Ниеттенген несібесіз қалмайды

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» облыстық филиалы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі  басқарма мамандарымен бірлесіп,  аудан тұрғындарына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері туралы заңдық тұрғыдан ақыл-кеңестер берді.

Мемлекеттік бағдарлама аясында бизнеспен айналысып, өз шаруасын дөңгелетемін деген адамдарға мемлекет қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Алайда, бұл мәселе жөнінде шалғайдағы ауыл тұрғындарының облыс орталығына келіп, құжаттар жинауы едәуір қиындық туғызатыны сөзсіз. Олар бизнес жоспар құрса да, сол бойынша әрі қарай әрекет ете алмайды. Осы орайда, тұрғындарға кеңес беру үшін ұйымдастырылған бұл шара «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында болып өтті. Мамандар кәсіп ашуға ниетті адамдардың ой-пікірін білу үшін анкеталар мен ұсыныс қағаздарын, бук-леттер мен парақшалар таратты.
Осы бағдарламаның кеңесшісі Ерболат Едігеев өз кәсібін ашамын деген адамдарға мемлекет тарапынан 5 жылға несие-лизинг берілетінін, оның қайтарымы бір жыл өткеннен кейін ғана жүргізілетінін атап өтті. Қой жүні мен мал терісін өңдеу, шағын тігін фабрикасын ашу сияқты инновациялық жобаны қолға алуды көздеген адамдар мемлекет тарапынан гранттық несие ала алады. Бұл қаржы кері қайтарылмайды. Ауыл шаруашылығында ашылатын кәсіпорындардың барлығы мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Кәсібі бар адамдарды арнайы жолдама арқылы шетелде оқыту мүмкіндігінің де туып отырғаны,  мұның берер тиімділігі мол екені  алға тартылды. Шарада ауданда май зауытын ашу жөнінде ұсыныс айтылды.
Облыс орталығындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшісі Жадыра Сүлейменова өз сөзінде кәсіпкерлер мен кәсібін жаңа бастаған азаматтарға несие, есеп, салық төлемдері, бизнес-жоспар, маркетинг пен заң жөніндегі кеңестер тегін берілетінін жеткізді. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында несие бір жыл бойы еш жерде жұмыс істемеген азаматтарға ғана берілетін болса, «Даму» қорының бағдарламасындағы несие кәсіпкерлікпен айналысамын деген барлық адамдарға берілетіні айтылды. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың өкілі Ауғанбек Манарбекұлы Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі салиқалы ойларын ортаға салып, өз ісін бастаймын деп отырған азаматтарға сәттілік тіледі.
Шоқан ЗӘКАРИН.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар