Ғарышкердің құрметі

Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде ғарышкер, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Халық Қаһарманы, Ресей Федерациясының батыры, техника ғылымдарының докторы Талғат Мұсабаев оқытушылармен және студенттермен кездесу өткізді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде аталған университетке кездесуге келіп, үздік студенттерге сыйақы беріп, өзінің ақыл-кеңесін айтып жүрген ғарышкер Талғат Мұсабаевпен Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының экс-депутаты Анатолий Башмаков бірге болды.  Бұл жолғы сапар мақсаты да алдыңғы келген сапарлар сияқты Талғат Мұсабаев атындағы сыйақыны үздік студенттерге табыстау еді.
Атағы алты құрлыққа әйгілі қазақтың батыр ұлын университет басшылары мен студенттері үлкен қуанышпен қарсы алып, шашу шашты. Оқу орнының дәріс залына жиналған студенттердің алдында алғашқы болып сөз алған Анатолий Башмаков Талғат Мұсабаевтың ерлігін, адамгершілігін, біліктілігі мен білімділігін айта келе, өнегелі өмірінен шәкірттердің  үлгі алу керектігін жеткізді. Ол Т.Мұсабаевты тек қазақ халқының ұлы емес, жалпы адамзаттың маңдайына біткен бақ деді. Ал, ғарышкер өз кезегінде студенттерге 14 жыл қатарынан беріліп келе жатқан сыйақының бастапқы идеясы осы Анатолий Башмаковтан шыққанын жеткізді.
– Маған шәкірттерге өзімнің атымнан сыйақы беру туралы ұсыныс түскенде ыңғайсыздандым. Сыйақы берілуі керек, алайда, ол сыйақы менің атымда болғаны жұртшылыққа қалай әсер етеді екен, мақтанғанымдай болып кетпей ме деген де ой келді. Кейін бұл ісіміздің оң нәтиже бергенін көріп,  өте дұрыс әрі керек қадам екенін түсіндім. Еліміздің болашағы жастар екені даусыз. Сондықтан, талапты жастарды қанаттандырып, ынталандырып, осы сыйақыны өз қолыммен тапсырып отыруым керек деп шештім.  Ертең ол жастар еліміздің абыройлы, арлы, бетке ұстар азаматтары болатынына сенемін. Сіздерге жыл сайын келіп, ақылымды айтып, кездесу өткізуім армандарыңыз асқақ, рухтарыңыз биік болсын деген ізгі  ниетім, – деп түйіндеді өз сөзін Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаев.
Биыл батыр ғарышкер сыйақысына Бексұлтан Балтабаев, Нұргүл Мұқышева, Шолпан Көшімбай, Гүлден Манапова, Райхан Сабырова, Мирас Сәтбаев, Дмитрий Рудской, Анастасия Сeменова және Бах-тияр Тасболатов сияқты студенттер ие болды. Сонымен қатар, Талғат Мұсабаев бірқатар ұстаздар мен қызметкерлерге Алғыс хаттар тапсырды.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар