Байтағымыздың байрағы, намысымыздың қайрағы

Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Таяуда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын Қазақстан халқына жолдаған Жолдауы жарияланды. Алдымен, тікелей эфирден берілген сәтін толғанып, толқып отырып тыңдадық. Кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәтінін бар зейінімізді салып, мұқият оқып шықтық. 

Жүк ауырын нар көтерер, ел ауырын ер көтерер» демекші, кәтепті қара нардың қабырғасын қайыстырар алапат салмақты арқалап, нұрлы болашақты маңдайға алып, соңынан ерген елге айшуақ мұратты меңзеп, зор сенімді сіңіріп, серпінді қуат бітіріп, көш бастаған кемеңгерге тірек болу, қойып отырған міндетінің үдесінен шығу әр азаматтың абыройлы борышы. Ұлт тарихының ұлағат ұқтырар тұңғиықтағы тылсымына көз жүгіртсеңіз қабырғамызды қақыратып, омыртқамызды опырған қиындықты да аз кешкен жоқ едік қой. Содан қорытынды шығаратын уақыт жетті емес пе? Үш рет мертіккеннің өзі сынықшы болады дегендей, өзіміздің кем-кетігімізді бажайлай алатын халге жетсек керек еді. Кейде бізде ұлттық идеология жоқ дейтін кесір сөзді де естіп қаламыз. Ұлттық идеология дегеніміздің өзі осы Жолдау емес пе? Елбасының Жолдауындағы айтылған әрбір тарау, тармақты қапысыз ақтарсақ, ол ең алдымен, өз халқымыздың игілігі, еліміздің болашағын көксеген мұрат. Ұлттық идеология дегеніміз сол әнекей.   
Тәуелсіз еліміздің экономикасы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы барынша қарқынды дамуы үшін терең ойластырылған, егжей-тегжейлі зерттелген болашаққа бас-тар соқпақтың нұрлы жолы қай бағытта екендігін таң алдындағы темірқазық сияқты айқын меңзейтін құжат екендігіне көзіміз жетіп отыр. Алдымен, жол қатынасы туралы айта кетейінші. Ертеректе Қытай елінде сол елдің бір бақуатты бизнесменімен елі жайында емен-жарқын пікірлескенім ойыма оралып отыр. Аз уақыттың ішінде әлемге таңдай қақтырған Қытай экономикасының соншалықты серпінді дамуына не әсер етті деп сұраған едім. Сонда қытай бизнесмені ел экономикасының бірден қарқынды дамып, қанат жайып кетуіне алдымен жаңадан салынған жолдың әсер еткендігін, қуатты дамуға шуақты нұр құйып, ерекше серпін бергендігін егжей-тегжейлі бақайшақтап айтып берген болатын. Сол сапарымда ішкі Қытайда, елдің шығыс жағында, батыс беткейінде таспадай тартылған оқтай түзу, тақтайдай жазық жолдарын көріп таң қалғаным бар. Жол – тіршіліктің, экономиканың күретамыры. Ел ішіндегі экономикалық байланыстардың жақсарып кетуіне, үйлесімділігіне, тауар құнының арзандауына жолдың тигізетін септігін айтып жеткізу де оңай емес. Елбасы ендігі арада байланыс логистикалық тараптарды жетілдіру мәселесін қойып отыр. Бұл шешімнің елдің көркеюіне әсер ететіндігі сөзсіз. 
Төрткүл дүние қаржы тапшылығынан дағдарысқа ұшырап отырған сәтте екі жүз мыңнан астам жұмыс орнының ашылуы ең алдымен, ел адамдарына деген қамқорлық дер едім. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыздар жаңа ашылған жұмыс орындарына орналасып, ел экономикасына өзіндік үлестерін қосу арқылы отбастарын асырап, тұрмыстарын түзейді. Сонда дағдарыстың қара дауылы қарашаның шаңырағын шайқалтпайтын, дастарханынан ырысын кемітпейтін болады.
2006-2007 жылдары ұлттық қор ұйымдастырып жатқан кезімізде әр қилы әңгіме де болған. Ол кезде қорда алтын валюта резервін қоса есептегенде небары 38 миллиард доллар бар еді. Кейбір тереңнен ойлап, тұңғиыққа бойлай алмайтындар қордағы қаржыны халыққа бөліп беру керек дегенді де айтқан. Сол қаржыны шашпай-төкпей жинап, қиын кезеңге сақтағандығы Елбасының көрегендігі дер едім. Қазір қордағы қаржы 98 миллиард долларды құрап отыр. Енді міне, дәл керек кезінде ел игіліне жұмсалады. Келер жылы экономиканың қуатын арттыру үшін үш миллиард доллар бөлінбек. Дағдарыстан шығып кеткенімізше әр жыл са-
йын тиісінше қаржы бөлініп отырылмақ. Атам қазақта «қоры үзілмеген» дейтұғын бір теңеу бар. Бақуатты, берекелі шаңырақтың ырысын меңзегені ғой. Мемлекет те сол сияқты. Ұлттық қорды ұйымдастыру арқылы қоры үзілмеген, қордалы, берекелі мемлекет болып отырмыз.
Елбасының ерлік ісіне сүйсінген сайын алғаш жүздескен, кейінгі әрбір кездескен сәттерім ойға оралады. Менің өмірімдегі шуақты, нұрлы, әсерлі жүздесулер. Әрбір жүздесуден кейін тұла бойыма сипаттауға тілім жетпес қуат құйылып, қажырым артып, көкірек көзім ашылғандай.
1995-1996 жылдары ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруге орай қаншама пікірлер айтылды. Оңы да, терісі де бар.  Белдеусізден үй тігіп, белгісізден би шығып, аяқ астынан пайда болған көсемдер Елбасының бастамасына күдік те білдіргендігін жасырудың қажеті жоқ шығар. Тіпті, зиялы қауымның өзі қақ жарылып тұрды. Иә, ол кезде шынында да Ақмола бұрын облыс орталығы ғана болған, жүдеу, сұрғылт, шағын қала еді ғой. Табиғаты да қытымырлау. Етегіңнен кірген жел кеулеп жағаңнан шығатын. Және күні-түні бір тынбай, ішін тартып уілдеп соғып тұратын. Оңтүстіктің мамыражай табиғатына еттері үйренген кейбір адамдардың «мынау ит байласа тұрғысыз жер ғой» дегендерін де естігенбіз. Енді қазір қараңызшы Ақмоланың ажары қандай, абыройы қандай. Көрген көз қуанып, түйсінген көңіл тоғаяды емес пе? Талдап айтсаң, таңнан таңға ұласатын тамаша жыр. Елдіктің жыры, ерліктің жыры. Елбасының ерендігін, көрегендігін өзек ететін өміршең жыр. Әлем тарихында астанасын ауыстырған екі-үш мемлекет бар. Ресей Санкт-Петербургтен Мәскеуге, АҚШ Нью-Йорктен Вашингтонға астанасын ауыстырды. Бірақ, олар да қаншалықты қауқарлы, бай ел болғанымен біз тәрізді етек-жеңін он жылда жинап астана сала алмаған.
Жадымда өшпестей болып жатталып қалған жайлар еді. Кей-кейде көңілдің бір түкпірінен аңдағайлап ойға оралары бар. Ол кезде мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің  кеңсесінің экономика бөлімінің бас сарапшысы болып қызмет істейтін едім. 1997 жылдың 27 қараша күні Астана қаласына көшіп келдік. Сөйтіп, жаңа жердегі жаңа өмір басталды. Алаш тағдырының айтулы кезеңі болған астананы Ақмолаға көшіру сапарының куәсі болдық. Шалғайдағы шағын қалада жергілікті ұлттың үлес салмағы да тым аз екен. Шамамен отыз пайыздың төңірегінде. Қазіргі жағдаймен салыстырғанда мүлдем келмейді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен жаңа жыл алдында кездесу өткізілді. Сол бір кездесу менің жадымда мәңгілікке жатталып қалды десем де болар. Үлкен әсерге бөлендім. Елбасының сарабдал саясатын айқын ұғындық. Кемеңгерлік қасиетін жаза баспай таныдық. Адаспасымызға сендік.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары білім департаментінің директоры болып тағайындалдым. Мұндай ірі лауазымға Елбасының келісімі арқылы тағайындалады ғой. Өзіме зор сенім білдірілгеніне қуандым. Бойымдағы бар білімді, күш-жігерді жұмсап, сенім үдесінен шығуға тырыстым. Кейін 2001 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып қызмет еттім. 2005 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне ауыстырды. Оған әртүрлі саяси жағдайлардың себеп болғандығын айта кету керек.
Ақтау университетінде 2007 жылы сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен университет Кампусын салатын болдық. Әлемдік архитектураның ең озық үлгілерін пайдаланған, студенттердің жаңа заман талабына сай барлық жағдайы тудырылған кешен. Кампустың жобасын Елбасына көрсетіп, батасын алдық. Университеттің 17 қабатты бас ғимараты 2009 жылы қыркүйекте салынып бітіп, іске қосылды. Бас ғимараттың құрылысын 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауға арнайы келген сапарында көріп, ризашылығын білдірді. Осы жолы Елбасының болашақтың жайын терең ойлайтындығына куәгер болдым. Болашақ дегеніміздің өзі жан-жақты терең білім алып жатқан бүгінгі жастар ғой. Сол жастардың әлемнің ешбір елінен кем түспейтін, қайта терезесі тең, кемелдігі басым, келістілігі артық білім ошағында білім алуына жағдай туғызу болашақты бағамдағаны, қамқорлық жасағаны емес пе. Сапар барысында студенттермен емен-жарқын әңгімелесті. Күн қара қарғаның миы қайнайтындай қапырық, ыстық болатын. Елбасының әр минуты қымбат екендігі белгілі. Бірақ, сонда да ел тарамай тұрып алды. Елдің Елбасына деген шексіз ықыласын көріп, біз де разы болдық. Ине шаншар жер жоқ, иен тіресіп тұрған жастар. Біз оларды күштеп, зорлап жинап қойған жоқ едік. Бәрі өз еркімен, өз қалауымен. Елбасы қанша асығыс болса да, «халық қаласа хан түйесін сояды» дегендей ел тілегінен аттап кете алмады. Екі сағатқа жуық барынша ашық, айқын әңгіме сабақталды. Тақырып білім төңірегінде. Білімді ұрпақ болашақтың кепілі екендігі сәтімен сабақталды. Алуан-алуан пікір алмасылды.
Осындай ерен еңбегі ғой Елбасын еліне сүйікті еткен. Өз ішімізде ғана емес, барша әлемге танытқан. 1988 жылы мен Германия Федеративтік Республикасындағы Целли қаласындағы Нижне-Саксон неміс басқару академиясында оқып жүргенімде, әр мемлекеттен келген алты ғылыми қызметкер бірге болдық. Үшеуі Қытай, біреуі Бразилия,  бірі Оңтүстік Корея елінің азаматтары. Таныса келе, жөн сұрастық. Әлгілердің ешқайсысы қазақ дейтін ұлтты, тіпті, ұлан-байтақ Қазақстанды бұрын-соңды естіп-көрмеген екен. Оқыған, тоқыған, көзі ашық азаматтардың азуын айға білеген  Алаш жұртын танып білмеуі кәдімгідей намысымды келтірді. Шыр-пырым шығып, Қазақстанның кең-байтақ ел екендігін, негізгі ұлты қазақ дейтін жұрт екендігін тілім жеткенше түсіндіріп жатырмын. Әбден болмаған соң дүниежүзілік географиялық карта сатып алып, Кеңес Одағын, кеңес одағының құрамдас республикасы Қазақстанды көрсетіп барып, сәл де болса саналарындағы саңылауды жарықтандырдым. Сол жолы қорланғаным, ренжігенім өмірі естен кетпестей. Арада қаншама жыл өтті. Қазақ елі егемендігін алды. Ел егемендігін алған соң ғылым қуып, шетелге жиі шығатын болдық. Дөңгеленген дүниенің қай түкпірінде әуежайда немесе вокзалдарда тұрсаң беймәлім жұртпен кездесесің, жүздесесің, танысып, білісесің. Қазір Қазақстан десең болды шет елдің оқымыстылары түгіл былайғы жұрты да «О, Қазақстан, Назарбаев» деп саңқ ете түседі. Әлем таныған ел қатарына қосылғанымызды, әлем жұртшылығы бізге ілтипатпен қарайтындығын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Іргедегі Қытай елінде мектеп оқулықтарындағы оқу құралы – картасында Қытай шекарасы Балқаштың бауырын, Алматының етегін түгел қамтиды екен. Есебі, көне қытайға тиесілі, арғы заманда қытай халқы бауыр басқан, мекендеген аймақ. Осыған орай, Алаштың айтулы азаматы Қуаныш Сұлтанов Қытайда елші болып жүргенінде арнайы нота жолдағанын да білеміз. Қытайлар айтатын көрінеді:
–Жер сендердікі екенін дәлелдейтін арнайы құжаттарың бар ма? – деп.
Атам қазақтың отыратын төрі болғанымен, басатын мөрі болмаған ғой. Құжат қайдан болсын. Шекара дегеніңіздің өзі өте шетін мәселе. Баһадүр бабаларымыз қол қойғызып, құжаттамағанымен, Алтайдан Атырауға дейінгі сайын даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғағандығы анық қой. Олар да тегін жаралған адамдар емес. Айтулы ақын Кәкімбек Салықовтың бір өлеңінде мынандай жолдар бар:
Өр Алтай мен Атыраудың арасы,
Ұлан-байтақ қазағымның даласы.
Сонша жерді сойылменен қорғаған,
Ата-бабам осал емес шамасы.
Иә, сойылмен қорғаған, сойылмен ғана емес, жан-тәнімен, тұлпар мініп ту ұстап өткен өмірімен қорғаған сайын даланы мекен еткен Алаштың төрт мың жылдық тарихында тұңғыш рет шекара белгіленді. Қытаймен ғана емес, бауырдағы өзбекпен, ормандай қалың, шекарасының бізбен жапсарлас ұзындығы 7,5 мың шақырымды құрайтын Ресей елімен. Бұл да қазақтың бағына туған кемел ойлы, кемеңгер Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы демегенде, не дейміз.     
Мынадай бір тәмсіл бар. Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздырған шөл дала. Төсін көктеп өту тіпті де мүмкін емес. Ұлы теңізге шығатын жол шөлдің арғы бетінде. Керуен тартқан ел қырылып қалмас үшін сәл салқындаған түнде ғана көлікке қом салса керек. Сондай бір қысылтаяң сәтте елдің ақылман патшасы қол астындағы халыққа шөлдегі жолдан өткен сайын әркім бір кесек тас алып келіп, жол жағалауына тас-тасын деген жарлық береді. Кейін бұл әдетке айналып кетіпті. Күндердің бір күнінде көшкен құм тоқтап, шөл далада гүлзар пайда болады. Жасыл желек жайқалып өседі. 
Біз де әрқайсымыз дәл осылай үлесімізді қоссақ, егемен еліміздің мәртебесі биік, Көшбасшымыздың мінбері биік болары даусыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар