Курортты аймақ қонақ күтуге дайын

Бурабай кентіндегі «Әлем» қонақ үйінің мәжіліс залында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының кезекті отырысы болып өтті. Оны облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов ашып, жүргізді.

Мәжіліс басталмас бұрын осы шараға қатысушы  Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары, Астана қаласынан келген меймандар Бурабай өңіріндегі шипажайлар, қонақ үйлер, музейлер мен Абылай хан алаңы сияқты тарихи орындарды көріп танысты. Келесі жылы болатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келетін туристердің бір легін курортты өңірге тарту, оларды күту бағытында жасалып жатқан дайындықтар жайында, Бурабай аймағының тарихы мен болашақтағы жоспарлары туралы Шынарбек Батырханов жан-жақты әңгімелеп берді.
Шараға Щучинск-Бурабай курортты аймағында қызмет етіп жатқан отызға жуық демалыс орындарының өкілдері қатысты. Мәжілісте «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің билеттерін сату жайы талқыланды. Биылғы жылдың маусым айынан бастап көрмеге келушілерге онлайн режимде билет сату басталған болатын. Туристік компанияларға билет алу үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, 50 мыңнан астам билет алушы ірі туристік компаниялар болса, оларға билет 45 пайыз жеңілдікпен беріледі. Сондай-ақ, билеттерді алдын ала алып, орналасатын қонақ үйлер нөмірлерін белгілеп алатын туристер үшін де жақсы жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жөнінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының менеджері Даниел Сержанұлы өз баяндамасында егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар, ол «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде туристерге ұсынылатын шаралардың электрондық нұсқасын бейнебаян арқылы көрсетті. Жалпы, көрменің қандай болатыны, туристерді күтіп алудан бастап, шығарып салуға дейінгі барлық шараның қалай өтетіні жайында жан-жақты толық қамтылған бейнебаянға назар салсақ, халықаралық көрменің жоғары деңгейде өтетінін бағамдауға болады.
Облыстық туризм басқармасы басшысының айтуынша, Бурабайға келетін 500 мың адамның 100 мыңын Астана қаласында өтетін
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне апару жоспарлануда. Ал, «Бурабай даму» акционерлік қоғамының маркетинг және туризм бөлімінің  жетекшісі Әсел Зағыпарова көрмеге келуші туристерге арналған бағдарламасымен таныс-тырып, меймандарға жоғары деңгейде жағдай жасалатынын мәлімдеді.
Мәжіліс соңында оған қатысқан 50-ге жуық туристік фирмалар мен демалыс орындары өзара келісім-шартқа қол қойып, алдағы болатын көрмеге дайындықтарын пысықтады.

Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар