Кәсіпкерлік күш алып келеді

Облыстық мәслихат аппараты басшысының орынбасары Дулат Жұрымбаев, облыстық мәслихат депутаты,  аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Нартай Ысқақов және комиссия мүшелері Ғалымбек Баймышев, Игорь Николаев  Жақсы ауданында болып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жай-жапсарымен танысты.

Депутаттар негізінен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен 3 миллион теңге көлемінде шағын несие алған кәсіпорындарды аралады. Алдымен, Қарлығаш Ысқақованың  тігін цехында болған олар орта жастан әлдеқашан асқан апамыздың еңбекқорлығы мен ісмерлігіне тәнті болды. Өзінен басқа екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер әйелдің цехында тапсырыс берушінің талғамына сай түрлі бұйымдар тігіледі. Әсіресе, қазақ тойының сәнін келтірер қалта мен тойбастардың түр-түріне сұраныс жоғары көрінеді. Бұдан басқа, оның жиһаз, киім-кешек пен төсек орындар, басқа ұсақ-түйектер сататын қосымша дүкені де бар. Өз ісін отбасылық кәсіпке айналдырған Қарлығаш апа алдағы уақытта цех ауқымын кеңейтпек ниетте.
Осы орайда, жоғарыда аталып өткен бағдарламамен шағын несие алып, автокөлік жуу орталығын ашқан Людмила Журавлеваның да бастамасы құптауға тұрарлық. Төрт адамды жұмыспен қамтып отырған бұл кешенге енді бүкіл ауданның автокөліктері ағылып жатыр. Әсіресе, жауынды-шашынды келетін күз бен көктем мезгілдерінде  жұмыстың қарбаласы басталады. Тіпті, мұндай мерзімде қосымша жұмысшы алуға да тура келер кездер көп болады. Әйткенмен, Людмила шағын кәсіпкерлікті қолдау жобасының аясында берілетін 3 миллион теңгенің аздығын айтып отыр. Ол енді көлік жуу орталығының бер жағындағы дайын тұрған ғимараттан техникалық жөндеу орталығын ашайын десе, оны керек-жарақпен жабдықтап, ғимаратты лайықтауға аталған соманың жұғым болар түрі жоқ. Сондықтан, кәсіпкер шағын бизнесті қаржыландыру көлемі ұлғайтылса деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ, мұнда «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы филиалынан басқа банк филиалы жоқ көрінеді. Тұрақты комиссия мүшелері осы орайда, шағын несиелендірумен өңірде бір ғана оператор емес, бірнеше оператор айналысқанда ғана жұмыстың жүретінін айтты. Әйтпесе, ағылған кезектен арылу бізге оңайға түспейді. Осы тұста ауданда автокөлік жуу орнының да, оны техникалық жөндеу орталығының да болмағандығын атап өткен жөн. Ендеше, тыңға түрен салған келіншектің кәсібінің табысты боларына сенім мол.
Елена Есімбекованың қоғамдық моншасын аралаған депутаттар бұл нәзік жандының да жүргізіп отырған ісіне риза болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020»  бағдарламасының аясында  мемлекеттен 3 миллион теңге мен инфрақұрылымды жүргізуге тағы осындай сома алған, ол бүгінде жұмысы жүріп отырған табысты кәсіпкерлердің бірі. Аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері мұнда шамамен 200 адамдай жуынады екен.  Түскен шығынның тең жартысы су мен отын-көмірге кетсе, қалғаны қалтаға түсер таза табыс. Адам басына 450 теңгеден алып, кәсібін өрге домалатып отырған ол моншадан шаштараз және басқа да қызмет көздерін ашуды ойластырып  отыр. Бұл ғимараттың бір бөлігінде жеке сауна да бар. Айта кетейік, 20 жылдай қоғамдық моншасыз күнелткен жақсылықтардың жағдайын ескерген кәсіпкерлер аудан орталығынан үш монша салған. Әрбірі ауылдың әр қиырында орналасқандықтан, олардың бір-біріне кедергі жасап отырған түрі байқалмайды. 
Тоқсаныншы жылдардың өтпелі кезеңінде қараусыз қалған бұрынғы шұжық цехының ғимаратын екі жарым миллион теңге жұмсап ашқан Жаңа Қима ауылындағы «Таверна» дәмханасы да ауыл халқы үшін таптырмас демалыс орнына айналып отыр. Себебі, 200-300 адамдық тойханаға той-домалақта болмаса, бас сұға қоймайтын жұрт осында келіп, шағын мерекелерін атап өтеді. Кешке жастар ән тыңдап, дем алады. Серік Тоқмұрзин атты азаматтың иелігіндегі бұл дәмханада бүгінде үш адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Өзі егін, мал шаруашылығымен айналысатын ол мұнда ет пен ет өнімдерін де саудалайды. Ал, «Урожай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тәулігіне 250 тонна бидай тартуға қауқарлы кешенінен ауылдың алпыс адамы нәпақаларын айырып жүр. Айта кетейік, диірменде жыл басынан бері 34136 тонна ұн тартылды. Бір ерекшелік – бұл кешен қыруар қаражат жұмсалып салынған басқа диірмендердей қаңырап бос тұрмайды. Ол бүгінде өзін-өзі толығымен ақтап отыр десек те болады. Себебі, серіктестіктің өндірген астығы түгелдей осында жіберіледі. Міне, соның арқасында кешеннің бос тұратын кезі жоқ.
Бізді сүйсінткен тағы бір кәсіпорын – Запорожье ауылындағы «Пром Меб Центр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дер едік. Қайта өңдеу кәсібін қолдау мақсатындағы «Даму – Өндіріс» жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру бағдарламасы аясында алынған несиеге ескі ғимаратты жөндеп, өндіріске қажетті жоғары технологияларды сатып алған кәсіпорын бүгінде өз ауданының ғана емес, сондай-ақ, Атбасар және Жарқайың аудандарының нарығында да кеңінен танымал. Құрылғылардың сапалысын Германия мен Италиядан алдырған серіктестік басшысы Қожаберген Қожамұраттың қол астында қазір елді мекендегі жиырма жігіт еңбек етіп жатыр. Басшының алдағы уақытта өндіріс көлемін еселеу арқылы бұл көрсеткішті екі еселеу ойында бар. Ол өзінің табысқа жетуінің басты кілті – тұтынушылардың көңілін таба білуде деп біледі. Себебі, қажет болған жағдайда мамандар каталог пен материал түстерінің үлгілерін алып, тапсырыс берушінің үйіне де барады. Бұдан басқа, дайын өнімді сатуда ауыл халқына жеңілдік тудыру үшін олар «Хоум Кредит Банкі» акционерлік қоғамымен де келісім-шартқа отырыпты. Енді жиһаз алам деген әр запорожьелік цехтан-ақ құжаттарын  рәсімдеп, қажетті затын алып кете барады. Бұдан басқа, кәсіпкер өзі отырған ғимараттың екінші қабатын үлкен тойханаға айналдырыпты. Қазір жиһазын орналастырып, ашсам ба деген ниетте отыр. Бұдан басқа, тағы бір шағын залды жалға бермекші.
Ал, облыстық мәслихат депутаты, «Жаңа жол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Мейрамовтың қожалығында болған комиссия мүшелері одан шаруашылықтағы Германиядан әкелінген ангус тұқымдас ірі қараның жай-күйін сұрап білді. Кезінде 200 бас мал бүгінде 553-ке жетіп отыр. Депутат алдағы екі жылда оның санын 1500-ге дейін арттырмақ ниетте. Серіктестік реті келгенде, асыл тұқымды бұқаларды сатып та пайда тауып отыр. Бірден жерсініп кеткен малдың күтімі мұнда адам қолымен емес, техниканың күшімен жасалады. Төлдеген ірі қаралар небәрі үш-жеті күн ғана жылы жерде ұсталып, кейін жайылым алаңына жіберіледі.
Осы орайда, аралап шыққан шағын кәсіпорындардың барлығында дерлік мемлекеттік сатып алуларға қатысу ісінің жолға қойылмағандығына көз жеткізген тұрақты комиссия төрағасы Нартай Ысқақов есепшілерді оқытып болсын, өздері үйренсе де, бұл істі уақыт оздырмай меңгеріп алу қажеттігін алға тартты. Себебі, бұл – уақыт талабы. Бүгін аудандағы немесе ауылдағы өрісі тарлау нарықта жұмыс істегенмен, шаруа бітпейді. Оның ойынша, кез-келген кәсіпкер бүгінімен ғана өмір сүрмей, алдағы кездесетін сын-қатерлерін де ойлап, өндірген тауар, өнімінің тұтынушыларға жол тартуын ойластыруы керек. Мемлекеттік сатып алулар – осы мәселені шешудің ең оңтайлы тәсілі. Тауар таныла бастаса, оны сатып алуға ниеттілер саны да артатын болады. Сондықтан да, бүгінгі бәсекелестік заманында осыны жақсылап ойластырған дұрыс. Жалпы, он тоғыз миллионнан астам тұрғыны бар  өңірде шағын кәсіпкерлік өрісін кеңге жаюда деп айтуға толық негіз бар. Әсіресе, нәзік жандылардың өз істерін ашуға деген ынтасы зор. Комиссия мүшелері осының бәрін дұрыс үйлестіріп отырған аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысына оң баға берді.

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар