Көше көркем, жылу мол

Облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс бабымен Көкшетау қаласында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көшелерді аралап көріп, Краснояр кентіндегі бірқатар әлеуметтік-коммуналдық нысандардың жұмысымен танысып, алдағы міндеттерді пысықтады.

  Аймақ басшысы алдымен Капцевич көшесінің бойында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған көшені жөндеу үшін 800 миллионнан астам теңге қаржы бөлінген. Осы күні құрылыс жұмыстары қызу қолға алынып, қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, жол шетін абаттандырып, ағаш отырғызу да көзделген.
«Көшенің бойында тұратын тұрғындарға жайлы болуы үшін жол шетіне ағаштарды көбірек отырғызу қажет» дей келе, облыс әкімі мердігерлерге жөндеу жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы орындауды тапсырды.
Осы күні аймақ басшысы Краснояр кентін жылумен қамтамасыз ету мақсатында салынған блокты-модульді жаңа қазандықты іске қосты. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған  қазандық қазіргі заманғы технология бойынша салынған.  Түтін шығатын екі мұржа, 3 сумен жылытатын, 3 су жылытқыш қазандық, жылу желісі, көмір және дизельді электростанция орнатылыпты. Нысанның құрылысы 900 миллион-
нан астам теңгені құрап отыр.
Қазандықты іске қосу алдағы жылу беру маусымы кезінде 23 көппәтерлі тұрғын үйді, 12 заңды, 6 әлеуметтік-мәдени нысанды жəне 2,5 мың абонентті жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Пайдалануға берілген жылыту агрегатының ескілерден айырмашылығы – оның автоматты түрде басқарылуында болып отыр. Салтанатты шарада аймақ басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған игі істердің одан әрі жүзеге асырыла беретінін айтып өтті.
Краснояр кентінде 32 пәтерлі үш тұрғын үй қалпына келтірілуде. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қызу қолға алынған. Аталған үйлердің әр-біреуі 8 бір пәтерлі, 16 екі пәтерлі және 8 бір жарым пәтерлі болып келеді. Мұндағы бір үйдің құрылысы 70 миллион теңгені құрап отыр. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тәсілі коммуналдық жекеменшік нысанды кейін сатып алатындай жалға беру  болып  табылады. Қазіргі кезде осы бағытта қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен инвесторлар арасында келісім-шарт жасалынды. Бұл үйлердің үшеуі де жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Пәтерлер үй кезегінде тұрғандарға, жас және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетін болады.
Осы орайда, аймақ басшысы қала әкімінің ұйытқы болуымен қолға алынған аталған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына қолдау көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ, мердігерлерге жөндеу жұмыстарын сапалы әрі кестеге сай жүргізуді тапсырды.
Облыс басшысы мемлекеттiк-жекеменшік серiктестiк аясында күрделі жөндеу жүргізілген «Мансұр» балабақшасы ғимаратын да аралап көрді. Балабақша меңгерушісі Әсемгүл Өтебаеваның айтуына қарағанда, қазір мұнда 110 бала тәрбиеленуде. Олардың барлығы ыстық тамақпен қамтылған. Ғимарат іші қажетті құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар, балабақша ғимаратының алаңы абаттандырылып, балаларға лайықты ойын алаңдары салынып, қолайлы жағдай жасалған.
Кентте біршама оң өзгерістердің, жақсы істердің қолға алынғаны байқалады. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы жөнделмей, тозығы жеткен орталық алаңнан бастау алған көркейту жұмыстары. Қазіргі кезде алаң аумағына түгелдей асфальт төселіп, гүлзарлар орналастырылды. Оған 16 мың гүл отырғызылды. Сондай-ақ, субұрқақ қалпына келтірілді. Биіктігі 11 метр алты бағанға жарық қойылды. Осы орайда, облыс әкімі селоның барлық мәдени, саяси іс-шаралары  орталық алаңда өткізілетіндіктен, ол барынша эстетикалық талғамға сай болуы тиіс деп атап өтті. Осы жерде облыс әкімі село жастарымен кездесіп, елді мекенді көркейту бағытында қолға алынып жатқан игі шаралар туралы сұрап білді.
Осы күні облыс әкімі «Көкше» мәдениет үйі мен «АгротрейдКөкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көкөніс отырғызған алқаптарын аралап көрді. Шаруашылық биыл 50 гектар алқапқа сәбіз, 350 гектарға картоп отырғызған.  Оған қоса, 100 бас ірі қара, 100 қой-ешкі және 100 жылқы ұстайды. Жалпы, шаруашылық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өндеу және сатумен айналысады. Серіктестік жұмысына он бағасын берген аймақ басшысы облыс орталығын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету басты мәселе екенін айта келе, осы бағытта қолға алынған жұмыстарды одан әрі ширатуды тапсырды.

Аслан ОСПАНОВ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар