«Өмір» деп жүрек соғады…

 

Биыл қазақ елінің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен өз тәуелсіздігін алғанына ширек ғасыр толмақшы. Осы қысқа мерзім ішінде еліміз небір күрделі кезеңдерді бастан кешті. Соған қарамастан,  Елбасымыздың өз халқын  жарқын болашаққа бастаған сындарлы саясатының арқасында сол кедергілердің бәрінен сүрінбей өткен көпұлтты Қазақстан бұл күнде әлем таныған іргелі мемлекеттердің біріне айналды. Міне, тәуелсіздігіміз тұғырлы болған осы  тарихи 25 жылдың ішінде еліміз қол жеткізген толымды табыстарды киелі Қараөткел, көрікті Көкше өңірлерінің жарқын мысалынан  сарабдалдықпен оқырмандар есіне тағы бір  сала түскенді жөн көрген «Арқа ажары» газетінің редакциясы бүгіннен бастап басылым бетінде «Тәуелсіздік тұғыры» атты  жаңа айдар ашып  отыр.  
Оның үстіне осы айдарымыздың төмендегі беташар мақаласы бүгінгі таңда жүрекке небір күрделі оталар жасалатын Ақмола облыстық ауруханасының кардиохирургия бөлімшесінің тыныс-тіршілігіне арналып отырғаны да тегін емес. Өйткені, осыдан ондаған жылдар бұрын Көкшетауда күндердің күні мұндай ота жасалады десе, біреу сенер ме еді. Олай болса, осының бәрінің қазір қалыпты жағдайға айналуы,  яғни, жүрек-қан тамыры ауруларынан зардап шеккен ондаған отандастарымыздың сауығып, толыққанды өмірге оралуы – бұл да тәуелсіздігіміздің, осы басты құндылығымыз әкелген игіліктердің арқасы екендігі сөзсіз.    

 

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2006-2009 жылдарға арналған «Кардио-логия мен кардиохирургияны дамыту» бағдарламасына сәйкес, еліміздің барлық аймақтарында облыс орталықтарында кардиохирургия бөлімшелері ашылды. Ақмола облысында да 2008 жылдың 1 сәуірінде 20 орындық ангиохирургиялық кабинеті бар кардиохирургия бөлімшесі ашылып, жұмысқа кірісті. Жаңа бөлімше медициналық қызметтің бұрын өңірімізде игерілмеген жаңа түрімен айналысатын еді. Онда бұрын тек баспасөз беттерінен оқып, деректі фильмдерден ғана көретін жүрекке түрлі күрделі операциялар жасау жүзеге асырылуы тиіс болды.
Тәуелсіз Қазақстан елі қолға алған еліміздің барлық аймақтарынан жүрекке операция жасайтын кардиохирургия бөлімшелерін ашу, оны қазіргі заманғы жаңа құралдармен жабдықтау, ең бастысы бұрын бізде игерілмеген жаңа салаға қажетті білікті мамандар даярлау – өте күрделі және көп уақыт пен қаржыны қажет ететін қиын шаруа болатын. Солай болғанымен, еліміздің Үкіметі және облыс әкімдіктері Елбасы алға қойған бұл ауыр міндетті қысқа мерзім ішінде ойдағыдай орындап шықты.  2008 жылы Көкшетауда облыстық  аурухана жанынан ашылған кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып 2011 жылы білікті жас маман Нұрлан Мінайдаров тағайындалды. 2005 жылы Астана медициналық академия-
сын бітірген ол еңбек жолын Степногорск қалалық ауруханасында хирург дәрігер мамандығымен жұмыс бастайды. Жұмыс барысында өзін жақсы қырынан танытқан жас маманға үлкен үміт артылып, 2007 жылы Литваның Каунас қаласына он айлық білім жетілдіру курсына оқуға жіберіледі. Бұл кез Елбасы тапсырмасына орай «Кардиология мен кардиохурургияны дамыту» бағдарламасын аймақтарда жүзеге асыруға дайындық жасалып жатқан кез еді. Осы мақсатта кардиохирургия саласында біршама жетістіктерге жеткен литвалықтардан үйреніп, жаңа саланың қыр-сырымен танысу үшін жас маман білім жетілдіру оқуына жіберілген болатын.
– Көкшетауда алғаш рет жүрекке операция 2008 жылдың 8 шілдесінде жасалды, – деп есіне алады Нұрлан Сәбитұлы. – Ол кезде бізде білікті мамандар жоқ болатын. Сондықтан, операцияны Астанадан келген маман кардиохирург Юрий Пя жетекшілік еткен дәрігерлер тобы жасады. Алғашқы операция сәтті өтті.  Дамыған шет елдердің өзінде жүрекке операция жасайтын орталықтар бірнеше ірі қалаларда ғана болады. Литвада мұндай орталықтардың бірі Каунас қаласында орналасқан. Барлық өте күрделі операциялар сол жерде жасалады. Ал, жер аумағы үлкен Қазақстан үшін жүрек орталықтарын Астана немесе Алматыда ғана ашу біраз қиындық тудырар еді. Қатты науқастарды орталыққа жеткізу өмірлеріне қауіп те туғызады. Өйткені, кейбір науқастарға операция жедел жасалуы қажет. Осыған орай, Мемлекет басшысы жүрек орталықтарын әр аймақтан ашу міндетін қойды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қыруар қаржы бөлініп, қазіргі заманғы жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды. Жаңа салада жұмыс жасайтын білікті мамандар даярлау ісі де жедел қолға алынды. Жүргізілген осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бүгінде еліміздің барлық аймақтарында жүрек орталықтары бар және онда жүрекке күрделі операцияларды сол жерде жергілікті мамандар жасауда.
Жаңа жұмысты жолға қою оңай шаруа емес. Көкшетауда ашылған кардиохирургия бөлімшесінің жұмысы бірден ілгері басып кете алмады.  Операция жасауға қажетті барлық жағдай жасалғанымен, білікті мамандар жоқ еді. Жүрек сияқты адам тәнінің аса маңызды күрделі ағзасына операция жасауды бірер күнде меңгеру мүмкін емес-ті. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Литва Үкіметімен келісім жасап, соған сай Литвалық білікті мамандар вахталық әдіспен еліміздің түрлі аймақтарындағы жүрек орталықтарында болып, көмек көрсетуді мойындарына алды. Каунастағы жүрек орталығының жетекшісі профессор Римантас Бенетис Көкшетауға жиі келіп, күрделі операциялар жасап жүрді. Осы кезең ішінде жергілікті кардиохирург дәрігерлер операция жасаудың қыр-сырын меңгеріп, ақырындап оны өздері жасауға көше бастады.
Бүгінде сол бір қиын кездердің бәрі көрген түстей алыста қалды. Қазір Көкшетаудағы жүрек орталығында туа пайда болған, жүре пайда болған жүрек ақаулары мен жүректің ишемиялық ауруларына күрделі операциялар жасалады. Осы кезге дейін облыстық ауруханада мыңнан астам науқасқа жүрекке қатысты күрделі операциялар жасалыпты. Операциялардың бәрі сәтті өтіп, соншама адам дертінен айықты.  Кардиохирургия бөлімшесі алғаш ашылған 2008 жылы 46 операция жасалса, 2009 жылы 96,  2011 жылы 168, ал  2012 жылы 217 операция жасалыпты. Қазір жыл сайын Көкшетаудағы жүрек орталығында  250-дей операция жасалады.
– Операцияға қажетті жасанды өкпе, жүрек қақпақшасының протездері, тіпті жіпке дейін шет елдерден сатып алынады. Сондықтан, ол қымбатқа түседі, – дейді бөлімше меңгерушісі. Бір адамға операция жасау орташа алғанда 2 миллион теңгеге түседі екен. Бұл шығындардың бәрі бюджет есебінен жабылады. Осыған орай, жүрек операциялары науқастарға тегін жасалуда.
Көкшетауда кардиохирургия бөлімшесін ашу не берді? Бұл сауалға жауап беру үшін мына цифрларға назар аударып көрелік. 2008 жылы жүрек орталығы ашылған тұста аймақта әрбір 100 мың адамға шаққанда қан айналым жүйесі ауруынан 518 адам қайтыс болса, қазір бұл көрсеткіш 192 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш сол жүрекке жасалып жатқан операциялардың арқасында азайып отыр. Орталықтың ашылуының арқасында қазір операцияны қажет ететін науқастар кезек күтіп сарылмай, алыс сапар шегіп әуреге түспей облыстық ауруханада ем алып, дерттерінен айығып жатыр.
Осыдан екі-үш жыл бұрын облыс бюджеті қажетті қаржы бөліп, соның нәтижесінде ескірген құрылғылар қайта жаңғыртылыпты. Жергілікті білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі де бүгінгі күні толық шешімін тапқан. Қазір бөлімшеде қызмет істейтін кардиохирург Әбунәсір Суханов, Ермек Торсықбаев, Алмас Закарин – бәрі де шет елде білімдерін жетілдіріп, тәжірибеден өткен білікті мамандар. Анестезиолог-реаниматолог Сұлтан Кәрімов, Азамат Тұңғатов, Архат Рахметжанов, перфузиолог Құрманғазы Жүкеков сияқты мамандар да жүрегі ауырып келген науқастарды дерттен айықтыруға белсене атсалысып жүрген білікті мамандар. Кардиохирургия бөлімшесінде еңбек етіп жүрген орта буынды мамандарға жүктелер міндет те ауыр және жауапты. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген аға медбикелер Нұрия Фахруддинова мен Гүлнәр Әбдірахманова, медбикелер Наталья Мантариди,  Лариса Степченко, Евгений Ковергин, Гүлім Сүлейменова, Динара Жұмажанова шет елдерде білім жетілдіру курстары мен тәжірибеден өткен өз жұмыстарын жақсы меңгерген мамандар.
Осыдан екі жыл бұрын бөлімшеден балаларға арналған екі орын ашылды. Осылайша, жүрек орталығы тек ересектерге ғана емес, жүрек дертімен ауырған балаларға да операциялар жасайтын болды. Ашылып жұмыс істей бастағанына сегіз жылдай болған кардиохирургия бөлімшесі осы қысқа мерзім ішінде көп игі шаруаларды атқарды. Жүздеген науқастарды дертінен айықтырып, өмірлерін ұзартты.
Жүрек орталығының ойға алған мақсаттары да ауқымды. Ең алдымен, балалар кардиохирургиясын жетілдіріп, қолқа және қолқа қақпақшасының біріккен ақаулары кезіндегі операцияны жасауды жолға қою, аурудың алдын алуға көңіл бөлу, операция сапасын жақсарту бағытында жұмыс жүргізбек.

Суреттерде: кардиохирургия бөлімшесінің басшысы Нұрлан Мінайдаров; мейіргер Бақытжан Әбутәліпов; кардиохирург Нұрлан Мінайдаров, Гүлнұр Ысқақова және Ермек  Торсықбаев операция үстінде.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар