Тұрақтылық бағасы қымбат

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттап, түсіндіру мақсатында құрылған республикалық ақпараттық тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев Қорғалжын ауданында болып, тұрғындар алдында маңызды құжаттың басым бағыттары туралы баяндап берді, сондай-ақ, қойылған сауалдарға жауап қайтарды.

Бұл жолы Сенат депутаты аудандағы Кеңбидайық, Арықты ауылдық округтерінің тұрғындарымен, мектеп ұжымдары және жастармен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен  мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығы туралы айта келе, Жолдауда көрініс тапқан әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуда  бірінші кезекте шешілуге тиісті мәселе ретінде апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын жою жолдарына тоқталды.
– Бұл проблеманы 2017 жылға дейін толықтай шешуге үш жылдық бюджетте қарастырылған қаржы жетпейтіндігін ескерген Елбасы Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бөлуді тапсырып отыр. Сондай-ақ, Жолдауда мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріндегі орын тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бөліп отыру қажеттілігі атап көрсетіл-
ген, – деді өз сөзінде  Жабал Ерғалиев.
Сонымен қатар, сенатор Елбасы жаңа Жолдауында Ұлттық қор қаржысын қалай және қайда жұмсауды нақты көрсеткенін де ерекше атап өтті. Мәселен, осынау құжатта айтылғанындай, қазақстандықтар үшін аса маңызды өмірлік сала – шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге қаржы  бөлінбекші. Ал, 2015 жылы банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін проблемалы несиелер қорын қосымша  250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз ету керек. Бұл – Қазақстанға жаңа инвес-тициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасауға қажетті шараның бірі. Осы мақсаттың алдыңғы легінде  2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешенінің құрылысын аяқтау тұрса, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бөлу қарастырылды.
Дүниежүзілік нарықта мұнай мен экспорттық өнімдердің бағалары айтарлықтай жоғары болған кезеңдерде солардан түскен табыстарды Ұлттық қорға жинақтап келген Елбасы енді сол қаржыны ел мүддесіне жұмсауды жөн көріп отыр. Бастапқыдағы  10 миллиард доллар 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы тұруға  бағытталса, биылғы жылдың ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша, яғни, екі бөліп, 1 триллион теңге қаржы бөлу
туралы шешім қабылданған  болатын. Енді Мемлекет басшысы Ұлттық қордан осы бір триллион теңгенің екінші бөлігін, яғни, 500 миллиард теңге көлеміндегі қаржыны Қазақстан бойынша басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін жұмсауға Үкіметке нақты тапсырмалар беріп отыр.
«Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек!» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан осы бір аталы сөзі біздің әрқайсымыздың жадымызда болуы керек» – дей келе, сенатор  Жабал Ерғалиев қорғалжындықтар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.

Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар