Жалақы қарызына жол беруге болмайды

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде жалақы қарыздарын қайтаруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселе қаралды.

Алдымен, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Берік Мұстафин өткен жылғы және биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы «Индустриалдық-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған шаруалар жайында баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін кәсіпорындары 313,5 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Жалпы көлем индексі 106,9 пайызды құрады.
Сөйтіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымыз өнеркәсіп өнімдерін өндіруде респуб-ликада бірінші орыннан көрінді. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында 118,7 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, жалпы көлем индексі  111,5 пайызды құраған. Бүгінгі күні аймақтық индустрияландыру картасына жалпы ауқымы 648,9 миллиард теңгенің 100 жобасы енгізіліп отыр. Бұл жобаларды жүзеге асыру қосымша 13 мың жұмыс орнын ашуға жағдай жасамақ.
Ал, биылғы жылы  индустриаландыру картасы шеңберінде жалпы құны  76 миллиард теңге болатын 19 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл жаңадан 1637 жұмыс орнын ашуға жағдай жасайтын болады. Оған қоса, индустрияландыру картасы шеңберіне енбеген  24,3 миллиард теңгенің  74 жобасы тағы бар. Бұл жобаларды іске қосу арқылы қосымша  1,5 мың жұмыс орны құрылмақ. Облыс әкімі баяндамашыға жүзеге асырылатын жобаларды нақты мерзімін көрсетіп айқындауды және  жобалардың жүзеге асырылу мүмкіндіктерін нақтылауды тапсырды. Биылғы жылдың бес айының өткеніне қарамастан, бүгінгі күні жоғарыда аталған жобалардың біреуі ғана іске қосылыпты. Жыл аяғына дейін жоспарланған жобаларды түгел іске қосу мүмкіндігі қандай? Облыс басшысы осы орайда, құзырлы органдар бұл бағытта нақты жұмыстар істеуі қажеттігін қадап тапсырды.
Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Дүйсенбек Баймұсыновтың мәлімдеуінше, 2015 жылы басқарма мамандарымен 201 кәсіпорын мен мекеме тексеріліп, 36 жалақыға қатысты заң бұзушылық анықталған. Сөйтіп,  басқарма мамандарының араласуымен 205,6 миллион теңге көлемінде жалақы қарызы қайтарылған.
Облыс әкімі әлеуметтік шиеленісті туғызатын ең басты мәселе – жалақы қарызы екендігін
айтып, оны шешудің маңыздылығына назар аударды. Осыған орай, еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басқа да салалық құзырлы органдармен бірлесе отырып, жалақы қарызы бар мекемелермен, кәсіпорындармен жұмыс жүргізуі қажет. Еңбек етіп тапқан жалақысын алу әрбір азаматтың конституциялық құқы, жалақыны уақытында бермеу адамдардың конституциялық құқын бұзу болып табылады, бұған жол беруге болмайды деп атап көрсетті облыс басшысы. Осы орайда, құзырлы органдарға жалақы қарызына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әр он күн сайын есеп беріп отыру жүктелді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар