Жігіттерде жігер мол

 

«Құрылыс материалдары зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына бес жыл толған . Аталмыш серіктестік пенопласт, пенополистерол, пескоблок, пеноблок сияқты құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын аудандағы бірегей кәсіпорын.

Осыдан бес жыл бұрын жөндеу зауытының қаңырап қалған ғимараттарын сатып алған іскер жігіттер Қайрат Құсайыновтың жетекшілігімен бірден бел буып іске кіріседі. Ғимараттардың айналасын тазартып, ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізген соң Ресейден, Қытайдан қажетті құрал-жабдықтарды сатып әкеліп, құрылыс материалдарын шығарумен айналыса бастайды. Алғашында құм, цемент әкеліп пескоблок шығарудан бастаған кәсіпорын біртіндеп өндірістерін кеңейтеді.
Құрылыс материалдарын дайындайтын зауытқа келгенімізде бізді өндіріс шебері Дәурен Құрықбаев қарсы алып, кәсіпорынның жай-күйімен таныстырды. Серіктестікте қазіргі уақытта 25 адам жұмыс істейді. Жалақылары 60-70 мың теңге. Аталмыш кәсіпорын күніне он-он бес текше метр пеноблок, бір жарым мың дана пескоблок дайындайды. Бағалары да қолжетімді. Пеноблоктың бір текше метрі 14 мың теңге көлемінде болса, бір дана пескоблоктың құны 130 теңге. Пенопласт, пенополистеролдар құрылыс фирмаларының тапсырыстары бойынша тиісті мөлшерде дайындалады. Өнімге қажетті материалдар Астана, Қарағанды қалаларынан әкелінеді.
– Жазғы уақытта құрылыс материалдарына сұраныс көп, сондықтан да, дайын өнімдеріміз өтпей қалады деп уайымдамаймыз. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін бірнеше фирмалармен алдын ала келісім-шарттар жасап, олардың айтқан мерзімінде қажетті материалдарын дайындап беріп тұрамыз, – дейді өндіріс шебері Дәурен.
Серіктестікте жұмыс істейтін Ержан Әбдірахманов, Дархан Еңсебаев, Сержан Ахметбеков, Әзіз Хасанов, Мұхаммед Аликерим сынды жігіттер өз ісінің шеберлері. Жұмыстары өздеріне ұнайды.
Биылғы жылы аталмыш кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 51 миллион 300 мың теңгенің несиесін рәсімдеген еді. Аймақтық үйлестіру кеңесі бұл жобаны мақұлдап, оң шешім шығарды. Серіктестік басшылығы жуыр арада кептіру цехын іске қосуды және өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Егер ойлағандары іске асырылса, жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істеуге мүмкіндік тумақ.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар