Облысымыз үздіктер қатарында

Ақмола облысы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша еліміздің аймақтары арасында ең үздіктер қатарынан көрінді. Бұл жөнінде облыс басшысы Сергей Кулагин әкімдікте өткен ағымдағы мәселелерге арналған кеңесте баяндады.

Аймақтар арасындағы биылғы жылдың 1 тамызына дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамудың  қорытындылары жөнінде жасалған мониторингте негізгі төрт көрсеткіш бо-йынша біздің облысымыз бірінші орыннан көрінген. Атап айтқанда, облысымыз өнеркәсіп саласының жалпы көлем индексі көрсеткіші бойынша көш басында тұр. Ол – 104,6 пайыз. Бүгінгі күні өңірімізде уран қоспалары мен алтын өндіру, ұн тарту, өсімдік майын шығару, пестицидтер, агрохимиялық өнімдер, құбырлар, жеңіл және жүк автокөліктеріне арналған подшипниктер өндіруде үлкен ілгерілеушілік бар. Сондай-ақ, жекелеген тауар айналымының жалпы көлем индексі бойынша да өңіріміз алдыңғы орында. Сонымен бірге, тұтыну индексі мен тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіштері бойынша  аймағымыз елімізде ең алдыңғы орыннан көрінді.
Мұндай жоғары көрсеткіштерге жетуге мынадай жайлардың себеп болғандығын атап өткен жөн: жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны, негізгі капиталға инвестиция салу көлемі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жалпы көлемі.  
– Биылғы жылдың алғашқы жеті айының көрсеткіші бойынша жақсы нәтижеге қол жеткіздік, бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды, өйткені, бірқатар аудандар кейбір көрсеткіштер бойынша жұмыс істеуі қажет, сондықтан, бұл мәселені әрдайым бақылауда ұстау керек, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс басшысы кеңесте алдағы егін жинау науқанына дайындық жайына да назар аударды. «Бұл мәселені дәл қазір ерекше назарға алу қажет. Шаруашылықтарды жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету керек, элеваторлар мен кептіргіштер және ауыл шаруашылығы техникалары толықтай дайын болуы тиіс», – деп атап көрсетті облыс басшысы.
Алдағы қысқы жылу беру маусымына дайындық жайы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Барлық әлеуметтік маңызы бар нысандар тамыз айының 25-27-іне дейін, ал жалпы жылу жүйесін дайындау 15 қыркүйектен кешіктірілмеуі қажет.
Облыс әкімі кеңесте Целиноград ауданындағы жерге қатысты туындап отырған мәселе мен Калачи селосының тұрғындарын көшіру және жаңадан салынған білім саласы нысандарын пайдалануға беру жайына да көңіл бөлді.
Кеңес соңында аймақ басшысының келесі аптадағы жұмыс кестесі және биылғы жылдың 19 тамызында жоспарланған тамыз конференциясын өткізу жайы талқыланды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар