Мейрамхана кешені бой көтеруде

Есіл қаласына кіре берісте екі қабатты сəулетті еңселі сары үй алыстан менмұндалап көз тартып бірден көрінеді. Бұл – жеке кəсіпкер Ерғали Абдуллиннің жаңадан салып жатқан мейрамхана кешені.
Қазіргі нарық заманында кез-келген адам қалаған ғимаратын салып алуына мүмкіндігі бар. Тек ақшаң болсын де. Саудамен айналысып, жинаған ақшасына кəсіпкер мейрамхана кешенін салуды ойлапты. Оның бұндай шешімге келуіне қалада  300-400 адам сыятын үлкен мейрамхананың жоқтығы себеп болған. Ел ішінде той-томалақ, ас беру сияқты рəсімдердің жиі болып жататындығы белгілі. Сондайда 100-150 адамға арналған мейрамханалар мен дəмханаларда жұрт сыймай қиналатын. Нарық талабын жете түсінген кəсіпкер ең алдымен жұртқа қажетті нəрсені біліп алып, өз қызметін сол тарапқа бұруы тиіс. –Бұл істі мен осыдан бес жыл бұрын қолға алдым, – дейді кəсіпкер. Екі жыл бойы ол құрылысқа қажетті материалдарды жинапты. Содан кейінгі бір жылда болашақ мейрамхана кешенінің құжаттарын дайындаумен айналысқан. Міне, екі жылдан бері құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі күні мейрамхана кешенінің қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылған, яғни, сыртқы жұмыстары толық аяқталған. Жұмысшылар ішкі əрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аумағы ат шаптырым дейтіндей екінші қабаттың кең залы түгел мейрамхана. Оған 400-500 адам еркін сыяды. Ал, бірінші қабатта əкімшілік бөлмелер мен қонақүй нөмірлері орналаспақ. Қазір мұнда жиырмаға тарта адам еңбек етуде. –Көпшілігі Қостанайдан келген жұмысшылар, жергілікті адамдар да бар, – дейді кəсіпкер. Құрылыс жұмыстары ерте көктемде басталып, қыс түскенше созылады. Ішкі əрлеу жұмыстары мен аумақты абаттандыру ғана қалған. «Құдай қаласа, қыркүйектің соңына дейін бітіреміз» – дейді ол. Мейрамхана кешені пайдалануға берілген кезде қосымша 12 жұмыс орны ашылмақ. Мемлекеттің қолдауынсыз, банктен бір тиын несие алмай өзінің жиған-терген ақшасына осындай үлкен кешен салып жатқан кəсіпкердің ісіне сəттілік тілеп, қоштастық.
 Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар