Еліне еңбегі сіңген ел ағасы

Алыста, тым-тым алыста алапат соғыс өрті жер-көкті жаулап, қанды майдан жүріп жатқан. Қаншама жазықсыз жандар, он екіде бір гүлі ашылмаған боздақтар опат болған қан майданның қасіретін кейін ұққан. Ол кезде аяғын апыл-тапыл басқан сәби еді. Асқар тау әке басқыншы жаудан сүйікті Отанын қорғау жолында, еш адамды аяуды білмейтін алапат соғыста опат болды. Ендігі арадағы жалғыз қамқоры, жалғыз жанашыры аяулы анасы. Сол ананың арқасында жетімдіктің ащы дәмін, запыранын жұтқан жоқ. Жамаулы киім кигенім жетімдік сенен көремін, жағама қолдың тигенін жалғыздық сенен көремін деген жоқ. Дегізбеген сұм соғыстың суығы мен тағдыр атты қатыгез әлемнің сәби түгіл соқталдай азаматтың жан-дүниесін мұздатар сұрапыл дауылын жібітіп, бейкүнә көкіректі жаз гүліндей жайнатқан, ұлы өмірге құштар етіп, ұлылыққа ұмсындырған анасы Мақпал еді.

Титімдей болып мектеп табалдырығын аттап, таудай болып шыққанша талпынды,  талаптанды. Жаратқан иенің бойға бітірген, санаға сіңірген қабілет-дарынының арқасында қатардан қалып көрмепті. Қатардан қалғаныңыз не, оқ бойы озық отырған. Алдымен, төрт сыныпты қазақ тілінде оқыды, одан соң отбасы Краснояр селосына көшіп келуіне байланысты орыс тілінде оқыды. Алғаш білім айдынына сүңгіткен Қызылсая орта мектебі де, кейінгі Краснояр селосындағы орта мектеп те сол дәуірдегі өзіндік тәжірибесі, дәстүрі қалыптасқан, атақ-даңқы күллі республикаға жайылған іргелі білім ошақтары болатын.
Краснояр орта мектебінің директоры сол кездегі Көкшетау облысына, кейін республикаға қалам-қайратымен танылған журналист Рауф Ақбердин. Қазақ мектебінен келген балаға орыс тілін бірден игеріп кету әжептәуір қиындық туғызған. Есеп амалдары мен физика, химия пәндерінің формулаларын әп-сәтте жазып шығара береді. Тек қалай шығарғанын, тәсілінің неде екендігін бақайшақтап айтуға тіл қысқа. Зайыры адамда қабілет болса, көкірегіне дарын ұяласа, алынбайтын қамал болмайды екен ғой. Алды, жеңді. Алдағы уақытта білім алуына, қызмет істеуіне керекті орыс тілін үйреніп те алды. Заман солай еді.
Арада қаншама жыл өтсе де, сол кездегі мектеп мұғалімдері Р.Қабдырахманов, Т.Мартыненко, Евдокия Митайлова тәрізді мұғалімдерді сағынышпен еске алады. Мектеп өмірі қайнап жататын. Сенбі сайын тақырыптық кештер өтеді. Мұғалімдер бағдарлама шеңберінен шығып кетіп, оқулықта жоқ қаншама деректерді келтіріп, дәріс оқитын. Оқушылардың да білім көкжиегі кеңи түсті. Әсіресе, Рауф Хафизұлының сабақтары барынша қызғылықты өтетін. Ұстаздың ұлағатын жазып алу үшін қысқартып жазуды үйренді. Кейін жоғары оқу орнында оқығанда, лекция жазу барысында қысқартып жазудың көмегі көп тиді. Айтқандайын жоғары оқу орнына түсуі жайында бір ауыз сөз. Чапай Мүтәлләпұлы орта мектепті күміс медальмен бітірген. Алтынның да ауылы алыс емес еді. Аяққа тұсау болғаны баяғы мұғалімі жоқ шет тілі пәні. Дәл сол жылы жоғары оқу орнына талап білдірушілер көп еді. Бір орынға 12 адамнан келетін. Мектепті медальмен бітірген оқушыларға жеңілдік бар. Үш емтиханның үшеуін де кілең беске тапсырған Чапай Мүтәлләпұлы Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының студенті атанды.      
Тіршіліктің қиындығын талапты да талантты ұл қашанда жеңе білуге төселген. Өзгенің көмегіне сүйенбей. Ауыл шаруашылығы институты студенттерінің стипендиясы ескі ақшамен 290 рубль болатын. Әр күз сайын егін орағына қатысады. Комбайншы курсын бітіріп, куәлігін алған Шәкең төрт жыл қатарынан егін орағына қатысты. Бұл шаруа біріншіден талапты жасты ширатса, екінші жағынан қаражат табуға да әжептәуір көмегі бар болатын. Егін бітік шыққан жылдары кәнігі комбайншылардан сынықсүйем қалыспай жұмыс істейтін студент-комбайншының табысы мың рубльден айналатын.
Ауыл шаруашылығы институтының оқу барысындағы талабы қатал, тым қатал. Алғашқы жылы 175 талапкер түскен. Оған қоса, 20 кандидат. Есебі студенттер оқу жылы ішінде әлдебір себептермен оқудан қол үзетін болса, әлгі кандидаттар орнын басады. Институтты аяқтағанша әуелгі 200 қаралы студент сүзгіден өткізіліп, 130-ы ғана диплом алып шықты. Жолдамамен өзінің туған облысына келді. Көкшетау қаласындағы «Казсельхозтехника» деп аталатын мекемеге Балтабай Таубаев, Нәдірхан Құсайынов, Ораз Нұғыманов тәрізді бір жылдың төлдері бірге орналасты. Бір жылдан кейін еңбек жолы Көкшетау ауданына қарасты Молодежный селосында сабақталды. Қиындығы мен қызығы таразы басын тең тартып жататын уақыт еді. Өмір еңбекті адал, таза істеуге үйретті. Талабы тас жаратын жігерлі жастың еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1970 жылы 29-ға енді ғана толған Чапай Мүтәлләпұлын осы ауданның Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарына директор етіп бекітті. Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшар тарихы тереңге кеткен, өзіндік еңбек дәстүрлері қалыптасқан, аруақ қонып, нар шөккен қасиетті қоныс. Ой сарабына салып безбендесе, тағдыр шіркін осы елмен үш мәрте жол торабын қиылыстырған екен. Алғашында әкесі Мүтәлләп 1937 жылы Көкшетау аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет істеп жүрген кезінде жазықсыз жаза жабылып, халық жауы атанып кете жаздаған. Әйтеуір, көзі ашық, сауатты азамат Қызылжарға дейін әділдік іздеп қуынып барып ақталып келген. Келсе, орнына қызметке кісі алып қойыпты. Содан Қызылсая орта мектебінің директоры болып қызмет істеді.   Чапай Мүтәлләпұлының кіндік қаны тамған топырақ та осы Қызылсая. Сол тұста күллі әлемді қақыратып алапат соғыс басталған. Отанын ет жүрегі елжірей сүйген есіл ер соғыстан алып қалатын броні бола тұрса да майданға аттанған. 1944 жылы дәл 40 жасында Украинаны азат ету жолындағы кескілескен шайқаста қаза тапты.
Уақыт – емші. Тән жарасын да, жан жарасын да жазбақ. Жыл артынан жылыстап жыл өтіп жатты. 1950 жылы төңіректегі колхоздар ірілендірілді де, Елтай, Бірлестік, Жаңатілек, Қараөзек колхоздары бір шаңырақтың астына енгізілді. Чапай Мүтәлләпұлының әкесінің інісі Әшім Әбутәліпов осы колхоздың бірінші басқармасы болды. 1967 жылы Қызылсая өз алдына жеке отау тігіп, оған Қызылағаш, Биіктесін ауылдары қосылды.
Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшар жұртшылығы жаңа директорды құшақ жая қарсы алды. Өз баласындай. Шынтуайтында өз баласы еді. Ауыл ақсақалдары елдің ұйытқысы. Қай істің ыңғайы болмасын, жөні мен жосығы болмасын, көп болып кеңесіп, ақыл таразысына салатын. Үш бөлімшенің де жұмысы ілгері басып, кеңшардың сан-салалы жоспарлары артығымен орындалып, ауданда, ауданды былай қойғанда облыста алдыңғы лектен көріне бастады. Кәтепті қара нарға жүк болатын қисапсыз шаруаны жас директор Чапай Әбутәліповпен бірге елдегі білімді де білікті, іскер мамандар иықтарымен көтерісті. Көл-көсір табыс тасқынында Әбу Аукаров, Ботақара Жасауиев, Боранбай Нұрғалиевтердің де үлесі бар. Кеңшарда Ибраш Манатов, Назымбек Жағыпаров, Нұршаш Алдоңғарқызы, Базкен Уәлиев,  партия ұйымының хатшысы Қайдар Нығметов, жұмысшы комитетінің төрағасы Қошқарбай Батаев тәрізді азаматтар ел еңсесін елден ерек биіктетуге көп еңбегін сіңірді. Шын мәнінде Сәкен Сейфуллин кеңшары жоғары білікті, парасатты кадр дайындайтын ұстахана іспеттес еді. Осы кеңшарда жұмыс істеген мамандар арасынан Ибраш пен Назымбек кеңшар директорлары болып жоғарылатылса, Нұршаш Щучье аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.       
1972 жылы Отан қамбасына миллион пұт астық тапсырып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Дәл сол жылдары ет, сүт, жүн, қымыз өндіру жұмыстары асыра орындалды. Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Азнабай Әбілмәжінов ұйымдастырушылық қабілеті мол, іскер де талапты Чапай Мүтәлләпұлына аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметін атқаруға ұсыныс жасады. Еңбек десе жанып тұратын жас маман өзіне артылған сенім, жүктелген жауапкершіліктен бас тартқан жоқ. Бұрын бір кеңшардың көлемінде табыстың тайқазанын қайнатса, ендігі жерде күллі ауданның ауыл шаруашылығы саласына жауапты. Жұмыс еселенген, жауапкершілік жоғарылатылған. «Жас келсе іске» демекші, мұнда да күнді түнге, түнді күнге ұластырған қисапсыз еңбек. Әсіресе, науқандық жұмыс кездерінде бір тыным болмайтын. Науқандық жұмыс демекші, ол тұста ауыл шаруашылығының әр кезеңі қайнаған еңбекке, қып-қызыл науқанға толы. Бірін тиянақтап аяқтай бергенде, екіншісі басталып жатады. Бұған дейін біршама тәжірибе жинақтап қалған Чапай Мүтәлләпұлының алдында қызмет баспалдақтарының даңғыл да сара жолы ашылды. Өзінің адал еңбегімен, маңдай терінің арқасында.
Целиноград облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Жаңа орта. Жасампаз қауым. Целиноград – ол кезде қауқарлы облыс орталығы. Бірнеше зауыттары бар. Республикалық әлеуетті мекемелердің филиалдары орналасқан. Мұнда да бас көтертпес қауырт жұмыс. Әйтсе де, тағдырына разы еді. Жақсы-жайсаңмен үзеңгілес еңбек етті. Олардың қатарынан Андрей Браун, Қасым Тәукенов, Кәрібай Қайретденов, Қайсар Оспанов, Кенжеғали Сағадиев, Светлана Жалмағамбетова, Владимир Гартман, Сергей Кулагин тәрізді аптал азаматтар мен азаматшаларды ерекше екпін түсіріп атай кетуге болады. Облыс аспанына ерен еңбекпен келер көл-көсір табыстың баданадай-баданадай жарық жұлдыздарын жағып, сәулесін етектегі елге түсірген осы және осындай мамандар болатын.
Еңбектен бақыты жанған Чапай Мүтәлләпұлы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен әрбір кездескен, пікірлескен кезін жадына өшпестей жаттаған. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Орталық Партия Комитеті-нің бірінші хатшысы кезінде Чапай Әбутәліповке зор сенім білдірді. Тұңғыш рет демократиялық негізде облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайлау өткізілді.  Сол сайлауда ел сеніміне ие болған Чапай Мүтәлләпұлы өзі жан-тәнімен сүйіп өскен көгілдір Көкшетаудың тізгінін ұстайтын болып облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды.
Ел үшін еңбек еткен азаматтың өмір жолы бейнелеп айтқанда, шалқар теңіз. Соның бір тамшысын ғана бедерлеп сипаттайтын шағын ғана мақалада Чапай Мүтәлләпұлы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезіндегі атқарылған істің бәрін мұрнынан тізіп ешбір жаза алмас едіңіз. Қалам қуаты жеткенімен, газет көлемі шектеулі. Бір анығы сол тұста бүгінгі күні айтып тауыса алмайтын қисапсыз көп шаруа атқарылды. Елді мекендердің абаттандырылуы, жол тартылуы, су тартылуы, тұрғын үйлер салынуы, кеңшарлардың материалдық-техникалық базасының нығайтылуы, денсаулық, мәдениет саласындағы серпіліс, бұқаралық спорт түрлерінің жандануы тәрізді қаншама іс тындырылды. Оның барлығы замандастарының жадында, елінің есінде.  
Еңбегі ел есінде өшпестей таңбаланған көрікті Көкшетаудың көрнекті перзенттерінің бірі әрі бірегейі Чапай Мүтәлләпұлы жалғыз ерен еңбекте ғана емес, шапағат шұғыласы шалқыған отбасында да бақытын тапқан адам. Көкше өңіріне жақсы атымен белгілі болған ел азаматы Тасжан Нығматуллиннің қызы Райса жеңгемізбен шаңырақ көтеріп, жарты ғасырдан астам балдай тәтті ғұмыр кешіп келеді. Жарық дүниеге Алма, Гүлнәр, Шынар, Абылай, Жанар тәрізді перзенттерін әкеліп, аялап өсіріп, тағылымды тәрбие беріп, жаз күніндей жайнатып отыр.
Жетпістің бесеуіне табан іліктірсе де, қабырғасы қатып, буыны бекімеген кезден еңбек майданында шыңдалған Чапай Мүтәлләпұлы әлі де бағзы заманда ерттеп мінген тұлпарынан түскен жоқ. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Кейінгі ұрпақ үшін, оттан ыстық Отан үшін қисапсыз еңбек еткен ардагерлердің мұң-мұқтажын ойлап, жағдайына қараудан еш жалыққан емес. Осы ғұмырбаяндық мақаланы дайындау барысында асқар таудай ардақты ағамызға жолығып, сыр-сұхбат құрған едік. Мұнтаздай тап-таза, жып-жинақы үстелінің үстінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын оқып отыр екен.
– Міне, елдің асыл арманымен астасқан, нұрлы болашаққа бағыт алған сара жолы осы құжатта, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов, – ұлтымызды ұйытатын идеология да, қабырғамызды қатайтатын экономика да, жанымызды жадырататын әлеуметтік-мәдени саланың да бәрі тегіс қамтылыпты. Еңбекке толы жыр ғұмыр осындай нұрлы жолмен сабақтасса, бізде, ардагерлерде арман бар ма?!
Иә, дедік біз де іштей,–тау қопарып, тас жарған, құрыш білекті, жомарт жүректі ардагерлер ажарлы ауыл, сәулетті село, көркем қала салып, өндірісті өрге бастырса, ендігі арадағы бар тілегі егеменді еліміздің ертеңі болып отыр. Оқжетпестің қия беткейіндей пенде ғұмырдың жетпіс бесінші асуына табан іліктірген ардагер ағаға нұрлы жолдағы сапарыңыз ұзақ болсын деген тілегімізді айттық іштей.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар