен кездесіп, таңдаған  мамандықтары жайлы сұрастырып білді, мектеп ұжымына теледидар мен «Отау-ТВ» сандық қабылдағышын табыс етті.
Аудан орталығында сүт өндейтін цех  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында биыл іске қосылған болатын. Онда жылына 360 мың тонна сүт өңделеді. Мұндағы елу ірі қара мал  басын таяу жылдары үш есеге өсіру көзделіп отыр. Технолог Алена Ефимкина сүт өнімдерімен қалалық мектептер мен бала бақшаларды қамтамасыз етіп отырғанын сөз етті. Осы орайда, облыс әкімі ғимаратты үлкейтіп,  цех қуаттылығын арттыру қажеттігіне тоқталды .
Бұдан кейін өңір басшысы Сергей Кулагин 70 адамға арналған аудандық  орталықтандырылған ауруханадағы құрылыс жұмысының барысымен танысты. Бұл  күнде ғимаратқа бөлінген қаржының 137,7 миллион теңгесі игерілген көрінеді. Бұл нысан келер жылы пайдалануға берілмекші. Облыс басшысы «Молодежный» шағын ауданында орналасқан қайта жөндеуге келетін үй ғимараттарын иесіз деп танып, соларды таяу уақытта қалыпқа келтіру қажеттігін шегелеп тапсырды. Сонымен қатар, Островский орта мектебінде болып,  «Бота» шағын орталығын аралады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бану Исаева бұл кездесу үстінде ғимаратқа күрделі жөндеу  жұмысын жүргізудің  қажеттігін алға тартты.
Қала тұрғындары құрылысы жүріп жатқан  спорт кешенінің пайдалануға берілуін асыға күтуде. Аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Жағыпарованың айтуынша, мұнда спорттың барлық түрлерімен айналысуға мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл ғимарат Тәуелсіздік күні  пайдалануға берілмекші көрінеді. Аудан тұрғыны Наталья Гребенщикова ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы жолға қойылғандығын айтты.  Аудандық мәдениет үйі қалыпты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, көшелерді жарықтандыру, жол тораптарын жөндеу кешенді түрде жүргізілуде. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түсуде.
Сапар соңында өткізілген аудан активінде облыс әкімі Сергей Кулагин жеке кәсіпкерлерді ел игілігі жолындағы жұмысты бірлесе атқаруға шақырды. Елбасы Жолдауы-нан туындайтын міндеттерді орындаудың жарқайыңдықтар үшін де зор мерей екендігін жеткізді. Сонымен қатар, өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан еңбек озаттарын Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар