Ұлт денсаулығы – басты бағыт

Өткен аптада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты ел халқына арнаған Жолдауын насихаттап, түсіндіру мақсатында облысымызға бір топ республикалық ақпараттық тобының мүшелері келіп кетті. Топ жетекшісі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бірінші орынбасары Салидат Қайырбекова Көкшетау медициналық колледжінде  болып, сондай-ақ, облыстың денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесіп, Жолдаудың басым бағыттары туралы әңгімелеп берді.

Алдымен, медициналық колледж директоры Светлана Мұратбекова бірінші вице-министрді ата-аналарға өз балаларының сабақ кестесі мен үлгерімін қадағалап отыруға мүмкіндік беретін веб-cайтпен таныстырып өтті.  Бұдан кейін колледж қабырғасында біліктіліктерін арттырып жатқан мейірбикелермен тілдескен ол ақ халаттылардан өңірдегі жағдайды сұрастырып білді. Өз қызметін қарапайым мейірбикеліктен бастаған Салидат Қайырбекова бұл жүздесуде медбике мамандығының дамыған мемлекеттерде аса құрметті кәсіп екенін тілге тиек етті. Тиісінше, ол елдерде бұл қызметкерлерге төленер жалақы да жоғары. Оның үстіне, біздегідей емес, оларда қызмет баспалдағымен өсу  жағы да дұрыс жолға қойылған. Салалық министрлік басшысының бірінші орынбасарының сөзіне қарағанда, біздің елімізде де осы мәселе қолға алынған көрінеді. Яғни, қазір бір дәрігердің жанында жалғыз мейірбеке емес, бірнешеуден отыратын болады. Бұл өз кезегінде жұмыстағы жеделдікті қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Бұған қоса, бүгінде жоғары білімді мейірбикелерді даярлау қолға алына бастаған. Қазір еліміз бойынша осы санаттағы жүзден астам кадр әр деңгейдегі медициналық мекемелерде еңбек етіп жүр.
Осы орайда, бірінші вице-министр Алматыдағы республикалық деңгейдегі медициналық колледждің жайына да тоқталып өтті. Оның ойынша, аталған оқу ордасы бүгінде облыс орталықтары мен басқа да қалалардағы медициналық колледждерден асып түсе алмай отыр. Деңгейі республикалық болғандықтан, ол өзгелерге үлгі боларлықтай білім ошағына айналуы қажет-ақ. Кадр даярлау мәселесіне қатысты саладағы негізгі түйткіл тек мұнымен шектелмейді. Жаңа аталып өтілген жоғары білімді мейірбикелерді жұмысқа қабылдауға барлық медициналық мекеме басшылары құлықты емес көрінеді. Оларға орта білімділерден артық жалақы төлеп, әлгі кадрлар ұсынған жаңашылдықтарды енгізуге күш салу қажет болғандықтан, бас дәрігерлер сау басына сақина тілеп алмай, тыныш отырғанды жөн санайды. Адам денсаулығы қоғамның басты құндылығы болғандықтан, бұл салаға кадр даярлаудың атүсті қарай салар мәселе емес екендігі белгілі. Сондықтан да, министрлік жақсы бағдарлама мен мықты оқытушылық құрам әзірлеу ісін одан әрі жалғастыра түсетін болады. Яғни, бұл алдағы уақытта елімізде жоғары білімді мейірбикелер саны еселеп артып, тиісінше, оларды құшақ жая қабылдауға дайын еңбек нарығы қалыптасады деген сөз.
Ақпараттық топ жетекшісі бұдан кейін еліміздің жаңа экономикалық саясатын жіліктей сөйледі. Оның айтуынша, ең алдымен, бұл қазақ-стандықтардың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоба. Еліміз экономикасы қарқынды дамыған үздік отыздықтың ішінен ойып орын алуды көздеп отыр. Ал, мемлекеттер тұрғындарының өмір сүру жасы 84 жас екенін ескерсек,бізге бұл межені бағындыру үшін әлі де біраз тер төгуге тура келеді. Әйткенмен, бізде алға жылжу жоқ емес. Осыдан бірер жыл бұрын қазақстандықтар орта есеппен алғанда 67 жыл өмір сүрген болса, қазір бұл көрсеткіш 70-тен асып отыр. Мұны мемлекеттің денсаулық сақтау саласына деген айрықша қамқорлығының арқасы деп білген жөн. Мәселен, бұрын инфаркт алған адамның тез арада жүріп кетуі былай тұрсын, айлар өткеннен кейін де еркін қозғала алуы мұң болса, бүгінде жаңа медициналық құрылғылардың арқасында олар да қатарға бірден қосылып жатыр Ең бастысы, құны 700-800 мың теңгеден басталатын мұндай оталар бізде тегін жасалады. Сөз соңында, Салидат Қайырбекова ел азаматтарының өмір жасын ұзартуға бағытталған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы 2011-2015 жылдарға арналғандықтан, бүгінде салалық министрлік 2016-2020 жылдарға арналған ұлт денсаулығын сақтаудың жаңа бағдарламасын әзірленіп жатқанын жеткізді.
Облыстың денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесу барысында  Салидат Қайырбекова Жолдаудан туындайтын осы салаға қатысты  бірқатар өзекті мәселелерге  тоқталды.
– Аурудың алдын алу үшін әрбір маман жұмысына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Егер терапевт мамандар жақсы жұмыс істесе, басқа аурулардың таралуы-на жол берілмейді. Бұл ретте учаскелік терапевтерге үлкен сенім артылуда.  Қазіргі таңда қант диабеті ауруы белең алып барады. Біздің мақсатымыз ауруы-
на араша іздегендерге көмек көрсету. Мемлекет тарапынан сала мамандарына барынша жағдай жасалуда. Сондықтан, әрбір маманнан нәтижелі жұмыс күтеміз. Әрбір дәрігер емделушілерге сапалы қызмет көрсетуге тиісті, – дей келе вице-министр салаға бөлінген бюджет қаржысы тиімді жұмсалуы тиіс деп атап өтті. Бас дәрігерлердің жалақысы 350 мың теңге болса, қатардағы дәрігерлер 200 мың теңгеден кем алмауы қажет екенін жеткізді. Егер сала мамандарының еңбекақысы аз болса, олардан жұмыстың сапасын сұраудың өзі қисынсыз. Әрбір еңбек ұжымында жалақы еңбек нәтижесіне сай төленуге тиіс. Сондай-ақ, тұрғындар арасында жүргізілетін скринингтік тексерістер барысында ауру түрлері мен ауруға шалдыққандардың санын дұрыс көрсету талап етіледі.
Кездесуде Салидат Қайырбекова бірқатар жауапты тұлғаларды орындарынан тұрғызып, жұмыстарын сынға алды. Алдағы уақытта жұмыстың нәтижесін өз бақылауына алатынын ескертіп, Елбасының Жолдауын сөзбен емес, қажырлы іспен орындауға шақырды. Кездесу барысында туындаған сауалдарға да тұшымды жауаптар қайтарылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қасымжан Тәшметов барлық мәселелер алдағы уақытта шешілетінін айтып, ақ халатты абзал жандар атынан ынтымақтаса жұмыс істеуге уәде берді.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні қарсаңында вице-министр Салидат Қайырбекова облыстық аурухананың дәрігері Кенжебай Мұқышевке «Еңбек ардагері» медалін табыс етті. Бірқатар сала қызметкерлері де облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар