Адам игілігін қалап жатырмыз

«Қолжетімді баспана – 2020» және «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2012 жылдан бері облыста бюджеттік және бюджеттен тыс қаржы есебінен 1289,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 10 мың отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты.

 

Өңірде бюджеттік қаржы есебінен тұрғын үй, тұрғын үй құрылысын жинақтау бағыты бойынша кезектегілер үшін жалға берілетін тұрғын үй салынуда. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы жүзеге асқаннан бері облыста 43,6 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үйлер, 28,5 шаршы метр жас отбасыларға арналған 308 пәтер, тұрғын үй жинақтау жүйесі бойынша 643 пәтер және 42,6 мың шаршы метр өзге де тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Мемлекет тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуін ынталандыру бойынша үлкен қолдау көрсетуде. Бюджеттік қаржы есебінен тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысын жүргізуде. Соңғы төрт жылда бұл мақсатқа 7,5 миллиард теңге бөлінді. Облыста жекеменшік құрылыс есебінен тұрғын үйдің 70 пайызы пайдалануға берілді. 2012 жылдан бері өңірде 808 мың шаршы метр жекеменшік тұрғын үй салынды. Коммерциялық құрылыс есебінен 276,8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламасы аясында биыл тұрғын үй көп салынатын нысандарға инженерлік инфрақұрылым тарту үшін 1,1 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде Ұлттық қор қаржысының 976,0 миллион теңгесі және облыстық бюджеттің 89 миллион теңгесі бар. Кезектегілер үшін тұрғын үй құрылысы жыл сайын қолдауға ие. Дегенмен, салынып жатқан үйлер баспананы қажетсінетін барлық тұрғындарды қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 20 мыңға жуық адам тұр. Егер биылғы жылы 700-ден астам пәтерді пайдалануға берсек, кезек 4 пайызға жылжиды. Бұл мәселені шешу және жекеменшік тұрғын үй құрылысы нысандарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін биылғы жылы облыстық бюджеттен 678,7 миллион теңге қарастырылды. Бұл қаржыға жеке- меншік тұрғын үй құрылысының нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалады. Жыл өткен сайын тұрғын үй инвестициясының өсімі байқалады. 2005 жылдан бері тұрғын үй құрылысы инвестициясының көлемі 7 есе өсті. Бұл облыс құрылысшылары игерген қомақты қаржы.
Әлемдік дағдарысқа қарамастан, Қазақстанның құрылыс саласы және оның айналасындағы өндірістің жаңа түрлері де қарқынды дамып келеді. Мәселен, облыста 2014 жылы әлеуметтік саланың 25 нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 300 және 80 орындық мектептер, бала бақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пункт-тер, спорт кешендері және өзге де әлеуметтік нысандар бар. Өткен жылы білім мен денсаулық сақтау салаларының 15 нысаны пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда Көкшетау мен Макинск қалаларында, Аршалы ауданының Қостомар ауылында салынған кең әрі жарық мектептерде оқушылар білім алуда. Сондай-ақ, Бурабай кенті, Целиноград ауданындағы Сабынды және Талапкер, Аршалы ауданындағы Қостомар мен Михайловка, Бұланды ауданындағы Қараөзек ауылдарының тұрғындары жаңа салынған дәрігерлік амбулаторияда емделеді.
Биылғы жылы әлеуметтік саланың төрт нысаны пайдалануға берілді. Қазір Ақкөл қаласында 250 орындық емхана, Зеренді ауданының Тройцк селосында 25 орындық дәрігерлік амбулатория, Державинск қаласында емхана мен 70 орындық аурухана, Зеренді селосында ауысымына 250 адам қабылдай алатын емхана өз жұмыстарын бастады. Жақын арада Бурабай ауданының Атамекен ауылында ауысымына 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілмек. Жаңа оқу жылына дейін облыс аумағында бес білім ошағын пайдалануға беру жоспарланған. Биылғы жылы Ақкөл қаласындағы балалар үйі қалпына келтіріледі. Облыс орталығында екі бала бақша пайдалануға беріледі.
Өңірдің елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. 2011-2015 жылдары облыста «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруға 15,4 миллиард теңге бөлінді. Оның 12,4 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 3,0 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылды. Осы жылдары 1005,6 шақырым су құбыры жүйесі тартылып, 130,4 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Жаңа құрылыс пен қалпына келтірудің 50 нысаны пайдалануға берілді. 14 нысан күрделі жөндеуден өтті. 37 жоба жасалды. 82,2 мың адам тұратын елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жақсарды. Жалпы өткізіліп жатқан шаралар есебінен 2010 жылы орталықтандырылған ауыз сумен өңірдегі елді мекендердің 52,6 пайызы қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 57,5 пайызға өсіп, біздің облыс республика бойынша алтыншы орыннан көрінді. Өңір аумағында 387 мың 405 адам тұратын 614 ауылдық елді мекен орналасқан. Оның 357 елді мекені орталықтандырылған, 234-і орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Елді мекендерді ауыз сумен қамту бағдарламасының басты міндеті тасымалданатын су мәселесін шешу болып табылады. 2014 жылы Атбасар ауданының Новомариновка селосы мен Шұңқыркөл ауылы, Зеренді ауданының Айдарлы ауылы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл ауыз су тасымалдайтын елді мекендер санын едәуір азайтты. Соңғы жылдары құрылыс нормалары мен тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау бөліміндегі ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі ережесіне өзгерістер енгізілді. Бүгінгі таңда мемлекет су құбырлары жүйесін тұрғын үйлер учаскелерінің шекарасына дейін тартып, арнайы есептегіш аспаптарын орнатады. Екінші маңызды өзгеріс ауыз сумен қамтамасыз ететін су көзін бекітуге қатысты. Бұл мақсат үшін мемлекет көп қаржы бөлді. Қазір елді мекендер үшін жер асты суының қорын анықтау бойынша іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы бұл бағытта 77 елді мекенде жұмыс жүргізілді. Биыл 42 елді мекен мен екі жер асты су көзінде жұмыс аяқталады. Жоспарымызға келетін болсақ, Жақсы ауданындағы Белағаш ауылының су алатын ғимараты мен сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда «Атбасарводстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі су құбырлары жүйесін тұрғын үйлерге тартуда. Сондай-ақ, облыстық бюджет қаржысы есебінен Еңбекшілдер ауданының Мамай ауылында су құбырлары жүйесін қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Скважинадан ауылға дейін қашықтығы 1,35 шақырым су құбыры және 1 шақырым су тарату жүйесі тартылды.

Амангелді СМАЙЛОВ,
облыстық құрылыс басқармасының
басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар