Ән-жырымды тарту еттім

Біз үшінші жыл қатарынан тұңғыш Президент күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырдық. Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бастап Елбасымыз қандай қиын кезеңдерді бастан өткерсе де, халқымен бірге жасап келеді.

Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни, 1993 жылы Нұрекеңмен Көкшетауда кездескенім есімде. Ақан серінің 150 жылдық мерейтойында Ақан ауылында үлкен салтанат болды.
Атқанда тәуелсіздік нұрлы таңым,
Асқақтап, шарықтайды сырлы әнім.
Ақандар қалай ғана ұмытылар,
Әндетсе домбыра алып Нұрсұлтаным..,–
деп, мен Елбасымыздың алдында әуелете ән шырқап едім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Нұрекеңмен Бурабайда екінші рет жолығыстық. Сонда ол  «Иран, бір жас айырмашылық ештеңе емес, екеуіміз құрдас болайық», – деп еді. Мен де:
Құрдас деп кездескенде еркелеттің,
Дем берген сөздеріңмен төрге жеттім.
Нұрекем Астанаммен бірге туған,
Тағы да ән-жырымды тарту еттім, –
деп оған хат жолдап, кітаптарымды, бейне және аудио дискілерді тарту еттім. Елбасымыз менің шығармашылығыммен танысып, төрт мәрте ризашылығын білдіріп хат жолдады. «Көкше жолы» атты кітабым 1999 жылы Президенттің жеке кітапханасына тапсырылды. 2013 жылы сәуір айында Абылай хан бабамыздың 300 жылдығына орай, «Тәуелсіздік көк туы» атты кантатаның либреттосын жазып, қайырымдылық концертімді өткіздім. Осы шаралар туралы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, кантата мен концерттің бейнедискісін жібердім. Президент әкімшілігінен келген хатта «Сізге ол кісі шығармашылық шабыт, зор бақыт, еңбегіңіздің зейнеті мен бала-шағаңыздың қызық-қуанышын ұзағынан көре беруді тілеген сәлемін жеткізуді тапсырды» деп жазылған.
Президентіміздің осы бір ауыз ыстық сәлемін естіп, мен қуанып қалдым. Балаша қуанғанымды да еш жасыра алмаймын. Бұл дискілер кейін облыстық әкімдіктің қолдауымен 300 дана болып көбейтіліп, киелі Көкше топырағына Абылай ханның тойына келген қонақтарға сыйға тарту етілді. 2014 жылдың басында «Сарыарқа – сайран төрім-ай», «Иран сал әндері» атты екі кітабым баспадан шығып, олар да Елбасына тарту етілді.  Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары шыққан 132 әннің ішінде «Астана», «Ақ Орда – бәйтерегім», «Тәуелсіздік шаттығы», «Тәуелсіздік көк туы» секілді Президентімізге арнап шығарған бірнеше әндерім бар. Соңғы әнім кантатаға айналды.
Президент мені текке «құрдас» деп атамаған екен. Екеуіміздің де мамандығымыз бір-біріне жақын, ол – металлург, мен – тау-кен инженерімін. Ол – Теміртауда, мен – Жезқазған қаласында жұмыс істедім. Екеуміз де жастық шақтың айбыны – комсомолда біте қайнадық. Біздің алғашқы ұстазымыз да бір екен. Ол партия қызметкері Николай Григорьевич Давыдов.
Президентіміздің елге жасап жатқан қамқорлығы менің отбасыма да жақсылық әкелуде. Ұлым Ерлан «Болашақ» бағдарламасымен Америкада магистрлікті қорғап, Атырау қаласындағы белгілі компаниялардың бірінде қызмет етуде. Жиенім Әзиза да Чикаго қаласында докторантураны аяқтауға жақын. Алда тұңғыш Президент күні келе жатыр. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында еліміз дамып, қарыштай беруіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін.

Иран сал ТАСҚАРА,
ақын, әнші, композитор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар