Риза болған еді

Елбасымен өмірімде екі мәрте жүздесудің сәті түсті. Мемлекет басшысы біздің серіктестікке алғаш  2007 жылдың 26 шілдесінде  ат басын бұрған еді. Біз оны егістік алқабында күтіп алдық. Шаруа жайын сұрастырды. 

Дұрыс жолға қойылған жұмысымызды көрген соң отандық кәсіпорындардың осындай дәрежеге жетіп жатқандығына ризашылығын білдіріп, табысымыздың сырын сұрады. Мен оның басты сыры – Ұлт көшбасшысының жеке секторды дамытуға деген оң көзқарасы мен еліміздегі кәсіпкерліктің тасын өрге домалатуға бағытталған бағдарламаларда жатқанын баяндап, Президентке өңірдің барлық бизнесмендері атынан өз алғысымды жеткіздім.  
Расында да, мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидиялардың арқасында біз егін мен  мал шаруашылығын қатар дамытып, ауыл шаруашылығы тауарларын кешенді өңдеу саласын қолға алып отырмыз. Бүгінде экспорттық әлеуетіміз айтарлықтай арта түсті. Мәселен, биыл 58 тонна көлеміндегі ірі қара мал етін шетелге шығардық. Тәулігіне 120 тонна ұн өңдеп, Өзбекстан мен Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдеріне экспорттап жатырмыз. Елбасы 2009 жылдың 19 тамызында  Ақмола облысына жұмыс сапарымен екінші рет келгенде осы жетістіктерімізге куә болып, тағы да атқарған істерімізді көріп кетті.
Бұл жолы ол 1200 бас ірі қара малға арналған мега-кешенді ашып, өнімдерді өңдеуге баса ден қою қажеттігіне назар аударған еді. Осы тұста біздегі сүт зауытында 16 түрлі сүт өнімдері өңделіп, отандық нарыққа жол тартып жатқандығын айта кетейін. Қазіргі таңда Президент ашқан кезде 600 болған венгр сиырларының саны 1255-ке көбейді. Ең бастысы, 380 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Одан кейін де Ақордадағы маңызды жиындарда, басқа да ауқымды шараларда ол кісімен кездесіп жүрдік. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесіне тауарымызды апарғанда, бізді танып, шаруа жайын сұрастырып жатады. Өзі аралаған нысандарды ұмытпай, соның одан арғы даму жолын білгісі келіп тұрады. Мені сүйсінтетіні де осы.  Жалпы, айтпағым – осы жүздесулердің бәрінде де мені Ұлт көшбасшысының көрегендігі, шаруақорлығы таң қалдырады. Оның бар саладан хабары мол. Осы қасиеттері бізді мақсатты істерімізде толайым табыстарға жетелейтіні сөзсіз.

Асылбек ИСМАҒАМБЕТОВ,
«Есіл Агро» ЖШС директоры,
 облыстық мәслихат депутаты.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар