Шортандыдағы ат спорты мерекесі

Шортандыда ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ұлттық ат спорты мерекесі болып өтті. Осы мереке аясында бәйге, аударыспақ, қыз қуу сияқты ұлттық ойындар ойналып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұлттық ойындары мерекесі өтетін ипподромға жиналған жұрт қарасы көп болды. Алдымен еліміздің Әнұраны орындалып, содан кейін аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова құттықтау сөз сөйледі. Жиналған қауым үшін ең қызығы бәйге болды. Қашықтығы 5, 7, 10 және 15 шақырымдық аламан бәйгеге барлығы жетпістен астам сәйгүлік қатысып, бақ сынасты. Сонымен бірге, 1,2 шақырымдық жорға жарыс та өткізілді. 5 шақырымдық бәйгеде «Нива» серіктестігінің «Граф» атты сәйгүлігі бас жүлдені қанжығасына байлады, ал, 7 шақырымдық жарыста тағы да осы серіктестіктің «Қарағыз» деп аталған аты мәреге бірінші болып жетіп, олжа салды. 10 шақырымдық тоқ бәйгеде Мұхтархан Серғадиевтің «Аманат» атты жүйрігі бас бәйгені жеңіп алды.
Мереке қызығы қыз қуу және аударыспақ сияқты ұлттық ойындармен жалғасып, ат құлағында ойнайтын шабандоз жігіттер мен қыздар өз өнерлерін ортаға салды. Аударыспақ ойынында қарсыластарын түгел шаң қаптырған Болат Тілеуов жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, екінші және үшінші орындарды Төлеужан Айтжанов пен Жасұлан Құрбанов бөлісті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Спорт мерекесіне «Нива» ЖШС-і мен Руслан Ғаздиевтің жеке шаруашылығы және бірқатар серіктестіктер демеуші болып, шараның жоғары деңгейде өтуіне үлестерін қосты.
Шараға жиналған көпшілік тек тамашалаушы ғана болып қалмай, ересектер де, балалар да атпен, понимен серуендеп, қазақтың жеті қазынасының бірі саналатын ит көрмесін тамашалады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар