Бір күнде үш қуаныш

Өткен бейсенбі еңбекшілдерліктер үшін құтты күн болды. Таңертең   аудан орталығы Степняк қаласында кондитерлік цех іске қосылса, түске таман Сәуле ауылында жаңадан салынған орта мектеп пайдалануға берілді. Ал, кешкісін аудандық мәдениет үйінде осы елдің перзенті, әдебиет пен өнер саласындағы  танымал тұлға Баянғали Әлімжановтың туғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты кеш болып өтті. 

Кондитерлік цехтың ашылу рәсімінде  аудан әкімі Абай Сәдуақасов құттықтау сөз сөйлеп, осы істі қолға алып отырған «Фаворит голд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысына табыс тіледі.
–Қазіргі таңда елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасалуда. Соның бір дәлелі ретінде бүгінгі кондитер цехын атап өтуге болады, – дей келе,  аудан басшысы  серіктестік директоры Фарит Хадиевпен бірге цехтың ашылу рәсімін жасады.
Кәсіпкер Фарит Хадиев «Даму» бағдарламасы бо-йынша мемлекеттен несиеге  алған 6 миллион теңге мен  1 миллион 200 мың теңге көлеміндегі өз қаржысына осы цехты ашып отыр. Бұл іске аудандық әкімдік те зор қолдау көрсетті. Еуропадан арнайы келген мамандар көмегінің арқасында пайдалануға берілген цехта ендігі жерде химиялық қоспасы жоқ табиғи өнімдер өндірілетін  болады. Қазіргі таңда кондитерлік цехта 4 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта тағы да осыншама жұмыс орны ашылмақшы. Мұндағы жабдықтардың барлығы шет елден әкелінген. Кондитерлік өнімдерден бәліш, жұмсақ тоқаш,  корж, кекс, торт, тағы басқа өнімдердің бірнеше түрі пісіріледі. Бағалары да қолжетімді.  Өнімдердің сатылым сертификатына қол жеткізген соң, бұл тәттілерді облыс орталығы мен Астана қаласына және жақын маңдағы аудандарға шығару көзделіп отыр.
Бұдан кейін осындай қуанышты оқиға  Сәуле ауылында да өз жалғасын тапты. Осындағы жаңа мектептің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мен облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова, аудан әкімі Абай Сәдуақасов қатысты.  Облыстық бюджет қаржысы есебінен салынған жаңа заманауи білім ошағының Тұңғыш Президент күні қарсаңында ашылуы айта қаларлықтай шара деуге  болады. Өйткені, Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында апатты мектептер мен үш ауысымдағы оқыту проблемаларын шешуді негізгі міндеттердің бірі ретінде алға қойылып отыр. Осы орайда, Сәуле ауылында ашылған жаңа мектеп Жолдау мақсатымен үндес келіп отыр дей аламыз.
Мектептің салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, ізгі ниетін білдірді. Әрі қарай сөз алған Жаңыл Жонтаева да ұстаздар мен оқушыларды, ауыл тұрғындарын осынау қуаныштарымен құттықтап, алдағы уақытта Сәуле орта мектебі ұжымының биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді. Сондай-ақ, бұрынғы мектеп директоры, ардагер ұстаз, Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы, Қабиден Омаров та жүрекжарды тілегін жеткізді.
Жарық әрі кең, таза да жылы сынып бөлмелерінде оқушылардың білім алуы үшін  барлық жағдайлар жасалған. Жаңа мектеп заман талабына сай безендіріліп, жиһаздармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.  Бүгінгі таңда, Сәуле орта мектебінде даярлық сыныбын қоса есептегенде, 66 оқушы білім алуда. Бұған қоса, «Болашақ» шағын орталығында 20 бүлдіршін тәрбиеленуде. Осы жағдайға және ауылда жаңа үйлердің салынып жатқанына қарағанда, бұл елді мекеннің болашағы бар деп сеніммен айтуға болады. Ынтымақ-бірлігі жарасқан, қазақтың осы бір сүттей ұйыған  өскелең ауылында шәкірттер  Ыбырай Алтынсарин атындағы медалінің иегері Жамал Смағұл сынды жоғары санатты, тәжірибелі ұстаздардың  қолынан саналы тәрбие, сапалы білім алуда. Бұған бұдан былай көркі келіскен жаңа мектеп те игі ықпалын тигізе түсетіндігі сөзсіз.  

Еңбекшілдер ауданы.

Суреттерде: сәулелік ұстаздар мен шәкірттердің қуаныштарында шек жоқ.
Суреттерді түсірген Василий УСТЬЯНЦЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар