Жастарды қанаттандырған өнер мерекесі

 

«Достар» мәдениет сарайында облыстық  білім басқармасының және өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен екі күнге созылған VII облыстық Ұлттық жастар дельфийлік ойындары өз мәресіне жетті.

 

Жастардың бойындағы шығармашы-лық қабілетті дамытуға бағытталған өнер сайысына  он аудан мен Көкшетау, Степногорск қалаларынан екі жүзден астам өнерпаздар қатысты. Айта кетерлік жәйт, жыл сайын байқаудың танымалдылығы артып, сәйкесінше қатысушы-лардың саны да көбеюде. Ойындар екі жас ерекшелігі бойынша кіші (10-15 жас) және ересектер тобы (16-21 жас) арасында өткізілді. Қатысушылар музыка, би, көркемсөз өнері, киім
дизайны және тележурналистика сияқты  11 аталым бойынша бақ сынасты. Классикадан бастап қазіргі заманға дейінгі өнердің барлық түрін қамтитын доданың ашылу салтанатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Ермолаева құттықтау сөз сөйлеп, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Содан соң әр аталым бойынша әділқазылар алқасының төрағалары таныстырылып, халықаралық және республикалық  дельфийлік ойындардың жүлдегерлері көрерменге әсем ән мен тәтті күйден шашу шашты.
Екі күнге созылған өнер аламанында дарынды жастар үй тапсырмасын, екінші кезеңде әділқазылар алқасымен берілген арнайы тапсырмаларды орындады. Мәселен, «Тележурналистика» аталымы бойынша төрт топ «Дельфий ойындары және менің шағын Отаным» тақырыбы негізінде жаңалықтар сюжетін түсіріп, тілші мен оператордың негізгі міндетін саралады. Ал, екінші айналымда топтар облыс орталығындағы ескерткіштер мен көне ғимараттар жайында  сюжет дайындап, өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетті.
Жас дарындарды шыңдайтын байқау нәтижесінде үлкен гала-концерт ұйымдастырылып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар  көрермендерді өнерлерімен тәнті етті. Сондай-ақ, бағдарлама барысында алтын, күміс, қола медаль иегерлері марапатталып,  үздік өнер иелері ағымдағы жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Степногорск қаласында өткізілетін республикалық дельфийлік ойындарына жолдама алды.
Олардың қатарында Зеренді
ауданына қарасты Садовый  орта мектебінің оқушысы Жомарт Қадыл, Дарынды балаларға арналған №3  облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары Абылай Қылышбек, Болатхан Ризабеков,  Щучинск қаласындағы балалар өнер мектебінің  «Вива данс» би тобы, Біржан сал атындағы музыкалық мектептің оқушылары Гүлім Құдысбек, Мирас Мағжанов  және тағы басқалары бар.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар