Өмірімнің жарқын сәттері

Мен Мемлекет басшысын  1962 жылы алғаш рет комсомолдың ХІ съезінде көрдім,  сол кезде ол 19 жастағы жалындаған жігіт болатын.

Аталған жиынға көкшелік делегацияны бастап барған едім. Бұл Қазақстан Магниткасының атағы әлемге шарықтап тұрған  сәті. Сонда қарапайым ғана кенші болып жүрген азаматтың дүйім жұрттың алдында тосылмай, екпіндетіп сөз сөйлеуі, сол айтқандарына жұртты сендіре білуі бәрімізді риза етті. Қазақта «Баталы құл арымас, батасыз ұл жарымас» деген мақал бар ғой.  Көпшіліктің берген ақ батасы мен бойындағы сол бір күш-жігері, еңбекқорлығы мен бастамашылдығы оны бүгін міне, Президенттік дәрежеге көтерді.
Біз бұдан кейін үш жыл Алматыдағы жоғары партия мектебінде бірге  оқыдық. Ол уақытта да Нұрсұлтан курстастарымыздың ішінен өзінің көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленетін. Оқуды бітіргенде түскен  суретіміз әлі күнге дейін бар. Өзінің таным-түсінігі, пайым-парасаты мен ой ұшқырлығы оны бәріміздің ішімізден Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы деңгейіне дейін көтерді. Мен қазақтың маңдайына біткен осындай біртуар азаматпен таныстығым үшін өзімді  бақытты адаммын деп санаймын.
Тәуелсіздік алғаннан кейін де әр жылдары облысымызға келген сапарларында онымен жүздесіп тұрдық. Сондағы бір байқағаным, Президент бола тұра, ол өзін халықтан ешқашан жоғары ұстаған емес. Әрдайым бізбен қол беріп амандасып, құшақтасып, жағдайымызды білгісі келіп тұрады.  Осыдан бес-алты жыл бұрын Нұрекең Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің мұражайында болды.  Сондағы оған деген халықтың ықыласын көрсеңіз. Бір-бірін ығыстырып, сығылысып бәрі де Елбасымен дидарласып қалуға ұмтылып жатты. Бұл да Ұлт көшбасшысының өзінің жұртқа жақын тұратын адамгершілігі мен қарапайымдылығының арқасында қол жеткізген биігі деп ойлаймын. Жалпы, өңірімізге жұмыс сапарлары, «Нұр Отан» партиясының съездері, Қазақстан халқы ассамблеясының сессиялары,  басқа да түрлі деңгейдегі маңызды іс-шараларда онымен жүздескен сәттерімде байқағаным, ол ешқашан өзінің бұрынғы таныстары мен тұстастарын естен шығарған емес.
Нұрсұлтан Әбішұлын жарты ғасырға жуық уақыт білетін адам ретінде мен оның бойында керемет бір сарқылмас қуаттың барына әлі күнге дейін таң қалумен келемін. Биылғы Жолдауды жария етерде де Көшбасшымыз осы әдетінен жаңылған жоқ. Ендеше, жаратылысы ерекше жанға мен ел игілігі жолындағы аса жауапты қызметінде тек қана табыс, ұзақ  ғұмыр тілеймін.

Зура ШУАТАЕВА,
еңбек ардагері,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар